Қазақстан • 18 Қазан, 2018

Қазақстан ДЭФ рейтингінің үш параметрі бойынша бірінші орынды иеленді

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз орталығындағы брифингте Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің 2018-2019 жылдарға арналған рейтингінің нәтижелерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚР ҰЭМ.

Қазақстан ДЭФ рейтингінің үш параметрі бойынша бірінші орынды иеленді

Еске салсақ, рейтинг 35 жылдан бері шығарылып келеді. Қазақстан рейтингке 2006 жылдан бері қатысады. Есепке сәйкес, 140 елдің ішінде Қазақстан 59 орын алып отыр (Үндістан – 58 және Колумбия – 60), бұл 2017 жылғы жайғасымға сәйкес келеді (жаңа әдістемемен есептеу бойынша – 59 орын). 12 бәсекеге қабілеттілік факторы бойынша жақсарту бес фактор бойынша орын алды: «Институттар» +12, «Тауарлар нарығы» +10, «Инфрақұрылым»» +3, «Еңбек нарығы» +3, «Қаржылық жүйе» +2. Төмендеу төрт фактор бойынша орын алды: «Дағдылар» -5, «Денсаулық» -3, «Бизнестің қарқындылығы» -2, «Макроэкономикалық тұрақтылық» -1. Үш фактор бойынша жайғасым өзгерген жоқ: «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар», «Нарық көлемі», «Инновациялық әлеует».  

«Әлем бойынша Қазақстан мынадай параметрлер бойынша   1 орын алғанын атап көрсеткім келеді: корпоративтік басқару саласындағы акционерлердің құқығы; тарату және қайта құрылымдау рәсімдеріне қолданылатын құқықтық базаның баламалылығы мен тұтастығы; электрлендіру дәрежесі», - деді министр.

Бұдан басқа, Қазақстан бизнес ашу құны бойынша жетінші орында және мүдделер қайшылығын реттеу бойынша 11 орында тұр. «Көптеген факторлар бойынша Қазақстан аймақтағы елдерден және табысы салыстырмалы деңгейдегі елдерден озық тұрғандығын айрықша атап өткен жөн. Табысы ұқсас деңгейдегі елдермен салыстырғанда Қазақстан «Макроэкономикалық тұрақтылық», «АКТ», «Еңбек нарығы», «Нарық көлемі», «Білім және дағдылар», «Бизнестің қарқындылығы» факторлары бойынша жоғары көрсеткішке ие», - деді министр.

Екінші жыл қатарынан, алғашқы төрттіктегі елдер сол қалпы қалды, бұлар АҚШ, Сингапур, Германия және Швейцария. ТМД елдерінің арасында Ресей көшбасшы болуда (43 орын, 2 жайғасымға жоғары), одан әрі Қазақстан (59 орын, өзгеріссіз), Грузия (66 орын, бр жайғасымға жоғары). ДЭФ Қазақстанды «Еңбек нарығы» -30 орын және «Бизнестің қарқындылығы» - 37 орын секілді факторлар бойынша бәсекелестік артықшылыққа ие деп белгіледі. Сонымен бір уақытта «Қаржылық жүйе» (100), «Денсаулық» (97) және «Инновациялық әлеует» (87) ДЭФ ЖБИ рейтингінде Қазақстанның әлсіз факторлары болып табылады.  

«Тұтас алғанда, жыл сайынғы рейтинг нәтижелері Мемлекет басшысының Жолдауларында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру бойынша Үкімет жүргізіп жатқан жұмыстардың экономиканың бәсекеге қаблеттілігін арттыруда және азаматтарымыздың әл-ауқатын көтеруде көрініс тапқанын айғақтай түседі», - деді Тимур Сүлейменов.