Руханият • 12 Қазан, 2018

Туған жердің тағылымы түлеткен Серік Негимовпен сыр-сұхбат

1082 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Бұл күнде жеті белестің қазыналы тағында, жемістің бағын­да мерейленген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Әлеуметтік ғылымдар академия­сының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Негимов туралы пайымдағанда ең алдымен бұл кісінің еңбекқорлық, ізденімпаздық, ересен білімдарлық, әңгімешіл, қашанда халық ортасынан табылар қарапайымдық қасиеттері көзге түседі дер едік. Бұлар бір жағынан, жас кезінде Секеңнің өзі ұстаз тұтқан, тағылымын алып, тәрбиесін көрген Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Мәлік Ғабдуллин, Рахманқұл Бердібаев, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішұлы сынды абыздардан жұғысты болғандығына сөз жоқ. Құнарлы да қордалы шығармашылық жолда ғалымның төрт жүзден аса ғылыми, әдеби-сын мақалалар мен рецензиялар жариялауы соның айғағы. Оның сыртында «Өлең өрімі», «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика», «Мәлік Ғабдуллин», «Қазақтың сал-серілері», «Әдебиет әлемі», «Қазақ өлеңдерінің көркемдігі» сынды күрделі де кесек зерттеу еңбектер авторының ақсақал жасында айтар ғибраты аз емес. 

Туған жердің тағылымы түлеткен Серік Негимовпен сыр-сұхбат

– Құрметті Серік Нығ­метол­ла­­ұлы, адам баласы үшін­ дү­ние есігін ашқан елі мен­ жері қымбат. Өйткені, кө­­зіңді ашып көргенің, тұр­мыс-тіршілікке қатысты тәжі­рибелерінен естігенің, ойға, кө­ңілге түйгендерің, жа­дыңда сақталған адамдық, тазалық, дұрыс­тық жолына түс­кенің – баршасы осы бір таби­ғат аясында, осы бір ата-ана сая­­сында, осы бір ортада бүр жарып, бүр­шік атып, өсіп-жетіліп, қанат жа­­йып, мысқалдап қа­лыптасатыны анық. 

– Дұрыс айтасың. Менің де атамекенім жер құты, ел бесігі мен несібі деуге лайық, жері пүліштей, суы күмістей, желі жібектей, аспаны атластай Сілеті өзенінің бойы. Көне көздердің айтуынша, тарихи атауы Ұялы. Себебі өзеннің екі қапталындағы талдар көкке бойлап, айқасып-құшақтасып өскендіктен әрі оған сансыз құстар ұя салып, балапандарын ұшырғандықтан ел Ұялы атап кеткен. Әулие түнеп, нар шөккен, білгірлер мен жақсы-жайсаңдар шыққан өлке. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында елдің ақсақалдары Қажымұқан балуан, Естай әнші, ақын Исаның келіп, өнер көрсеткенін және олардың қасында дін ғұламасы Сәдуақас Ғылманидан дәріс алған, қасиет қонған, әнші, домбырашы Назар атаның (1895-1968) Сілеті жұртын қызықты думанымен шаттандырғанын айтып отыратын.

Ойын баласы болсақ та, үлкен­дер­дің әңгімелерінің ұшқын­дары есте. Әсі­ресе Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғ­жановтың қарым-қатынасы, Сәкен Сейфуллиннің аяулы достары Қаскей мен Әлкей Өтекиндер жайында, сондай-ақ Көкеш (Гүлнәр) тәтеміздің серіге көңіл білдіргені, жүз жасаған Мән дейтін жылқышының ұза­тып салғаны хақында, ең бір кереметі, Сәкеннің автомобилін қалайша қызықтағандықтарын тамсанып айтушы еді олар.

– Ойпырмай, ауыл ақсақал­да­ры­ның әңгімесін зердеге құ­йып өстік де­сеңіз­ші!.. 

– Ол кездегі ақсақалдар солай ғой. Бәрін қоғамдап, қамқорлап жүреді... 1956-1957 жылдары колхоз орталығына жақындау үшін Қарасуға қоныс аударды. Ескі ауылдан 2,5 шақырымдай. Одан арғыда Сәкен серінің әкесі Нұрмақ салдырған мектепте оқыдым. Ақтүтек боранда ауылдың абыройлы ақсақалы, аяулы қамқор Әутәліп ата жол­да мені күтіп алып, үйіне қон­дыратын-ды. Үпір-шүпір бір топ балаға өзі бас-көз боп көже құйып беріп, тыңқитып той­дыратын-ды. Әкем соғым сойғанда мү­ше-мүшесімен қара астауға сыба­ға­сын салып, Құлагерді жегіп, ақсақалдың үйі­не салтанаттап шығарып салушы еді. Қа­рия мейірленіп ақ батасын беруші еді. Қайы­рымды қарияның әулеті де қара ор­манға айналды. Ұлы Мұхтар қайраткер ұс­таз атанды. Ширек ғасыр мектеп директоры қызметінде болды. Жарты ғасыр ұстаздық етті. Өлкетану музейін ұйым­дастырды. Қазір сексеннің сеңгіріне шық­қан ел серкесі.

Ауылдағы алтын балақ үйі­рін­дей жақ­сы-жайсаңдар айтулы дастандардың, эпос­тардың, ертегі-аңыздардың әңгімесін жырдай ғып айтатын еді және де Шәкәрім шежіресін көрсетпей жасырып оқитын. Қожа атамның ұрпағы, өне бойы өнеге Жаббар (1917-1992) «Капиталдың» маз­мұ­нын өзінше түсіндіретін. Дой­бы ойнау дәстүрін айтар болсам, өз басым бастауыш сыныптарда уақытым дойбышылармен сайысумен өтті.

Көкшетау, Қызылжар, Омбы, Кере­ку, Ақмола өңірінде емші­лік атағы жа­йылған, Кәрібай болыстың баласы ауы­рып, Пе­­тер­бор дәрігері анықтай алма­ған соң, оны уа дертінен сауық­тырған Қа­пар бақсы Мәні­байұлы, оның немере інісі на­ғашым Омархан бақсы тістің қан­құртын ешкі майымен топырлатып түсі­ретін. Сақып әжем, ертегіші Қабыл атам, кіндік шешем Мариям, көзі мір оғын­дай дейтін Сәлия кемпір – бәрі де асыл жандар-ды. Мемлекеттік тұлға Әб­дірашит Шалабаев, Қазақ телевизия­сы тарихындағы жарқын бейне Совет Масғұтов, менің әкемнің бауырындай бол­ған, ел еркелетіп «Ақыжан» дейтін КСРО спорт шебері, жаттықтырушы, Республикалық «Қайрат» спорт қоғамын басқар­­ған Ахметжан Қазымбетов және Қабыкен Шыңғысов, Зейнол­ла Кәрім­жанов, Зая Хасенов, Қана­пия Исақаев, т.с.с. ұстазда­рымның дәріс беру шеберлігі қия­­лым­да тізіледі-ау...

– Әдебиетке құштарлығы­ңыз да алтын бесік ауылда оян­ған шығар-ау?..

– Негізінен, ауыл баласы жа­пырақтай ша­ғынан ыстықты да, суықты да, аш құрсақ, жа­мау-жыртық киіммен жүрсе де үндеместен өз халінше еңбек­теніп-бейнеттеніп күн кешті. Құ­­рық ұстап, жақсы-жаманның айыр­масын, оқу мен білімнің мәнін түсінді. Сондықтан ба­ екен, әлде жақсы орта ма екен, әлде жалынды жігерінен бе­ екен, бұл ағаңның көркем әде­биет­ке құмарлығы 1962-1969 жылдарда, әсіресе Шәкір Әбеновтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Кейпін батыр», «Таңшебер-Жапал» дастандары мен «Жұлдыз» журналындағы Омар Хаямның рубайларын оқығанда оянды. 

Осындай іңкәрліктің арқа­сын­да 9-сыныпта оқып жүргенде қазақ ақындарының өлеңдерін мүмкіндігімше (мысалы, жыл­дың төрт мезгіліне байланыс­ты) тиянақты түрде ойымда, қия­лымда пісіріп, ізінше өзім де өлең құрастырып, қиыстырып отыратынмын. 98 бет өлең жазылған дәптерімді өзім мүлде естен шығарып, сыныптасым Дүйсен Кәкімов 2015 жылы дүниеден озарда осыны Серіктің қолына тигіз деп аманаттапты да, тағы бір дәптер жазбалары бар еді депті. Бұл дәптер қолыма тиген соң, жазуымды, сауатымды қызықтап, сөз саптауымды оқып көрсем, 1965 жылдың қаң­тарынан бастап толтырылған. Әр­бір өлеңнің аяғына ай, күні қойылып отырған. Ең ғажабы, сол дәптерде: «Әдебиет пен өнер инс­титуты» деп жазылғаны. КазГУ-ді бітірген соң, менің осы институтта ғылымдағы жолым басталды. Қалайша бұл институт атауы ойға оралған әрі ауыл баласының сол аяулы арманы орындалған десеңізші!

– Сәке, ендеше ауыл тура­лы ойла­рыңызды өрбіте түсі­ңізші?..

– Ауыл, негізінен, бір атадан тара­ған ұрпақтардың яки ағайындардың қа­уымдастығы. Сондықтан да бірлік те, та­тулық та, тәрбие де бар, тағылым-тә­жі­ри­бесі, шарапаты мол, сө­зі­ өтімді, әді­летті, аузы дуалы қазына қария да бар. Олар көк­өрім жеткіншектерді есті­лікке, тиянақтылыққа, ұқыптылыққа, ізет­тілікке, еңбеккерлікке үйрете­ді, тың­­­датады, ұғымталдыққа бау­лиды, өзі де берекелі іс-әре­кетке араласады, ба­лауса бал­ғындарды да көшелілікпен ын­­тықтырып, шаруаға араластырады, көз­ге көрсетіп, қолға ұстатып, бақылап істет­тіреді. Мал бақса да, шөп шапса да, өзенге барса да, құсбегілікпен, аңшы­лықпен шұғылданса да, ат жексе де жә­не т.с.с. жанына ертеді, көзін қа­­­нық­тырады, шынықтырады, тіршілікпен жұғыс­тырады. 

Міне, осы ауыл тағдыры алаң­да­тады. Мысалы, жетпіс жыл­дың ішінде өзім көрген, туып-өскен Ақтөбе, Қара­су, Қаражар, Бәлшебек, Жалтыр, Сұлу­көл, Бірлік, Жуантөбе, сонымен қатар қойшылардың қыстау-қоралары, қа­зір жоқ. Кең дала босап қалғандай. «Хал­қыңды даласымен сақтасын, еліңді данасымен сақтасын!» дейтін құдіретті бата-тілек сөз бағасынан айырылып бара жат­қандай.

– Енді сол ауылда жүріп аң­са­рыңыз Алматыға ауған шақ­ты еске түсірсек?

– 1966 жыл. 19 шілде. Түн ортасын­да Целиноградтан Алматыға ұшып кел­дім. Таңғы 7-лерде әуежай алдында Әди Шәріпов «А, Сәкен» деген даусы саң­қылдап, топ жазушылардың ортасында арыстандай боп тұр екен. Бұл да жақсы­лықтың хабаршысындай екен-ау!

КазГУ-дің филология фа­куль­тетінің сырт­қы бөліміне қа­был­данып, 1966 жыл­ы қыр­күйектің 2-11-і күндерінде Мә­лік Ғабдуллин, Кәкен Аханов, Хан­ғали Сүйін­шәлиев лекция оқыды. Батыр Мәлік­тің адам­шылығы, Ахановтың жан-тә­німен, буырқанған жігермен сөй­леуі, Сүйіншәлиевтің сен­дердің орта­ларыңда ғылым­ның қайраткерлері бар дегені тіптен қанаттандырды. Ол кезде КазГУ-дің кітапханасы сырттан білім ала­тындарға кітаптар беретін. Мен грек, рим, шетел әдебиеті бойынша онша түсінбесем де, артынып-тартынып ауылыма оралып, жұмысшы боп істедім. Түні бойы әкелген кітаптарды оқимын. 

1967 жылдың 2-11 қаңтар күндерінде сессияда болғанда, КазГУ-дің акт залында ұлы жазушы Сәбит Мұқановпен ғажап бір сұхбат кеші өтті. Әңгімешілдігі, қызықтырып сөйлейтіндігі, орасан мол әдеби деректерді көл-көсір көсіп-көсіп келтіретіндігі, мысалы, Шоқан Уәли­ханов жайлы «Аққан жұлдыз» романының жазылу тарихына айрықша мән бергендігі, аудиторияны жалық­тырмайтыны, бұған қоса 16 томдығының жайы, енді «Госпланның терлейтіндігі» айтылды. 

1968 жылдың қаңтарында КазГУ-дің оқу бөлімінің бас­тығы, отставкадағы полковник Иван Ефимович Щербактың жәр­де­мімен күндізгі бөлімге ауысып, ақпанда семестр басталды. 2-курс­тың «А» тобына келгенде, бұл күнде ака­демик Уәлихан Қалижанов, профес­сор Фаузия Оразбаева, Қазақ радио­сының қайраткерлері марқұмдар Мах­мет Түменбаев, Үмітжан Балтаева және Қымбат Тасжанова, «Қа­рахан» журна­лының редакторы Сатыпалды Досым­бековтер өре түрегеліп қарсы алғаны, мұның ішінде Уәлихан менің үстімдегі зілдей пальтоның орнына өзінің жеңіл шекпенін кигізгені ұмытылар ма! Тез тіл табысып, шүйіркелесіп кеттік.

– Сөйтіп, ауыл баласы Ал­ма­­­тыда ғылымдағы жолын бас­таған екен ғой...

– Бірде дүңгіршектен 1968 жылдың басында ғана шыққан «Вечерняя Алма-Ата» газетін алып қарасам, Қазақстан Ғылым академиясының жалпы сессиясы өтетіні хабарланыпты. Шу дегенде Әлкей Марғұланды көріп қалайыншы деп оқталдым. Ертеректеу келдім. Тұлғалы, ірі, хас жақсының өзі Марғұланды көр­дім. Әлекең Олжас Сүлей­менов­тің қолы­нан ұстап, бақай­шағынан бастап басына дейін көзімен сүзіп, тексеріп, сүйсініп, күлімсіреп тұр екен.

Ұстазым Тұрсынбек Кәкіш­ұлы айтатын: «Салтанатты мәс­­­ли­­­хаттардан, съездерден, кон­фе­рен­циялардан қалмаңдар, сө­зін ұқпасаңдар да, түр-тұл­ғасын көре­сіңдер» дейтін. Осы ақылдың шарапаты болу керек, студенттік жылдарда КазГУ мен Ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы, атап айтқанда, Әуелбек Қоңыратбаевтың, Зей­нолла Қабдоловтың, Тұрсын­бек Кәкішұлының доктор­лық­ диссертациялар қорғаға­ны­на қатысып, академиктер Әл­кей Марғұланның, Ісмет Кеңес­баевтың, Зәки Ахметов­тің оппонент ретінде қалай сөйлегеніне қанықтым. Сондай-ақ ұлт руханияты қайраткерлерінің (Сәбит Мұқанов, Елубай Өмір­зақов, Бауыржан Момышұлы) мерейтойларына куәгер болдым.

1972 жылдың басында М.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер инсти­тутының Жам­был­тану бөліміне аға лаборант болып қабылдандым. Дәл осы кезде Академия ұлы жыраудың 125 жылдық мерекесіне орай дайындыққа жұмыла кірісті. Ұйым­дастыру комитетінде Мәлік Ғабдуллин, Мырзабек Дүйсенов, Көбей Сейдаханов, Мардан Байділдаевтармен қа­тар, мен де көмекші болғаным бар. Академия қабырғасында зиялылық, мәдениеттілік, рухани сұлулық салтанат құрған, ғылым биігіне құлшынғандарға жағдай жасалған, қарым-қатынас сы­пайы­лыққа негізделген-ді.

– Біздің студент кезіміз, Жам­был тойының дүрілдеп өт­­кен дабысы менің де есімде.

– 1972 жылдың маусым айының 6-8-і күндерінде ІІ Рес­публикалық айтыс ұйым­дас­тырылып, суырыпсалма ақындар Көкен Шәкеев пен Әбікен Сары­баев, Манап Көкенов пен Әсімхан Қосбасаров, Қалихан Алтынбаев пен Сағынғали Мұқа­нов, Құлжабай Төлеуов пен Бақытжамал Оспанова, Қима­диден Нұғыманов пен Сара Тоқ­тарбаева, Тынышбай Рахимов пен Шолпан Қыдырниязова, Мұса Асайынов пен Бикен Сембаева, Көшеней Рүстембеков пен Бәтима Батырбекова, Жүнісбек Жолдинов пен Молдабай Жолдыбаев сөз сайы­­сында жарқырап көрінді. Жал­пы айтқанда, бұл салтанатта рес­­публи­камыздың шартарабынан 70-тей импро­визатормен қа­тар, жыршылар, күйші­лер, термешілер, сыбызғышылар, халық әншілері өнер көрсетті. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсі­репов тебіреніп отырды. Ала­тау аспанын ән-жырдың сұлу үні тер­беп, халықтың рухы, жаны жаң­ғырды.

Бір айта кетер жайт, айтыстың мә­тін­дерін магнитофон лентасынан хат­қа түсіріп, 1975 жылы «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» дейтін жинақты құ­рас­тырып жарияладық. Және бұған Қазақ КСР ҒА Жалпы жи­­налысы сес­сиясының материалдары енгізілді. Мен академик Мұқамеджан Қаратаевтың «Жамбыл – халық поэзиясының алыбы» дейтін отыз беттік баяндамасын қазақ­шаладым. Мұқаң рахметін айтты.

Институт қызметкері, ха­лық­ мұра­сының жанашыры­ Мар­дан аға Байділдаев өз шаңы­рағында Сәбит Мұқанов, Әб­ділда Тәжібаев, күйші Төлеген Момбеков, Нұр­­пейіс Байғаниннің баласы Мо­мын, Көшеней Рүстембеков, Рахман­құл Бердібаев, Мырзабек Дүйсенов сияқты сөз зергерлері мен өнер шеберлерінің басын қосты. Әрине бұл да ұлы жырау Жамбыл рухының шапағаты-тын. Сәбең көңілденіп «Екі жирен» әнін толқыта айтты, дастар­қан басындағыларға, жүгіріп қызмет еткендерге мырза пейілі­мен ет асатты. Осы бір сурет көңі­лімнің айнасында сәуле шашып тұрғандай сезіледі. 

– Ғылыми орта ә дегеннен терең тағ­лы­мымен өзіңізді бау­рап алыпты ғой. 

– Жақсы әңгіме, жақсы ниет, мәде­ниет, ғылымның кие­сін тү­сіну, адал ең­бектену – Акаде­мияның ұраны іспетті. «Құмырсқа да қырық шақырым жерге бара алады», «Құнттыға құт үйірілер» дегендей, ауыл қариясының ата­лы сөзі есіме түсіп, өзімді өзім қамшыладым, қайрадым, жіге­рімді жасытпадым... Иә, 1974 жылдың 2 қаңтарында институт директоры Әди Шәріпов кі­ші ғылы­ми қызметкер мін­детіне бұйрық шығарып, Ғы­лыми Кеңестің мәжілісінде «Қа­­зақ өлеңінің ырғағы» деген баяндамамды тыңдады. Ака­­демик В.Жирмунскийдің, Б.Эйхан­баумның, Л.Тимофеев­тің, Ю.Лот­ман­ның өлең теориясына­ қатысты зерт­теулерін конс­пек­тілеп, олардың өлеңнің құры­лымын қалайша көрсетудегі тә­сіл­дерін қолдандым. Сонда Мәлік Ғабдуллиннің ұстазы, фольклортанушы Нина Сергеевна Смирнова: «Ох, интересно!» деп отырғаны менің де ғылымға ықы­ласымды оятты. 

Академия қабырғасында за­ман­мен аяғын тең басқан, ғы­лымның қия шы­ңына шыққан білімпаздар Әлкей Марғұлан, Орынбек Жәутіков, Темірбай Дарханбаевтар адамшылық, ғылы­ми шығармашылық жолымдағы қам­қор ақылшыларым болды. 1975 жылы әл-Фарабидің 1100 жылдығы тойланғанда КСРО ҒА Шығыстану институтының директоры, академик Б.Гафуров, «Әл-Фара­бидің отырарлық екен­дігінде дау жоқ» дегенде залдағы жұрт дүр сілкінді. Ұлттың да, ғы­лымның да мерейі асты.

1981 жылы қазан айында Ғылым академиясында Қазақ­станның Ресейге қосылуының 250 жылдығы аталып өткен-ді. Бас ғимаратқа топ-тобымен беттеген зиялылардың ішінде мен де келе жатқанмын. Алдымызда Қазақ КСР Министерлер Кеңесінің төр­ағасы Бәйкен Әшімов пен КСРО ҒА президенті, 3 мәрте Со­циа­листік Еңбек Ері 78 жаста­ғы А.Александров сөйлесіп, есік­­­тің табал­дырығынан аттамай­ кілт тоқтап, бір-бі­ріне жол бері­сіп тұрды. Сонда академик А.Александров Б.Әшімовті тік көте­ріп, табалдырықтың ар­ғы жағына дік еткізді. Міне, кісі­лік пен мәдениет. Ғылыми сес­сияда академик, археолог А.Окладников Абылай ханға ескерткіш қою керектігін қадап айтты. Сессияны басқарған академик А.Александров ауди­торияның көңіл күйін, ықы­лас-зейінін, нені қалайтынын жіті аңғарады екен. Кейбір мезетте вице-президент Евгений Петрович Велиховке: «Этот сократите, это не нужно» деп отырды. Ол сөйлеу мәдениетіне айрықша мән бере­ді екен. Әр нәрсеге бір себеп дегендей, мүмкін, осындай қисынды жақсы әсерлер менің де көзқарасыма, ойлауға, сөйлеуге ма­шықтануға жол, бағыт, жөн көрсеткен болар. 

1995 жылы Пәкістанның астанасы Исламабадта «Әдебиет, мәдениет және демократия» дейтін тақырып аясында дүние­жүзілік форумда Беназир Бхутто мен Расул Ғамзатовтың шешен­дігін тағлимат мектебіндей қа­был­дадым.

Жоғары оқу орнында лекция оқу, негізінде, өте күрделі үдеріс. Аудитория деге­нің от. Студент кезімде Тұрсынбек Кә­кіш­­ұлының «қан сорпам шы­ғып лекция оқыдым» дегені есім­де. 5-курста жүргенімде 2-курс­қа лекция оқытқаны бар.

– Кандидаттық диссерта­цияңызды қай жылы қорға­дыңыз? 

– 1978 жылы «Қазақ өлеңінің әуезді­лік ерекшеліктері» дейтін тақырыпта кан­дидаттық диссертация қорғадым. Жетек­ші ұйым ретінде КазГУ тағайындалды. Қоры­тынды пікірге қазақ әдебиеті ка­фе­дра­сының меңгерушісі академик Зей­нолла Қабдолов қол қойып отырып:

– Сен «Қазақ өлеңінің құры­лысы» бойынша лекция оқы. Бі­рақ Сәбит Мұ­қанов сияқ­ты бір-ақ ретте барлығын төгі­лтіп-құйыл­тып айтып кетіп жүрме, – деді.

1980-1981 жылы оқу жылында ЖенПИ-дің филология факультетінің 5-курс студент­теріне «Әдебиет теория­сы» пәні бойынша лекция оқып, тер­мин­дік ұғым-атаулар табиғатын те­реңірек түсіндім. 1975 жылы ака­демик Зәки Ахметовтың жетек­­шілігімен әде­биеттану тер­­миндерінің сөздігін жасау­ға қатыстым және Қазақ КСР Ми­­нистрлер Кеңесі жанындағы мем­лекеттің терминологиялық комиссияда қызуқандылықпен тал­қыланғанының куәсі болға­ным бар. Мұның да теориялық біліміңді көтеруге пайдасы ұшан-теңіз. 

1981-1986 жылдарда Инс­­ти­тут директоры Мүсілім Базар­баев айы­на бір рет М.Әуезов му­зей-үйінде Әдеби бей­сенбілік ұйым­­дастырды. Хат­шылықты маған тапсырды. Бейсенбілік басшысы Рах­манқұл Бердібаймен мұрат­тас әрі тонның ішкі бауындай жа­қын болғандықтан, осы шараны ұйым­дастыруға аса ыждағаттылықпен қа­тыстым. Сәбеңшілеп айтқанда, осындай өмір мектептерден өтуім ме­нің ғылымдағы да, өмірдегі де бағымды ашты деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, 

«Егемен Қазақстан»