Қазақстан • 16 Қазан, 2018

«Хат қоржын» (16.10.2018)

369 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (16.10.2018)

...үлгі етеді

Орталық атауы – «Анаға тағзым»

Биыл арайлы Ақтөбеде ерекше «Анаға тағзым» атты жарқын да, жасампаз жоба жасақталды. Мен оны барша ел-жұрт пен тұрғындарға және кейінгі ұрпақ өкілдеріне қажетті рухани-мәдени орталық деп санаймын. Бірегей жоба еліміздің барлық өңірлеріне үлгі болуға әбден татиды. 

Алдағы уақытта мұнда қыз-келіншектерге, сондай-ақ әйелдер мен аналарға арналған мәнді де мазмұнды басқосулар мен кездесулер, тренингтер мен шеберлік сағаттары өткізілмек. Сонымен бірге жеткіншек ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыру үшін салт-дәстүрлеріміз бен бүгінгі рухани құндылықтарды дәріптеу бағытында да кешенді іс-шаралар жүргізілмек. «Анаға тағзым» деген атауынан көрініп тұрғанындай, орталықтың басты мақсаты – ежелгі тарихымыздан елге мәлім ана-әжелеріміздің есімдерін ұлықтап, кейінгілерге өнеге етіп, өшпес рухтарына тағзым ету болып отыр. 

Күлшат МАСАЛИМОВА,

облыстық іскер әйелдер 

қауымдастығының төрайымы

АҚТӨБЕ

...мақтан тұтады

Жақсылық жасауға ұмтылайық

Тамыз айының басынан бастау алған дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы киелі Түркістан шаһарында да белсенді түрде өткізілуде. Аталған акцияның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде және әлеуметтік себептермен мектептен қалып қоятын балаларға көмек көрсету.

Түркістан қаласы аумағында былтырғы оқу жылы барысында мемлекет тарапынан «Жалпыға міндетті білім қоры есебінен» 461 бала мектепке қажетті киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтылған болатын. Соның ішінде Майдантал ауылының жалпы білім беру орта мектебінде де осындай қайырымдылық шаралардың басы-қасында болып, балалардан өз көмектерін аямайтын бірқатар азаматтарды айта кетуге болады. Аталған игі іске жеке кәсіпкерлер мен мектебіміздің түлектері, Астана қаласындағы «Нұр» базарының жастары үлкен үлес қосып, балаларға мектепке қажетті киім-кешекпен, оқу құралдарымен жылда қамтамасыз етіп отырады. Осы орайда өз жалғасын тауып жатқан шараға еліміздің болашағы жас өрен балаларымыздан көмегін аямайтын, барша азаматтарымызды демеушілік жасауға шақырамыз. 

 Әйгерім САНҒЫЛБАЕВА, 

«Майдантал» жалпы орта мектебінің 

әлеуметтік педагогі

ТҮРКІСТАН 

...ризашылығын жеткізеді

Шағын футбол алаңын салып берді

«Туған жер» бағдарламасы шеңберінде өз ауылына Ақмола облысы, Есіл ауданының тұрғыны салып берген жасанды жамылғысы бар шағын футбол алаңына бүгіндері көпшілік риза. 

«Интернациональный» ауылындағы орта мектептің жанынан салынған спорт алаңының құрылысын Қазымбек Ақмағамбетов басқаратын «Шыңғыс хан» ЖШС қолға алып, осы мақсатта серіктес­тік есебінен 10 миллион теңге қаржы жұмсалған екен. Интернацио­нальный селолық округінде 700-дей тұрғын болса, оның 200-дейі жастар. Сондықтан қазіргі заманға сай жабдықталған жаңа шағын футбол алаңы ауыл жастарының бұқаралық спортпен шұғылдануына зор септігін тигізіп отыр.

Кәсіпкер Қазымбек Ақмағамбетов бұрындары осы ауылда мұз айдынын да ашқан болатын. 

Аслан ОСПАНОВ

Ақмола облысы

...ой қозғайды

Мектепте хиджаб кию дұрыс па?

Осындай тақырыппен Ұштаған селосындағы Асқар Өтепбергенов атындағы орта мектепте аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен Маңғыстау ауданы әкімдігінің ақпараттық түсіндіру тобының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өткен болатын. 

Жиында асыл дініміздің казіргі таңдағы қоғам арасындағы кең таралуы, басқа діни ұйымдарының жастар санасын улауы мен кері әсер етулері, сондай-ақ мектепте хиджаб киетін жастардың көбеюі алаңдататыны жайында әңгіме өрбіп, ауданның найб имамы, теолог Ербол Айнақұлов: «Хиджаб – ол орану деген мағына береді. Ол оранғанда білім беру ұйымында тұмшаланып орану ағаттық деп ойлаймын. Өйткені біздің еліміз Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан мектептің өз тәртібі мен ережесі бар. Соған бағыну керек», деген ойын жеткізді. 

Шарада ауыл жастары «Жиһад деген не?», «Сектаның айырмашы­лығы қандай?» деген сұрақтарын қойып, теолог тарапынан тұшымды жауаптарын алды. 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы 

...арманын айтады

Журналист болғым келеді

Менің де журналистер қатарын толықтырғым келеді. Тынымсыз өмірдегі ақпарат толқынында еркін жүзіп, келелі дерек көздерін халыққа жеткізуді қалаймын. Журналист – тек хабаршы, жаңалық жаршысы ғана емес, әр ақпаратты ой елегінен өткізіп, ақиқатты қақ жарып, айтар ойды нақ айтып, қадамын дөп басып жүре алатын, таразының басын тең ұстап тұра алатын маман. Менің ойымша, нағыз тілші – ақылдың тереңдігімен, қиялдың ұшқырлығымен, ойдың кеңдігімен топтан бөлініп, ерекшеленетін адам. Оған қоса, мақсаткер, талапшыл, тез тіл табысқыш жандар. Қаламы мен қағазы арқылы қорғансызға пана болып, әділдікке қол жеткізгенде біреуге үміт ұялататын «төртінші билік» иелері. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жандардың өткір тілді шешен болуы да қажеттілік тудырады.

11 сыныпқа қадам басқалы отырған жас түлектерге əрдайым қойылатын сауал «қай мамандыққа барайын деп отырсың?» дегенде, тайсалмастан журналист боламын деуші едім. Сол бір кішкентай арман болашаққа жетеледі. Осы күнге дейін алдыма мақсат қойып: қайтсем де осы саланы меңгеремін, қабілетімді ұштаймын деген едім. Мамандық таңдауда түпқияным осы. Жоғары сыныпқа аяқ басқалы «журналист» деген беймəлім терминнің қыр-сырын танып үйрене бастадым. 

Жанерке САҒЫМЖАН 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы