Ауыл • 18 Қазан, 2018

Өңір экономикасына серпін қосар үш жоба

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында Қытай бизнесмендерімен бірлескен үш инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Теледидар шығаратын зауыт (НКС Corporation Limited), YTO маркалы трактор­ құрастыратын өндіріс құру (YTO Group Corporation), ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете өңдейтін заманауи кешен («BioQrain» ЖШС) құрылысы басталатын уақыт та алыс емес. 

Өңір экономикасына серпін қосар үш жоба

Үкімет делегациясының құра­мында Қытайға барған облыс әкімінің орынбасары Мейір­жан Мырзалиев Қостанай қа­ласындағы Индустриялық ай­мақта теледидар шығаратын зауыт­тың биыл басталатын құ­ры­лысының Жол картасына қол қойды. Жақында трактор, ауыл шаруашылығы, құрылыс техникаларын шығаратын Қы­тайдағы, тіпті жалпы әлемдегі ең ірі өндірістің бірі YTO Group Corporation компаниясының делегациясы Қостанайға келіп кет­ті. Компанияның директорлар­ кеңесінің төрағасы Чжао Ишуи қостанайлықтармен ынты­мақ­тастық орнатуға, оның ішінде трактор өндірісін дамытуға ын­та­лы екенін білдірді. Айта ке­тейік, Қытай жағы осы жобаға жос­­­п­ар­лаған инвестициялық қар­жының алғашқы сатысындағы көлемі 25 миллион долларды құ­райды. 

Қостанай облысының инвес­ти­­ция­лық әлеуетіне Қытай да, Ре­сей де қызығушылық танытып отыр. Шығыстағы көршіміздің машина шығаратын Sinotruk, Hanteng automobile Co., Ltd., SANY Group компаниялары және Ресейдің «Красногвардейский ма­­шино­строительный завод» АҚ, «Сибеко» ААҚ Қостанай қаласындағы Индустриялық аймаққа өндірісін орналастыруға ынталы. Алдымен Индустриялық аймаққа ауылшаруашылық техникаларын өндіретін «Композит Групп» трансұлттық холдингі келіп үлгерді. Оның өнімі экс­портқа ТМД елдеріне артылады. 

Ауыл шаруашылығы өнім­дерін жеткізе өңдейтін заманауи кешенді қазақстандық «BioQrain» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі қытайлық ин­­вес­­торлармен бірігіп салатын болады. Қытайлық инвес­тиция арқылы жүзеге асатын бұл үшінші жобаға құйылатын қаржының көлемі 300 миллион АҚШ долларын құрайды. Кешеннің құрылысы келесі жылы басталады. Қостанайда жүзеге асатын осы үш жоба да «Бір белдеу – бір жол» және «Нұрлы жол» бағдарламалары қолдау көрсететін Қазақстан-Қытай ин­ве­с­­тициялық жобалардың тізіміне кіреді.

– Ірі үш жоба да өңір эко­номи­касына серпін беретін бо­лады. Әрине құрылған әр кәсіп­орыннан қостанайлықтар өзінің жұмыс орнын табады. Олар өндірген өнімнің барлығы да өңір­дің, еліміздің экспорттық әле­уетін кеңейте түседі, – дейді облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиев. 

Осындай ірі инвестициялық жобалар арқылы Қостанай өңірі экономикасының әртараптылығы да арта түсуде. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ