Білім • 17 Қазан, 2018

«Педагог мәртебесі туралы» заң қандай болуы керек?

1662 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасының «Қазақстандық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөлінгенін байқауға болады. Осы тапсырмалар сапалы орындалған жағдайда 2005 жылдан бастап мемлекеттік деңгейде көтеріліп, жартылай шешімін тауып келе жатқан мәселелер түбегейлі жойылып, білім саласы жаңа сатыға көтерілері анық.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қандай болуы керек?

Жалған рейтинг жарға жығады

Жолдауда білім саласы­на қатысты аталған бес тап­сыр­маның күрделі және әлеу­­меттік жағынан маңыз­ды­сы – «Педагог мәртебесі ту­ра­лы» заңды әзірлеу. Бұл мә­се­лені шешуге алғашқы қа­дамдардың бірі 2007 жылы қа­был­данған «Білім туралы» заңында 7 тарау 50-бапта педа­гог қызметкердің мәртебесі, пе­дагог қызметкердің құ­қық­­тары, міндеттері мен жа­уап­кер­шілігі, білім беру ұйым­дары қызметкерлерінің ең­бегіне ақы төлеу жүйесі, әлеу­мет­­тік кепілдіктер сияқты төрт­ бағыт шеңберінде жасал­ған.­

Кейінірек, 2016 жылы Бі­лім және ғылым министрінің бұй­рығымен Педагогикалық әдеп қағидалары қабылданды. Осы екі құжат қазіргі таңда пе­да­гог мәртебесін қамтитын заңды негіздемелер. Аталған заңды нормалар адамды тиім­ді еңбектенуге ынталанды­ратыны анық. Бірақ бір қа­ғидаттар жетістікке қол жет­кізг­ен жағдайда ақшалай ын­та­ландырса, келесісі жазалаумен тәртіпті сақтауға шақырады. Қолданыстағы заңнамалардың барлығы ынталандырудың «бихевио­ризм» іліміндегі түрлеріне негіз­делген. 

Білім саласында маңызды зерттеулер жүргізген амери­ка­лық атақты психолог Альфи Кон «Punished by rewards» (Марапатпен жазалау) атт­ы еңбегінде кез келген бихе­виоризм принциптеріне негізделген ынталандырудың (ақшалай, жаза түрінде) қысқа мерзімді екенін дәлелдей отырып, нәтижесінде жоғары ма­рапатқа ие болу үшін жалған мә­ліметтердің тіркеліп, кері процестердің орын алуы мүмкін екенін сараптайды. Бұл қайшылықтарды жою үшін Альфи Конның негізгі принциптері төмендегідей:

– Қызметкердің жал­ақы­сын лайықты деңгейде тө­леп, оны қанауда жүрген­дей сезімнен арылту қа­жет. Кез келген ақшалай ын­та­­лан­дырудың белгілі бір шарт­пен ұсынылуы – адамды ба­қы­лауда ұстауға және бұл процесті жануарды қолға үй­­ретумен салыстыруға болады. Бұл құбылыс адамның абыройын төмендетеді;

– Қызметкердің аттеста­циядан өткен нәтижесін еш­ уақытта жалақымен бай­ла­ныс­тыруға болмайды,­ қо­рытынды бағалар тек жұмыс­кердің кәсіби жетілуіндегі негіздеме ретінде қолданы­луы тиіс. Яғни адамдарды рей­тингтер арқылы реттеп, бөлу және араларында бәсе­келестікті туындату – оларға айла-шарғы жасаумен (манипуляция) тең;

– Қызметкердің ынтасын­ арттыру үшін қолайлы атмосфера құрылуы қажет, адам­гершілігі жоғары деңгейдегі басшының қол астындағы жұмыскерлердің еңбек өнім­ділігі биік дәрежеде болады.

«Ұстаз» төсбелгісін бекіту қажет

Осындай жағдайды қа­лып­тас­тыруға Альфи Кон­ ын­таландырудың үш қағидатын ұсынады: әріптестік, мазмұн­ның айшықтығы және еркін таң­дау.
Ынталандырудың жаңа психологиялық зерттеулеріне негіз­делген төмендегі ұсы­ныс­­тар «Педагог мәртебесі ту­ралы» заңды әзірлеу барысында ескерілсе ұстаз­дардың жеке тұлға ретінде абыройлары артатынына се­нім мол.

Әріптестік факторын бі­лім қызметкерлері арасында дамы­ту үшін:

1) «Ұстаз» төсбелгісін бе­кі­ту қажет – мысалы, депу­таттарды ерекшелейтін төс­белгі оларға деген құрмет пен белгілі топ мүшесі екенін ай­қындап тұрады;
2) Кітап сату дүкендерінде ұстаздарға жеңілдік берілуі тиіс – қазақстандық оқулық­тарды шығаратын барлық баспаларға осындай міндет­темені жүктеу қажет;
3) Оңтүстік Корея тәжіри­бесі негізінде тұрғылықты жер­­де бірнеше мектеп болған жағдайда ұстаздардың ротациясын қамтамасыз ету керек – сонда бір аймақтағы білім ордаларының сапалық деңгейлері реттеледі, яғни білікті мамандар 3-5 жыл көлемінде басқа оқу орындарына барып өз тәжірибелерін енгізуге мүмкіндік алады, ал төмен дәрежедегі ұстаздар білім сапасы жоғары мектеп­терде біліктілігін жоға­ры­латуға қол жеткізеді. Бір орында жұмыс атқарып жат­қан ұстаздар қауымы коман­далық жұмыс жүргізе бас­тайды.

Мазмұнның айқын болуы дегеніміз – әр адам атқа­рып жатқан жұмысының маңыз­ды­лығын толығымен се­зіне алса, онда оның ең­бек өнім­ділігі арта түседі. Кө­­бін­­­де біз мұғалімнің ең­бе­гін тек алғашқы және соң­­ғы қоңырау мерекесі мен­ Ұстаздар күнінде аса қадір­леп, маңызының зор екеніне құр сөзбен мақтау жаудырып­ жатамыз. Шын мәнінде, бұл­­ афоризмдерді білім қызметке­рі өзінің жеке тұлғасымен тіке­лей байланыстыру үшін жоғары оқу орындары­нан­ үздік студенттердің мектеп­тегі ұстаздарына және білікті түлектердің жұмыс орындарынан ЖОО-дағы педагогтеріне алғыс хаттар жіберілсе, әр мұ­ғалім қоғамға сіңіріп жат­қан еңбегінің деңгейін нақты білетін еді.

Мектеп директоры мұғалімдер алдында есеп беріп отырса...

Бүгінгі таңда педагогика­лық мамандықты игеріп жат­қан студенттердің аз бөлі­гі ғана мектептегі тәжірибеден са­­палы өтетіні белгілі және уни­­верситеттердегі зерттеу­лер көбінде теориялық тұр­ғыдан қарастырылады, осы ол­қы­лық­тарды болдырмау үшін және болашақ ұстаздар ең­бек­терінің мазмұ­нын то­лық­­тай сезіну мақсатында, педагогтер даярлайтын ЖОО-­ларда ғылыми лаборато­рия­ ретінде бір балабақша мен бір мектептің тіркелуі міндет­телгенін ұсынар едік. 

Еркін таңдау қағидасы – адам­ның алдына қойған мақсаттарына жету жолдарын өзі таңдап, шешімдерді қабыл­­дау барысында тікелей қатысатын болса, онда оның­ жұмысқа деген ынтасы­ жоға­рылай түседі. Яғни ұстаздар өздеріне қатысты мәселелерді шешуде тікелей атсалысатын болса және сапалы еңбек ету үшін тиімді әдіс-тәсілдерді таңдауда еркіндікті сезінсе, онда олардың өзін өзі бағалау деңгейі де, мәртебесі де жо­ғары­лайтыны сөзсіз. 

Мысалы, мектеп директоры жыл сайын мұғалімдер алдында есеп беріп, олардың оқу орны жұмысының тиім­ділігін арттыру жолында ұсы­ныстарын ескеретін болса, ұстаздардың мектептің жетілуіне бар күштерін салатыны белгілі.

Соңғы жылдары орта бі­лім беру саласы толығымен жаңар­тылған мазмұнға көшіп жатқан кезде ұстаздар мен олардың мәртебесіне де жаңа­ша көзқарас қажет.

Айжан САДЫҚОВА,

«IQanat» білім беру қорының атқарушы директоры, экономика ғылымдарының кандидаты

Шығыс Қазақстан облысы