Аймақтар • 17 Қазан, 2018

Әміре Қашаубаев фестивалінің бас жүлде иегері 1 миллион теңге алады

676 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

17-21 қазан аралығында Өскеменде Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің бірлесуімен Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фестиваль өтеді.

Әміре Қашаубаев фестивалінің бас жүлде иегері 1 миллион теңге алады

Әйгілі әншінің 130 жылдығына орай ұйымдастырылатын мерейтойлық шаралар шеңберінде 17 қазанда сағат 16:00-де облыс орталығындағы «Юбилейный» кинотеатрында шығармашылық интеллигения мен басты рөлдерді сомдаған актерлардың қатысуымен «Әміре» көркем фильмі көрсетіледі, осы күні кешке, сағат 19:00-де «Ертiс концерт» залында фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі болады деп жоспарланған. 18-20 қазанда Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінде Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фестивальдің конкурстық күндері, 21 қазан күні сағат 19.00-де Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында Қазақстанның мәдениет қайраткерлері мен өнер шеберлерінің қатысуымен Гала-концерт және қатысушыларды марапаттау рәсімі өтеді деп күтілуде.

Бүгін Өскемендегі аймақтық коммуникациялар қызметінде республикалық фестивалдің қазылар алқасы мен ұйымдастырушылары баспасөз конференциясын өткізіп, мәдени шара туралы жан-жақты айтып берді. Мәдениет және спорт министрлігінің репертуарлық саясат басқармасының басшысы Сәбит Барлыбаев республикалық ән сайысына Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан 40 жас өнерпаз келгенін, оларға  Қазақстанның Халық Әртісі Қажыбек Бекбосынов, өнертанушы, әміретанушы Жарқын Шәкәрім, Бақыт Үдербаева, Толғанбай Сембаев, Гүлмира Сарина, Амангелді Күзеубаев, Ербол Айтбаев секілді дәстүрлі әншілер қазылық ететінін жеткізді. Байқаудың бас жүлде иегеріне 1 миллион, 1 орынға 700, 2 орынға 500, 3 орынға 300 мың теңге берілетінін, бұған қоса Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Манарбек Ержанов атындағы арнайы жүлделер бар екендігін тілге тиек етті.

Дәстүрлі әнші Ғарифолла Құрманғалиевке 28 жыл шәкірт болып, қасында жүріп, тәлімін көрген Қажыбек Бекбосынов: «Әміре туралы Кеңестік кезеңде Жүсекеңдер мен Ғарекеңдердің сыбырлап айтқанынан естідік. Ашық айта алмайтын. Әмірені Әміре қылған - Аланның оған берген ерекше дарыны. «Әміре қайтыс болғаннан кейін мен елдің аузына іліктім. Әйтпесе Әміренің қасында түкке тұрмайтынмын» дейтін ұстазым Ғарекең. Шындық па? Шындық. Ол кісі шынын айтып отыр. Ол кісі ашығын айтатын адам болатын. Ұлтты сақтайтын тіні, ділі - өнері. Үлкен тойға келіп отырмыз. Ұрпаққа сабақ болатын жиынға келіп отырмыз. Құтты болсын!», - деді.

Өнертанушы Жарқын Шәкәрім сөзін Әміренің де, Иса Байзақовтың небары 46 жыл өмір сүргенінен, Күләш Байсейітова да сол шамада ғұмыр кешкенінен, әйгілі әншінің жарты ғұмыры қазақтың ән айту мәдениетін жер шарына таратумен, жартысы қиналумен өткенінен бастады. «Зиратына шейін жоғалып кетті. Алла қолдап, 1974 жылы Мәскеуден Әміренің дауысын тауып, Алматыға алып келдім. Ғарифолла, Жүсіпбек, Қанабек, сол кездегі барлық әншілер: «Ойбай, Әміренің дауысы табылды ма?» деп қатты таңғалды. Сол кездегі Мәдениет министрі Еркінбек Жексенбеков шақырып алды. Дауыстың табылғаны үлкен резонанс болды. 1980 жылы Әміре атындағы тұңғыш конкурс өтті. Көрдіңіз, ба, дауыстың табылғаны Әміренің құлпытасын орнатуға, байқау өткізуге жол ашты. Міне, бүгін Өр Алтайда Әміре атындағы фестивал өтіп жатыр. Сіздерге көп рахмет. Бүгін Өскеменде 200-300 адамға Әміреге ас берілді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, облыс әкіміне, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Азаматқа алғыс айтамын», - деді әміретанушы.

 Дәстүрлі әнші Бақыт Үдербаева 1980 жылы алғаш рет ұйымдастырылған Әміре атындағы байқауда тұңғыш  Гран-при иегері атанғандығын айтып, сайыс өнерге жол ашқанын еске алды. «Байқау әлі күнге дейін есімде. Бір айтқанда 7 әнге дейін айтатынбыз», - деді әнші.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН