Тарих • 17 Қазан, 2018

Ел әкемді әулиедей көруші еді

757 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Өз әкең жайлы, оның үстіне еліне елеулі, халқына қалаулы азамат жайында ой толғау оңай емес екен. Тыныс-тіршілігі түгелдей көптің көз алдында өтті дегенмен, Мәкең де ет пен сүйектен жаралған пенде. Еңсесін емендей тік ұстағанымен морт кетер сәттері де, іштей егілген, езілген тұстары да аз емес-тін. Шынтуайтында, «менің әкем қандай еді?» деп сұрақ қоямын өзіме-өзім, сөйтемін де өткенді ой таразысымен безбендеп, електеймін кеп.

Ел әкемді әулиедей көруші еді

Әкеміз Манап Көкеновтің балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-түс келіп, өзі құрал­пы­ластармен бірге өгіз айдасып, масақ теріп, бел шеше еңбек етумен өткені көп­шілікке белгілі. «Бірде масақты аздау теріп, үзіліс кезінде көзім ілініп кетіп­ті, – деп еске алатын, жарықтық. – Түсім­де үлкен әжем еніп: «Ой, тұқымың көбей­гір, неге сонша ұнжырғаң түсіп жатсың, қырманға барып екі-үш ауыз өлең айтсаң «пәленше», «түгенше» нағашыларың-ақ сенің жағдайыңды жасамас деймісің, тұр қане!» деп иығымнан түрткенде оянып кетсем, аузыма лықсып өлең келіп жатыр екен. Содан аяңдап қырманға бардым. Сол кездегілердің әлде аңғалдығы ма, жоқ, шындығында да қызық көргендігі ме, тайлы-тұяғы қалмай жиналған көп­шіл­­іктің алдында 5-10 шумақ өлеңімді айт­тым. Жұрт дуылдасып: 

– Ойпырмай, мына Көкеннің «ақбасы» болайын деп тұр екен. Ақын екенін қалай білмегенбіз, – деп мәре-сәре. Сол жолы колхозшылардың шешімімен 4 қап бидайды арбамен үйге жеткізіп берді. Бұл менің алғашқы тырнақалды табысым еді, – дейтін бертініректе. Иә, 15 жасында Әбжан Құрышжановпен тұңғыш айтысқа түсіп, Нартайдың батасын алғанға дейін де ол кісінің аузынан шыққан талай-талай шымшыма өлеңдері ел арасына тарап кеткен. Өзімен тетелес Әбдіуаһап туысы бригадир болып шамалы тықырлығымен көзге іліккенде:

Уаһапжан, бригадир болып 
тәуір қылдың, 
Екі аптада бір атты жауыр қылдың. 
Қыз демей, қатын демей артқа теуіп, 
Өмірі естен кетпес дәуір қылдың, – деп салуы – соның айғағы. 

Адам қабілетінің шексіз екендігіне рия­сыз сенетіндердің бірімін. «Қы­рым­ның қырық батырын» айлап жыр­лаған Мұрын жыраудың қасиеті біздің әкемізде де бар еді. Бір Құлан ақынның өзінен 3000 жол өлеңін жатқа айтатын Мәкеңнің тағы бір ерекшелігі – ол кісінің әңгімешілдігі. Әт­теген-айы сол, бір оқиғаны әр жолы құбыл­тып жеткізуге шебер әкемнің ес біліп, етек жапқаннан ел ағасы болғанға дейінгі небір әңгімелерінің үнтаспаға түгел­дей түспеуі. «Манаптың қызыр атануы», «Тәуіп болатыны», «Кекеш құр­да­сымен қатын іздеуі», «Орыс ақынмен айтысуы», «Өзбекстандық қоңыраттарды елге қайтуға үгіттеп барып «Қоңырат» дастанының тууы» (өкінішке қарай сақталмаған), «Манап пен етігінің айтысы», «40 құрдасына арнау», «Нартаймен сапарлары», т.б. тізім жалғаса береді.

Әке жолын қуып, мәдениет бөліміне қызметке орналасқан мені «ысылсын» дейтін болуы керек, кейде малшы отар­ларын аралауға бірге алып шығатын. Мәкеңді Құдайдай сыйлайтын малшы ағайын бір ырғап-жырғап қалады. 3-4 күн ду-дүрмектен соң қайту сапары сөз болады. Кезекке ілікпегендер кәдімгідей өкпелейді. «Әй, пәленше-ау, сендер өріссіңдер ғой, «жаман қой өрісін бір күнде тауысады, сосын изоляторға 
ауысады» дегендей болмасын да, ендігі жолы сенен бастайық», – дейді, Мәкең басалқы айтып. Шындығында да уәдеге берік ол кісі келер жолы сол шопанның үйінен іссапарды жалғастыратын. Қа­ра­пайымдылығы көзге ұрып тұратын әкем бертініректе болмаса «екінші тың ерлері» атанған малшы қауымды атпен аралайтын және ат болғанда қандай, шетінен жорға. Тайпалма жорғалар. 

Бірде Бесарық дүкенінен ол-пұл алып үйге қайтқалы тұрған әкемізге сов­хоз парторгі Тілеу Тотаев ағамыз жолы­ғып, бәстесе кетеді. Жер ыбылыңқы-сыбы­лыңқы кез болса керек. Бәстің нарқы ай­қын­далған соң, 7 шақырымдағы «Ақтасқа кім бірінші жетеді?» деген сауал көлденең тас­талады. Тілеу ағамыздың астында су жаңа «Уазик», Мәкеңде – екпіні қатты қара жорға. Мәкең де тебінеді, Тілекең де шопырына «Газды бас!» дейді. Ен дала қиқу да, қиқу. Құрғақтау жерде «Уазик» алға шықса, шалшықтау жерде жорға дес бермейді. Не керек, келісімді межеден жорғаның мойны бірінші өтеді. Аты бәй­геден келген Мәкеңе Тілекең: «Әй, Манапжан, атың озды, оған дау жоқ, бірақ келінге алған кәмпит-сәмпиттен қал­ды ма екен бірдеңе?» – дегенде барып, Мәкең санды бір-ақ ұрады. Сөйтсе, ма­на­ғы елірме шабыста қоржынның ауызы сөгіліп, ішіндегісі шашылып-төгіліп, рәсуа болған екен де. Оған қарайтын Мәкең бе. 

Он жылдықты сырттай бітірген Мәкең өз бетінше көп ізденетін. Менің жоғары оқу орнына деп жинаған кітаптарымды да қызыға оқып шыққаны әлі есімде. Бәзбір кездеріміз пікірсайысқа кеп тірелетін, әлбетте, көбісінде жеңіс құймақұлақ Мә­­кең­нің қанжығасында кететін. Ислам та­ри­хына терең бойлап бара білетін әкеміз Құран аяттарын да бірсыдырғы тәуір қы­рағатпен оқитын және ілімдар кісі­лерден сұраудан әсте бір танған емес-ті.

Бір жиында ептеп молдалығы бар құ­­дасы Амалқожа «өйтуге болмайды», «бүй­­туге болмайдыны» көптеу айтып отыр­ды, соны ұнатпады ма Мәкең: «Амал­­қожа, айтқандарыңыз дұрыс-ақ, осы біз қожа-молдалар қызықпыз, жұмақ­қа өзі­міз кіріп аламыз да, басқа адам ен­бе­­сін деп ішінен есікті бекітіп іліп ала­­мыз. Әйтпесе, Алланың ақ жолында шари­­ғат­тың мынандай бір жеңілдетілген тұстары да бар ғой», – деп бірнеше аяттар­дан үзінді келтірді.
Әбекең де қайтып ол тақырыпқа жолай қоймады. Ұққанға Мәкеңдей адам­дар­дың әр сәті, әр сөзі өнеге екені даусыз.

1982 жылы Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тық ақындар айтысында Түркістан ау­данының намысын қорғайтын болдым. Қар­сыласым – белгілі айтыскер Көпбай Ома­ров. Айтыстан үш күн бұрын Көкен атам­ның батасын алайын деп ауылға бар­ғанмын.

– Әй, сен айтысайын деп жатырсың ба? – деп сауал тастады Мәкең.

– Иә,

– Кіммен?

– Көпбай Омаровпен.

– «І...» – деп ойланып отырды да, – Қа­лай айтыспақсың? – деді әкем, сынай бар­лап. Бірер пікірімді тыңдаған соң: – Көпбай айтыстың арыстаны болса, сен сахнаға енді шығып тұрсаң, мына сөздерің саған опа бере ме? Көпбайды жеңу үшін емес, тең түсу үшін айтыс. Сенің жеңісің – сол. Көпбай мақамды ақын, уәжге жүйрік, оның үстіне сырнайының сиқырлы үні де тыңдарманын баурап, ой толғауға мұрсат береді ғой, – деді Мәкең. Сол жолы менің Көпбаймен айтысымды төрешілер тең деп бағалады. Өзім де көп ұзамай айтысқа сырнаймен шығатын болдым. Мен мұны әке тәлімі деп ұғамын.

Әкеміздің 60 жылдық мерейтойы шын мәніндегі өнер мерекесі болып өтті. Аудан басшылары да барын салды. Тіпті үй-жай да назардан тыс қалмады, айналдырған бірер аптада есік алдына кіреберіс сенек те тұрғызылды. Жұмыс біткен соң әкем ПМК-ның бастығын шақырып, қызмет ақысын сұрады. – Ой, Мәке, сіздің мерейтойыңызға жасаған тартуымыз ғой, – деді аңқылдаған қалыпта.

– Жоқ, шырағым, сенің қалтаңнан берерің болса бір сәрі, бұл – мемлекет қаржысына салынды ғой, мен секілді әркім 60-қа толдым деп опырып жей берсе не болмақ. Мынаны кассаңа құй, – деп соңғы тиынына дейін санап қолына ұстатқан әкемнің осы бір қылығы, әттең-ай, көп замандастарына бұйырмады ғой.

Мерейтойы қарсаңы болатын. Есік алдына автодүкен кеп тоқтады.

– Мәке, облыстық сауда ұйымы басшылары жіберген еді, – деді мән-жайды баян­даған жігіт. Дүкенде не жоқ дейсің, қы­зылды-жасылды дүниеліктер көз сү­рінгендей.

– Шырағым, бізге басы артығының қажеті шамалы. 30-40 адамдық киттік матаны ақшаға есепте, – деді әкем.

«Ойбай-ау, мынаны апарып сатып жіберсең миллионер болып шыға келе­сің ғой, ә» – деп гүбір ете қалған бір ағайынды: – «Әй, не деп тантып тұрсың, саудагер ме едім. Ертең Мәкең көрсеқызар екен деген атқа қалдырайын деп тұрсың ба?» – деп тыйып тастады. Дүниені шын мәнінде қолдың кірі деп қана қабылдаған ондай адамдар сирек қой, шіркін.

Кеңес өкіметінің шығармашылықты бағалағанының жарқын бір көрінісі – жазғаныңа «гонорар» төлеуі еді ғой. Бір қызығы біздің әкеміз қолына сол ақшаны ұстаған пенде емес. Болмашы зейнетақы алатын әкесінің көңілін аулағандығы ма, бәрін сол кісіге аудартып қойған. Әкесі Көкен де: «Әй, осы жолы пенсиям аз боп қалды, жөнді жазбай жатсың-ау», – дейтін әзілдеп. Бірде әкеміздің атына қомақты қаржы келді. Жаңа кітабының қаламақысы – бір автокөліктің құны. Ауылдың пошташысына: – «Тәтемнің пенсиясы ғой, сол кісіге беріңіз», – дейді әкем. Ондай көп ақшаны қолға ұстамаған Көкен шал да: – «Әй, мынау көптеу сынды ғой, Манаптың өзі алсын», – дейді бас тартып. 5-10 күн тартыстан соң ақыры «пенсиясын» алған атам: «Әй, ақбасым жарады, 12 жасынан нанын жегізді ғой маған», – деп отыратын-ды. Әкесін қатты құрметтейтін Мәкең ол кісі қайтқан соң бірден қартайып кеткендей көрінді ма­ған. «Әкемнің бір-ақ арманы бар еді, – дей­ді әкесінің қазасында. Жұрттың бәрі «ой­пырмай Манаптың әкесінің қандай арманы болды екен?» деп елеңдейді ғой баяғы.

– Менің пенсияға шыққанымды көре алмай кетті ғой, – дейді, 59 жарым жас­тағы Мәкең сонда да сабырлы қалпынан бір танбастан өзіне тән жылы әзілмен. Айтпақшы, сол зейнеткерлікті әкесі түгілі Мәкеңнің өзі де көре алмай кетті. Айықпайтын дерт жабысқанда ол кісі Пайғамбар жасында еді. Әкеміздің дертіне аудандағылардың істер қайраны қалмай облыстық ауруханаға жөнелтті. Мұнда да көңіл сұраушылар көп, кісі аяғы басылмайды. Бір күні барсақ әкем жоқ. Күтуші қыздары: – Қазір пәлен бөлімге кездесуге кетті, – дейді жайбарақат, іле түсінбей тұрғанымды аңғарып: – Емханада жатқан аурулардың өтініші бойынша Мәкеңмен кездесулер ұйымдастырылып жатыр ғой, – деп сөзін жалғады. Сенерімді де, сен­бесімді де білмеймін. Соншалық ауыр сырқат кісі қалай кездесу өткізеді. Сөйт­кенше жылжымалы арбамен әкемді жет­кізді. Түрі шаршаңқы көрінгенімен, көңілі көтеріңкі.
– Мәке, осындағылардың қайсысына қандай жазмыш бұйырып тұрғаны бір Құ­дайға аян ғой. Сізді көрген бар, көр­ме­ген бар кездесуге ынтық, – деп таныс жігіт­тер қолқа салып еді. Сөздерін жерге тас­тай алмадым, – дейді әкем. Көптің адамы да.

Бақилық боларынан бір күн бұрын інісіне айтып семіз жылқы алдырған, базарға кісі жіберген әкеміз:

– Балам-ау, «біреу сабаққа келеді, біреу тамаққа келеді» дегендей, көңіл сұ­раушылар көп қой, – дей салды елеусіздеу. Сөйтсем, абыр-сабырда бізді сасқалақтап қалмасын деген ішкі даярлығы екен ғой.

Сол түні әулетіміздің үлкені – Мү­тән атамызды шақыртты. Есіктен ене еңіре­ген атамыз: «Мен кәрі құзғын бол­дым ғой, көрейін дегенім осы ма еді?» – деді, әкемді құшақтай құлап. Шалқа­сынан, қолын айқастыра жатқан Мәкең: – Ата, сабыр сақтаңыз, шаршап қаласыз, – деді де, «Құныт» дұғасын оқып шықты. Дауыс ырғағы бірқалыпты естілді. «Раббәнә әтинә фид дүниә хаса­нә­тән уа фил ахирати хасанәтән уа қина аза­бан нәр», – деп жалғастырған ол, шүңі­ректене түскен жанарын тік қадап: «Өздеріңіз осылай демейсіздер ме, ата?» – деді сұраулы кейіпте. Сөйтті де есін жиып, өзіне келген атамызға қосылып кәлима айтқан әкеміз, иманын үйіртті. Үйді зілмауыр өлі тыныштық жайлады. Шамалыдан соң: – Ата, шаршадыңыз ғой, де­малыңыз, балаларға бас-көз болыңыз, мен де тынығайын, – деді әкем. Атамыз есіктен шығысымен: «Шай әке­ліңдер!» – деген Мәкең, ұсынған кеседен бірер ұрттап, отырғандарды бажайлай көз жүгіртіп шолып шықты да: «Мен аяғымды үзеңгіге салып тұрмын, қазір аттанамын. Қолдарыңды жайыңдар, батамды берейін», – деді. Өлеңмен өрілген тілек төгіле берді, төгіле берді.

Әттеген-ай, есіміз кіресілі-шығасылы қалыпта отырған біздің әкеміздің соңғы өсиетнамасын түгел зерделеп аларлық әддіміз қайсы, ол үшін дүниеге Манап болып жаратылуың керек шығар. Алақандар жаюлы, боталаған көздер. Шыбынның ұшқаны естілердей тыныштық. Тек Мәкең айтып жатыр, айтып жатыр...

Ентігіңкіреп қалған әкемнің даусында ілкі діріл пайда болды, ішкі толғанысын басқысы келді ме, терең тыныстап барып, ары жалғап кетті:
...Ағайын тұрсың қаумалап, 
Тапсырғалы отырмын,
Алланың жанын аманат.
Пайғамбар жасқа жеткесін,
Аз жасадым демеймін,
Бәріне шүкір, қанағат.
Дұғай сәлем ел-жұртқа,
Болыңдар сау-саламат!
Дұғаңмен жоқтай жүрерсің,
Арттағы қалған жамағат.

Ал бауырларым, артық сөзім болса, ағат ісім болса кешіріңдер. Мен сендерге ризамын, сендер де разылықтарыңмен мені ақ жолға аттандырыңдар, – деп жантаюға бет алған әкемізді қолтықтан демей бердік. 5-10 минут өтер-өтпестен-ақ қол-аяғы суи бастаған Мәкең қайта тілге келген жоқ.

Сәуірдің барқыттай жылы, алқаракөк түнінің қойнында қыстыға ұзақ жыладым. Аспан әлеміне телміріп тұрып, кенет түн түнегін тілгілей жарқырап ағып бара жатқан жұлдызға назар аудардым: «Менің аяулы әкемнің бақилық болған жаны шығар-ау», – деген ой көкейімнен көпке дейін кетпей жүрді.

Әбдікерім МАНАПҰЛЫ, 

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері