Теннис • 15 Қазан, 2018

Теннисшілердің әлемдік рейтингі жаңартылды

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теннисшілердің жаңартылған әлемдік рейтингінде жерлестеріміздің арасынан ең үздік нәтижеге Михаил Кукушкин қол жеткізіп отыр. Осы күнге дейін 83 орынды қанағат тұтып келген ол бірден 10 сатыға жоғарлап, қазіргі кезде 73 орынды иеленуде.

Теннисшілердің әлемдік рейтингі жаңартылды

Қазақстандықтар арасынан АТР тізімінде «ТОП-100» ойыншының қатарында тек сол Михаил Кукушкин ғана бар. Өкінішке қарай, өзге өрендеріміздің көрсеткіші көңіл көншітерлік емес. Мәселен, еліміздің екінші ракеткасы Александр Бублик бүгінгі күні әлемдік рейтингте 219 орында тұрса, Александр Недовесов 246 сатыға жайғасты. Ал Денис Евсеев небары 308 орынды еншілеуде.      

«Топ-10» (ерлер): 1. Рафаэль Надаль (Испания), 2. Новак Джокович (Сербия), 3. Роджер Федерер (Швейцария), 4. Хуан Мартин Дель Потро (Аргентина), 5. Александр Зверев (Германия), 6. Марин Чилич (Хорватия), 7. Доменик Тим (Австрия), 8. Кевин Андерсон (ОАР), 9. Григор Димитров (Болгария) және 10. Джон Изнер (АҚШ).

Әйелдер «ТОП-100» теннисшінің қатарында отандастарымыздың арасынан Юлия Путинцева мен Зарина Диас бар. Бұл күндері Юлия WTA тізімінде 48 орынды иеленсе, Зарина 90 сатыға табан тіреуде. Соңғы кездері тәуір ойын өрнегімен көзге түсіп жүрген 19 жастағы Елена Рыбакина 186 орынға көтерілді. Ал жарақатынан әлі де дұрыс айыға алмай жүрген Галина Воскобоева және нәрестелі болуына байланысты үлкен спорттан қол үзіп қалған Ярослава Шведова әлемдік рейтингтегі жағдайларын едәуір нашарлатып алды.     

«Топ-10» (әйелдер): 1. Симона Халеп (Румыния), 2. Каролин Возняцки (Дания), 3. Анжелика Кербер  (Германия), 4. Наоми Осака (Жапония), 5. Каролина Плишкова (Чехия), 6. Элина Свитолина (Укриана), 7. Петра Квитова (Чехия), 8. Слоан Стивенс (АҚШ), 9. Юлия Гергес (Германия) және 10. Кики Бертенс (Голландия).

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»