Парламент • 15 Қазан, 2018

Оңтайландырамыз деп ормандарды құртып алмайық

1007 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Оңтайландырамыз деп ормандарды құртып алмайық

Қазақстан Республикасы Консти­туциясының 6-бабында республика­ның өсімдік әлемі мемлекеттің меншігі деп атап көрсетілген. Бүгінгі таңда оны қорғайтын 120 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелері бар. Олар­дың бақылауына 29 млн гектар мем­лекеттік орман қоры қарайды. Ал бұл Қазақстан Республикасының барлық жерінің 10,8 пайызы деген сөз. 

Ормандарды қорғаушы мекемелер­дің міндетіне орман қорының есебін жүргізу, ағаш кесу және ағаш егу жұ­мыс­тарына бақылау жасау, орманы өсіп кеткен аумақтарды ағаш қорының есе­біне алу, өрттен қорғау және т.б. жұ­мыс­тар кіреді. Әрине ормандарды рұқ­сатсыз құртуға қарсы күрес, сол сия­қты туристерге орман тазалығы мен қауіп­сіздігін сақтау бойынша түсін­­дір­ме жұ­мыстарын жүргізу де осы қыз­мет­тің міндеті. Орманды түрлі ауру­лар­­­дан сақтап, сондай-ақ кесілген ағаш­­тар­дың орнына жаңа тұқым егу сияқ­ты жұмыстарды ұйымдастыратын осы қызметтер. 

Міне, осындай маңызды қызметтер атқаратын мемлекеттік мекемелерді Ұлттық экономика министрлігі оңтай­ландыруды желеу етіп, бәрін бір заңды тұлғаға біріктіруді ұсынып отыр. Осы мәселені зерттей келе біз келесі себептермен оның тиімсіздігін анықтадық. 
Орман шаруашылығын басқару жүйесі кезінде әлемдегі озық тәжіри­белерді ескеріп құрылған еді. Кеңес Одағы жылдарында ол Аустрия мен Гер­манияның тәжірибесін зерттеу арқы­лы ұйымдастырылған. Ал Қазақ­стан­дағы әрбір оныншы гектар осы жү­йе­нің арқасында қолдан отыр­ғы­зылғ­ан. Қалыптасқан осы жүйенің озық­ты­ғы өзінің тиімділігін жылдар бойы дәлел­деді. Ал тәуелсіз Қазақстан орман шаруа­шылығы мекемелерін сол қалпы­мен қалдырып, 2002 жылы Үкіметтің қау­лы­сымен облыстық мен­шіктің қарауына берген еді. Алайда оның аудандық меншікке берілмейтіндігі де атап көрсетілген. 

Ормандар мен жан-жануарлар әле­мін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме­лер орман шаруашылығының ұйымдық-шаруашылық және өндірістік-аумақтық бірлігі болып саналады. Енді олардың бәрін біріктіріп, бір заңды тұлға жасау үшін орман шаруашылығын ұйымдастыру мен басқарудың негізін, сондай-ақ құқылық  базасын қайта қарауға тура келеді. Мұндай қайта қарау орман шаруашылығына байланысы бар барлық нормативтік-құқықтық актілерге, соның ішінде Орман кодексіне көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді. Қысқа уақытта әзірленетін осындай өзгерістердің  орманды оттан қорғау, браконьерлерге қарсы күрес, зиянкестерді жойып, ормандарды аурулардан сақтау сияқты жұмыстарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіншілік беретініне күмәніміз бар. 

Сонымен қатар өзгерістер бұрынғы заңдардың талабына сүйеніп жұмыс істейтін орман құрылысы жұмыстарын да ақсатып, оларды қайта құру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат талап ететін болады. Орман құрылысы жұмыстарының Табиғи монополияларды реттеу комитетімен келісілген  бағасына сәйкес әртүрлі жер рельефтерін ескере қарағанда респуб­ли­ка­лық бюджеттен қосымша 171,9 млрд теңге талап ететін көрінеді. Бұл қа­ра­жат бөлінген күннің өзінде бір жыл­дың ішінде орман шаруашылығы жұ­мыс­тарын жаппай қайта құру мүмкін емес.       
Осының үстіне мекемелердің ұйым­дас­тыру формаларын өзгерту мем­ле­кет­тік бюджеттен қосымша қаражат­тар да талап етеді. Ормандардың мемле­кет­тік есебін жасау мен мемлекеттік кадастрлар құрудың өзіне қыруар қаржы кетеді.  

Бухгалтерлік мекемелерді орталық­тан­дыру да өз кезегінде қыруар қаражат шығындарына соғады. Кәсіби біліктілігі жоғары мамандар мұндайда жұмыстан кетеді, ал ол есеп-қисап жұмыстарының ақсауына соқтырады. 

Бізде оңтайландыруды жасағанда көп­теген лауазымдар қысқартылады, соның есе­бінен қаражат үнемделеді деп жа­рия­лап алады да, іс жүзінде толып жат­­қан жо­ғары ақы алатын жаңа қыз­мет­­тер (бас ди­ректор, оның орынбасарлары, бас­қар­малар бастықтары және т.б.)  туын­дап жатады. Сондықтан ақша үнемдейміз де­ген­нің өзі бос сөз болып шығады. Оны өмір­дің талай мысалдарынан көріп жүрміз. 

Міне, осы аталған жайтты біз Үкімет назарына ұсынып, мәсе­лені тереңірек зерттеуді сұрадық. Енді «Егем­еннің» беті арқылы қалың көпші­лікке де жеткізіп отырмыз. 

Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ,

Сенат депутаты