Аймақтар • 17 Қазан, 2018

Меңдешев білім алған мектеп 150 жылдығын атап өтті

1010 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылындағы орта мектеп 150 жылдығын атап өтті. Заманында Алма Оразбаева, ағарту комиссары Нұғман Залиев сабақ беріп, Қазақ АКСР-інің тұңғыш төрағасы Сейітқали Меңдешев білім алған мектеп бүгінде Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісовтің есімімен аталады.

Меңдешев білім алған мектеп 150 жылдығын атап өтті

1801 жылы Бөкей хан алғаш құрып, кейін ұлы Жәңгір хан билеген Ішкі қазақ ордасында ең ірі елді мекеннің бірі, сауда және мәдениет орталығы болған Жаңақазан ауылының іргета­сын ханның шақыруымен қазақ даласына келген Қазан татарлары қалаған делінеді. 1868 жылы Бөкей ордасында 7 мектеп ашуға патша жарлығы шыққан кезде, соның бірі сол кездегі Қамыс-Самар қисымында, осы жерде ашылған екен. 

Алғашқыда бұл мектепте төре­лердің, жергілікті билеу­шілердің ба­лалары оқыса, 1894-1895 жылда­ры қарапайым шаруа қазақтар мен татарларға да оқуға мүмкіндік туды. 1916-1917 жылдары Нарын және Қамыс-Самар мектептері ірі­лен­­­ді­ріліп, оқу орыс мектебі үл­гісі­не көшкен жылдары мұнда Ал­ма Ораз­баева мұғалімдік қызмет ат­қа­рып, Сейітқали Меңдешев бас­тауыш мектептен дәріс алыпты. 1929-1930 жылдары білім ордасы «Колхозшы жас­тар мектебі» деп аталған. Мектептің тарихын оқып-ақ сол кездегі саясат пен ел тұрмысын бағам­дауға болады.
Осы мектепте білім алған жұл­дызды шәкірттердің қата­рында әйгілі дирижер Шам­ғон Қажығалиев, тарих ғы­лым­дарының докторы Ха­мит Маданов, экономи­ка ғылымдарының докторы­ Мә­жікен Бутин, педагоги­ка ғы­лымдарының докторы Бек­тілеу Қаражанов, филология ғылым­дарының докторы­ Әбділхамит На­рым­бетов, заң­ ғылымдарының докторы Қа­ли­молла Халықов, философия­ ғылымдарының докторы Тілек­жан Рыс­қалиев бар. 
Жаңақазандықтар аталған тарихи мектептің біржарым ғасырлық ме­рей­тойын жоғары дәрежеде атап өтті. Әуелі Алматыдағы «Арыс» бас­пасынан мектептің арғы-бергі тарихын қамтитын «Алыптар ұшқан алтын ұя» атты жинақ шығарды. Ал ауыл­да өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов арнайы барып, баяндама жасады. Осы мектепте білім алған, бүгінде еліміздің әр түкпірінде абыройлы қызмет етіп жүрген түлектер де жиналып, білім ордасының тойына тарту жасады. Мектептің 1996 жылғы түлектері ауылға кіреберіс жол үстіне еңселі қақпа орнатып, туған ауылына әдемі сый қалдырды. Үш күнге созылған той дала қызықтарымен ауыл тұрғындарының есінде қалды. Мерейтой аясында жасөспірімдер арасында еркін күрестен Сатым Әбуұлы атындағы облыстық ашық турнир ұйымдастырылып, оған 200-ге тарта жас балуан қатысты.
Әдетте тек мал шаруашылы­ғымен айналысатын шалғай ауыл­дарда орта мектеп – сол ауылды ұйыстырып отыр­ған ең үлкен ұжым екендігі белгілі ғой. Жаңақазан ауылындағы тарихи мектептің мерейтойы да өңірдегі ең есте қаларлық оқиға болды. Осы мектептен түлеп ұшқан Жұмалиевтер әулеті ұлы тойға өздерінің 2 млн тең­геден астам қаражатын жұмсап, мектеп ғимаратындағы мәжіліс залын жаңадан жасақтап беріпті. Дәл осы күні мектеп музейінің де тұсауы кесілді. Бұған жергілікті бюджеттен 7 млн теңге бөлінген. Жалпы, соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында жергілікті өлкетану музейлерін құруға ерекше көңіл бөлініп отырғаны қуантады. Бұған қоса мектеп ауласында жаңа үлгідегі шағын футбол алаңы ашылды. Бұған да аудан бюджетінен 9 млн теңге қаржы құйылған. 
Жаңақазан мектебінде ұзақ жыл биология пәнінен сабақ берген ұстаз Ғұмар Салықовты жергілікті халық «біздің Мичурин» атап кеткен. Өйт­кені шалғай ауылда тал-терек пен бау-бақшаның небір түрін еккен Ғұмар ұстаздың еңбегі ерекше еді. Мектептің 150 жылдық тойына осы Ғұмар ағайдың ұлы Ербол Салықов 150 түп көшетті тарту етті. Меймандар «келесі мерейтойға дейін мәуелі бәйтерекке айналсын» деген ниетпен балапан теректерді мектеп ауласына қаз-қатар екті.

­Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы