Аударма • 17 Қазан, 2018

Индонезиялық аралдың басынан бұлт арылмады

603 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күн Сигидегі мешіттің қалқасына еніп, ұясына қона бастады.7 жастағы Ранди Реналди тізерлеп, құлшылық жасауға беттеген. Кенеттен жер сілкініп, тербеле жөнелді. Мешіт теңселіп, күмбезі ортаға опырылып түсті. Бетон қабырғалар Рандиді алақанын жайған күйінде басып қалды.

Индонезиялық аралдың басынан бұлт арылмады

Сулавесиде зілзала мен цунамидің кесірінен 70 000 адам үйінен айырылды. Суретте: Палудегі қираған көпір

Ханна БИЧ, Мухита СУХАРТОНО,

«Нью-Йорк Таймс» – Сиги (Индонезия)

Дәл сол уақытта Сулавеси аралдарының орта тұсындағы ауданда 15 жастағы Приска Су­санто да құлшылығын енді аяқтап болған еді. Бұл – оның Інжіл үйрету лагеріндегі алғашқы күні. Мұнда да жер шайқалып, тасқын су шіркеуді бірнеше шақырым­ға ағызып, қиратып, бір сәтте үйіндіге айналдырып, ақырында ғимараттың сүйірленген шатырын да жұтып жіберді. 

Төбесінен қарасаң, теңіз жұл­дызына ұқсайтын шығыс Индо­не­зиядағы Сулавеси аралы маг­нитудасы 7,5 балдық зілзала мен бірнеше метр биікке көтеріл­ген цунамидан зардап шекті. Бұл мекеннің басынан қара бұлт арылмай-ақ қойды. Арал тұр­ғын­дары бірнеше дінге бөлінген. Табиғи апаттар және мұсылман­дар мен христиандар арасындағы кикілжіңдер тоқтаған емес. 

Жарты ғасырдан аса уақыт ішінде Сулавеси аралы ондаған зілзала, көшкін, су тасқыны, цунами, жанартау атқылауын бастан кешірді. Сонымен қа­тар елдегі халықтың жарты мил­­лионға жуығын жалмаған анти­ком­­мунистік жарылыстар, мек­теп­тегі оқушыларға дейін ара­ласқан секталық тартыстар да бар. 

Таяуда, 28 қыркүйекте болған қос апаттан екі мыңға жуық адам қайтыс болғаны анықталды. Олардың көбі үйінділердің астында қалып, цунами толқындарынан қашып құтыла алмаған сыңайлы. Қираған ғимараттарды тазалау айларға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Апат болған күні ешқандай ескерту дабылының дауысы естілген жоқ. 

«Сулавеси – талай апатқа тап болған мекен», дейді индо­незиялық қызыл крест ұйымының еріктісі Раман Кило. Ол аралдың солтүстігіндегі Інжіл лагерінің үйіндісін аршуға көмектесіп жүр. 

Аймақтың орталығы Палу қаласының мұсылмандары мен христиандары дәстүрлі діннен бас тартудың зардаптары осындай табиғи апат ретінде келіп жатқан жоқ па деген мәселені көтеріп жүр. Жалпы, мұндағы ибраһимдік діндерді араб саудагерлері мен еуропалық колонистер әкелгені белгілі.
Өткен айдағы цунами Палудегі мәдени спорт фестивалімен тұс­па-тұс келген-ді. Тұрғындар ани­мизмді коммерциялық мақсатта қол­данып, көне емделу дәстүрін қайта енгізу Сулавесидегі табиғи тең­дікті бұзатынын айтып шағым­данған еді. 

Оған себеп те бар. Мәселен, үш жыл бұрын фестивальдың ал­ғаш­қы ашылу салтанатында ай­лақта қолтырауындар қаптап кет­ті. Был­тыр дауыл тұрып, бәрін қи­рат­қан. Биыл цунами демалушы­лар мен күзетшілерді шайып кетті. 

Апаттан кейін, 3 қазанда арал­дың солтүстігіндегі Сопутан жанартауы атқылап, түтін мен күл 4 шақырым биікке көтерілді. Индонезияның басым бөлігі, Сулавеси аралы «Отты сақина» деп аталатын Тынық мұхитындағы доғада орналасқан. Бұл мекен – жердегі ең сейсмикалық аймақ. 

«Табиғат әрдайым белгісін көрсетіп отырады. Ол өзіне зиян келтіргенді жақтырмайды», дейді Палудың бұрынғы мэрі Русди Мастура. 

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар