Қазақстан • 12 Қазан, 2018

Рымғали Нұрғалидің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімдігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ұйым­дас­тыруымен аса көрнекті әде­биеттанушы ғалым, ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік сыйлығының иегері Рым­ғали Нұрғалидің құрметіне өзі тұрған үйге орнатылған ескерт­кіш-тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Шараға Астана қа­ласы әкімдігінің өкілдері, Еуразия ұлттық университетінің бас­шылығы, ұстаздар ұжымы, студенттер, ғалымның көзін көрген қоғам қайраткерлері, шәкірттері қатысты.

Рымғали Нұрғалидің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

Жиын барысында Рымғали Нұрғали­дің рухани інісі, ақын, С.Сейфуллин музейінің директоры Несіпбек Айтұлы інілік ілтипатын білдіріп, ғалымның ғибратты ғұмыры жайлы естелігімен бөлісіп, ұстаздық болмысынан бөлек, ағалық қамқорлығының биік екенін жеткізді.

«Рымғали ағаның үйіндегі сырмаққа аунап өскен бауырларының бірі менмін. Ол кісі өткен ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басындағы қа­зақ әдебиетінің үлкен тұлғасы. Оның­ кітаптары, әсіресе драматургия жө­нін­дегі еңбектері, әдеби сында­ры, басқа да шығармалары қазақ әде­биетінде, жоғары оқу орындарының оқулықтарында ел барда, жұрт барда оқытыла береді, жүре береді деп ойлаймын. Біз ағаның тәрбиесін көп көрдік. Ағаның жетекшілігінде қаншама докторлар осы әдебиет саласында еңбек етіп жүр. Ол кісі қазіргі Шығыс Қазақстан облысының  Абыралы ауданы, Қайнар ауылында туған. Бірақ мектепті Шұбартау ауданы, Баршатас ауылында бітірген. Мұхтар Мағауин, Төлек Тілеуханов барлығы бір мектептің түлектері. Мен де сол оқу ордасында оқығаныма мақтанамын. Сондықтан біз ағаның тәрбиесін көп көрдік. Ол кісі өте сұңғыла адам еді, терең адам еді. Інілеріне қамқор бола білді. Әсіресе, ұлт тағдырына, ел тағдырына қатысты мәселе туындаса, алдыңғы шепте жүретін жа­уынгер сияқты еді. Рымғали аға ғылым мен білім жолында табаны таймай өткен тарландардың бірі. Ол кісінің ерен еңбегі елдің санасында сақталып, жадында жатталып тұратынына мен сенімдімін. Бүгінгі қойылып жатқан тақта ағаның атын ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтын алтын көпір болып, оның азаматтық тұлғасын асқақтатып тұратын белгі болмақ», деді Н.Айтұлы. 

Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы ғалымға ар­налған шарапатты шараның тағылымы мен тәлімі мол оқиға екенін алға тартып, ескерткіш тақта сәндік үшін орнатылмайтынын тілге тиек етті. 

«Рымғали аға талантты жастарды таба білді, тани білді. Оларды өсі­ріп, ғылым жолында табанды болуға тәр­­биеледі. Еңбекке енді араласып, ғылым жолындағы бағытымыздың қалыптасу кезеңінде ол кісінің қасында жүргенімізге өзімізді бақытты санаймыз. Аға Астанаға алғашқылардың бірі болып қоныс аударды. Әрине  Алматыда жылы ауа райы, таудың баурайында жайлы өмір сүре беруіне болатын еді. Бірақ ол кісі жайлылықты іздеген жоқ. Керісінше, қай жерде қиыншылық бар, қай жерде күрес бар соны шешу жолдарын қарастырды. Ол кісінің бойынан Алаш қайраткерлерінің қасиеті көрініп тұратын. Астананың қазақы қала болып қалыптасуына үлкен үлес қосып, рухани өміріне тың серпін берді», деді Ерлан Сыдықов.

Салтанатты жиынға қатысқан Ас­тана қаласы әкімінің орынбаса­ры Ермек Аманшаев Рымғали Нұрға­ли­дің ғылымды сүйетін, білімді, білік­ті жастардың шоғырын тәрбиелеп шығарғанын, қазіргі уақытта оның тәрбиесін көрген тәлімгерлері дүниенің әр түкпірінде елеулі еңбек етіп жатқан­дарын тілге тиек етті.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»