Ақтөбе • 12 Қазан, 2018

Ақтөбеде мұз сарайы пайдалануға берілді

613 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында мұз сарайы салынып, пайдалануға берілді. Оның жалпы құны – 3,7 миллиард теңге. Мұндағы басты инвестор әлемнің отыздан астам елінде мұз сарайын салып, мол тәжірибе жинақтаған словакиялық компания болып отыр. 

Ақтөбеде мұз сарайы пайдалануға берілді

Ақтөбедегі келісті кешен – олардың Қазақстандағы алғашқы жобасы. Аталған арена әлемдік стандарттар мен технологияларға толықтай сәйкес келеді. Сондықтан мұз сарайында әлем чемпионат­тарын өткізуге де әбден бола­ды. Словакиялық инвес­торлардың тағы бір артық­шылығы құрылысқа қажетті құралдарды өзде­рі өндіріп, өздері шығаратынында. Кешенге орнатылған жаб­дық­тар мұз температурасын қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Мұз алаңы негізінен хоккейден жарыстар өткізуге арналғанымен, мұнда сонымен бірге мәнерлеп сырғанау секілді мұз үстінде ойналатын спорттың барлық түрін әрі әртүрлі ойын-сауық шараларын өткізуге толық жағ­дай бар. 3000-ға жуық көрерменге арналған келісті спорт кешенінің жалпы аумағы 8500 шаршы метр. Сондай-ақ оның құрамына мәжіліс пен жаттығу залдары, кеңселер, спорт тауарлары дүкені мен қоғамдық тамақтандыру жүйесі кіреді. 

Мұз спорт сарайының есігі тек кәсіби спортшылар үшін ғана емес, сонымен бірге әуесқойлар және хоккеймен жаппай айналысушыларға да айқара ашық. Аталған кешеннің іске қосылуына байланысты тағы бір айта кетерлік мәселе, осы арқылы ақтөбеліктер Қазақстанның жастар хоккей лигасына қатысуға мүмкіндік алып отыр. Бұған жаңадан құрылған «Ақтөбе» хоккей командасы берік негіз қалайды. Осы мақсатта Қазақстанның үш дүркін чемпионы, бұған дейін «Ертіс» хоккей командасын жаттықтырып келген  Юлиус Пензес шақырылған. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ