Бокс • 15 Қазан, 2018

Боксшы Сабыржан Бекбергенов Минскіде топ жарды

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Беларусь елінің астанасы – Минскіде әйгілі партизан, Кеңес Одағының батыры Виктор Ливенцевті еске түсіруге арналған боксшылардың халықаралық турнирі аяқталды.

Боксшы Сабыржан Бекбергенов Минскіде топ жарды

Қазақстанның боксшылары арасынан осы жарыста Сабыржан Бекбергеновтың бағы жанды. 69 кило салмақта өнер көрсеткен қандасымыз бастапқы бәсекелерінің барлығында жеңіске жетіп, жартылай финалда Италияның өкілі Винченцо Арекияны ұтты. Ақтық сында израильдік Мирослав Капулерді қапы қалдырған Сабыржан бас жүлдені қанжығасына байлады. 

56 кило салмақтағы Бекзат Мағжанның да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуге жақсы мүмкіндігі болды. Алайда шеуші тұста франциялық Джордан Родригеске есе жіберген ол күміс медальді мойнына ілді. Ал 52 кило салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Теміртас Жүсіпов қола жүлдені иеленді. Қазақ боксшысы жартылай финалда англиялық Уилл Коулиге жол берді.

Минскідегі турнирдің командалық есебінде Беларусь құрамасы топ жарды. Бұл елдің төрт боксшысы жеңімпаз атанды. Англия мен Грузияның өкілдері екі реттен дара шықса, Франция мен Қазақстанның өрендеріне де бас жүлде бұйырды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»