Аталған өнер ордасының қабырғасында талай өнерпаз қызмет атқарып, өнер әлеміне жолдама алған. Биыл Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясына елу жыл толды. Жарты ғасырлық белесті бағындырған өнер ордасы өзінің мерейтойын Тараз төрінде атап өтті.
Мерейтойға Кенен ақынның ұлы Бақытжан Кененұлы мен Төрткен Кененқызы арнайы қатысты. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев те келді. Әуелі мерейтой баспасөз мәслихатымен басталды. Мұнда Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев Әулиеата өңірі үшін филармонияның Кенен есімін иеленуі айтарлықтай оқиға екенін жеткізсе, Төрткен Кененқызы ақын атын ардақтаған халыққа, өнер ордасына ақын есімін беруге атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Өз сөзінде Жабал Ерғалиев Кенен исі қазаққа ортақ тұлға екенін атап өтті.
Ал Бақытжан Кененұлы ақын атының мәңгі өшпейтінін, Кенен атындағы «Шырқа, дауысым!» байқауының тұрақты өткізіліп келе жатқанын тілге тиек етсе, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері, күйші Әбдімомын Желдібаев өнер әлемінде Кенен кеңістігінің бөлек екенін атап өтіп, Шу ауданы әкімінің құттықтау хатын тапсырды. Өз кезегінде Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның елу қызметкеріне Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты және өзге де марапаттар берілді. Сонымен қатар баспасөз мәслихаты барысында «Ән қанатындағы Әулиеата» кітабы мен «Әуені әсем Әулиеата» CD жинағының тұсауы кесілді. Сонымен қатар Кенен бейнесі салынған кілемше таныстырылды.
Бұдан кейін мерейтойлық шара облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен «Әуені әсем Әулиеата» атты гала-концертпен жалғасты. Мұнда көпшілікке «Жарты ғасыр – жалынды сәт» атты деректі фильм көрсетілді. Кеш барысында Кенен Әзірбаев бейнесі сомдалып, әндері шырқалып, «Құлақ» күйі тартылды. Ал салтанатты шара кезінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын филармония директоры Сейітқасым Түктібаевқа тапсырды. Бұл ретте ол бірқатар өнерпаздарды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және министрдің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Мерейтой кезінде Бақытжан Кененұлы жүрекжарды лебізін білдіріп, Үкілі Ыбырайдың, Ақан серінің елінен келген Жабал Ерғалиевтің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал Жабал Ерғалиев өз кезегінде Ерқанат Манжуовқа Кеңес Одағының Батыры, жазушы, ғалым Мәлік Ғабдуллин туралы бес томдық кітап сыйлады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы