Аймақтар • 15 Қазан, 2018

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде курсанттардың әскери тағылымдамасы басталды

740 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлық әскерлері Әскери институтының 50-ге жуық 3-курс курсанттары «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде әскери тағылымдамадан өтуді бастады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде курсанттардың әскери тағылымдамасы басталды

Тағылымдаманың негізгі мақсаты әскери оқу орнында әскери мамандық пәндерін оқу барысында алған теориялық білімдерін бекіту, лауазымдық арналымына байланысты тәжірибе жинақтау, жеке құраммен жұмыс жасау барысында командирлік және тәрбиелік машықтар бойынша тәжірибе жинақтау, пайдалануды ұйымдастыру, әскери техниканы жөндеу және сақтау болып табылады.

Әскери бөлімдердің ұйымдық-штабтық құрылымымен танысқаннан кейін лауазымдық міндеттерін, бөлім командирлерінің бұйрықтарын зерделеген соң курсанттар өз лауазымдары бойынша міндеттерін орындауға кірісуге жіберіледі. Өз кезегінде, курсанттар келген әскери бөлімдердің офицерлері тәлімгерлер әскери бөлімнің негізгі құрамына кіріп, оларға жүктелген міндеттерді сәтті орындаулары үшін бар күштерін салуда.

− Мен әскери тағылымдаманы Атырау қаласындағы 41433 әскери бөлімінде өтіп жатқаныма қатты қуаныштымын. Бір ай ішінде біз взвод командирі лауазымын атқаратын боламыз, сеніп тапсырылған жеке құраммен тактика, оқ ату және дене дайындығы бойынша сабақтар өткіземіз. Әскери іс жүргізудің негіздерін оқып білеміз. Әскери бөлім басшылығы біздердің әрқайсысымызға бір жетекші офицерден тағайындады, олар бізге әскери өмірмен танысуға көмектесіп, толық қолдау көрсетуде, деді Құрлық әскерлері Әскери институтының 3-курс курсанты Ерасыл Ермағамбетов.

Бір қызығы, тағылымдамаға келген курсанттардың басым бөлігі әскери оқу орнының аяқтаған соң, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдеріне түсулерін қалайды, әсіресе теңіз жаяу әскері мен барлау бөлімшелеріне.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы