Қазақстан • 19 Қазан, 2018

Зиялы қауым өкілдері Жолдауға пікір білдірді

925 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жақында жарияланған Жолдауы өзінің мазмұны жағынан ғылыми тұжырымдалуымен және өміршең талаптар қоюымен ерекшеленіп отыр. Жолдауда қысқа мерзімдік тактикалық міндеттер мен ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттар арасалмағы әрбір кезеңде стратегиядан такти­каға көшуді барынша ыңғайлы етудің креативті жолдарын көрсетуімен ерекшеленеді.

Зиялы қауым өкілдері Жолдауға пікір білдірді

Тұрақты дамуға бастайтын маңызды қадам 

Мемлекет басшысы ­Н.Ә.На­зарбаев елдің тұрақты дамуына ерекше назар аударып отыр. Бұл Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында анық кө­рінеді. Онда Қазақстанның қазіргі жағдайдағы даму ба­ғыттары айқындалған. 

Президенттің тапсырмалары ең алдымен халықтың әл-ауқат деңгейін арттыруды мақсат етеді. Елбасы адами капиталды білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларын қолдай отырып қамтуға ден қойып отыр. ІЖӨ-нің 10%-ын­ әлеуметтік салаға бағыттау елі­міз халқының әл-ауқатын жоға­ры­латуға септе­сетіні күмәнсіз. 

Біздің қоғамдағы шешімін көптен күткен мәселелердің бірі – адами капиталды қалыптас­тыруға өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген жандардың беделін көтеру. Президенттің «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау жайлы ше­шімі ұстаздарға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге, педагог ма­ман­дығына деген құрмет пен сый­ластық дәстүрін қайтаруға жол ашады. Онымен қоса, жоғары оқу орындарындағы кәсіби кадрлардың сапасына деген талап күшейеді. Әсі­ресе бүгінде инновациялық кәсіп­кер­лік бойынша мамандар дайындау өзекті болып отыр. 

Елбасының өте маңызды тағы бір тапсырмасын атағым келеді, ол – халық тұтынатын тауарлармен айналысу, қарапайым заттар экономикасын дамыту және ішкі нарықты отандық өнімдермен толтыру. Бұл халықты экономи­ка­ның тұрақтылығында әрі жал­­пы қоғамды ілгерілетуде ма­ңызды фактор болатын шағын және орта бизнестің өрісін кеңей­ту­ге атсалысуға ынталандыраты­ны анық. Осыған байланыс­ты елі­міз­де ғылымды қажет ететін өн­­ді­ріс бойынша шағын инно­ва­­­­циялық кәсіпорындарды құру мін­­деттері айрықша өзектілікке ие. 

Президент Жолдауы – бұл әр адамды игілікке жетелейтін сындарлы, заманауи жоспар. Ондағы көрсетілген кешенді шараларды жүзеге асыру Қазақстанды әлемдегі өмір сапасының жоғары стандарттары бар жетекші мем­лекеттер қатарына қосуға мүм­кіндік береді. 

Ғалым МҰТАНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик 
 

Табысты елдің алар асуы биік

Жолдауда Тәуелсіздіктің аз ғана мерзімінде біз заман сындарына жауап беретін экономикасы өркенді дамып келе жатқан прогрессивті мемлекет құра білдік, онда қоғамдық келісім мен бейбітшілік то­лық қамтамасыз етіліп, қазақ­стандықтардың күнделікті өміршең сұраныстарын қа­на­ғаттандыратын конс­титу­циялық және саяси реформалар жүзеге асып, сапалы және тарихи құрылымдық өзгерістер жасалды. 

Осының арқасында Қа­зақ­стан Республи­касы әлемдік қоғамдастықтың алдында және аймақ көлемінде күрделі ха­лық­аралық мәселелерді ше­шетін сенімді серіктес ретін­де танылып, Астана өзін халық­аралық үнқатысу алаңы ретінде көрсетіп келеді. Осы қысқа мерзімде Қазақстан халқының толайым еңбегінің арқасында үлкен сенімге ие болған елі­міз ТМД және Орталық Азия ел­де­рінің арасында бірін­ші болып халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізді. 

Жасампаз еңбектің арқа­сында өмір сүрудің сапалы жа­ңа әлеуметтік-экономи­калық негізі қалануына сай осы қысқа мерзімде еліміздегі халық са­нының 18 миллионнан асуы, Еуразияның қақ жүрегінде ғажайып арман-қаланың қар­жы-іскерлік, инновациялық және мәдени орталығына ай­налған Астананың салынуы таңдаған бағытымыздың дұ­рыстығын айшықтап тұр. Қа­зіргі заманғы әлеуметтік-эко­номикалық даму моделінде ерек­ше ден қойылатын бағыт демократиялық даму жолына түс­кен елдердің арасында кіші және орта бизнес­тің даму деңгейі болып саналады. Мұны Елбасымыз «...Дүниежүзілік банктің рейтингі бойынша 190 мемлекеттің арасында биз­нес жүргізуден Қазақстан 36-орынға көтерілді», деп мақ­танышпен айтып өтті. 

Осындай жетістіктер рухани тұрғыдан жаңғырған, «Мәңгілік ел» идея­сымен жігерленген елі­міз­ге 2050 жылға қарай страте­гиялық мақ­сат – әлемнің отыз да­мыған елі­нің қатарына кі­руі­міз ­ке­рек­тігі туралы Елба­сының нақ­ты айтуына мүм­кіндік беріп отыр. 

Президент әлем жедел өз­геруде, өзгер­мес­тей көрі­не­тін көптеген мәселелер – ха­­лықаралық сауда тәртібі ере­жесі, жаһандық қауіпсіздік жү­йесі жылдам қарқынмен құбыла түсіп, түрлі жаңа қа­уіптер мен сынақтарға төтеп бе­ретін мемлекет құруы­мыз­ды талап етіп отыр. Осы тұр­ғыдан қарағанда, өмір Қа­зақстанның алдына заман талабына сай жаңа техно­ло­гияларға, роботтандыру мен авто­маттандырылған ең­бек қорларын жасау арқы­лы адами капиталды жаң­ғыр­туға негізделген міндет қойды. Әлемдік қаржы-эко­номикалық қатынастар түбе­гейлі өзгерістерге ұшырап, эко­номиканың дамуында дағ­дарыстар циклының арасы қыс­қарып келе жатыр. Осындай жағдайда мем­ле­кет­тің табыстылығы мен қо­ғам­ның басты байлығын ада­ми ка­питалдың сапасын, қазақ­стандықтардың тұр­мыс деңгейін, әл-ауқатын кө­теру арқылы өлшеуге болады. Сондықтан Елбасы Жол­дауында «Тұрғындар табы­сы­ның өсімі» деп бекер айтылып отырған жоқ. Бұл міндеттің өзі бұрынғы бірқатар жарияланған құжаттардан туындайтыны айқын байқалады. Елбасының кезінде жариялаған «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қа­рай 20 қадам», «Ұлт жоспа­ры», «Қазақстан – 2050» Страте­гия­сы, «Мәңгілік ел» идеялары бүгінгі жобада айтылған. Жал­пы, бұл еңбек қоғамын жасай аламыз деген ойға әкеліп тірейді.

Әлемдік қаржы-эконо­ми­калық түйткіл­дер әлі жалғасуда. Айналамыздағы кейбір елдерге экономикалық санкциялар салынып жатыр. Олардың біздің елімізге де салқыны тиері анық. Солай бола тұрса да, Жол­­дауда Қазақстан Үкіметі­не 2019 жылдың 1 қаңтарынан ең тө­менгі жалақыны 1,5 есеге көбейтіп, 28 мыңнан 42 мың теңгеге көтеру талабы қо­йылып отыр. Мұның 1,5 мил­­лионға жуық адамды қам­ти­тынын ескерсек, бұл – еңбек­ке жарамды адамдардың әлеу­мет­тік жағдайы көтеріледі деген сөз.

Қазақ халқының «Ораза-намаз тоқтықта, иман кетер жоқтықта» деген мақалында айтылғандай, әлеуметтік жағ­дайы жоғары, тұрмыс дең­гейі биік адам ғана тола­йым­ды, көтеріңкі көңіл күй­мен еңбек етіп, заман үдеріс­тері­нің сұранысына сай рухани жаңғырып отыра алады. Сон­дықтан бұл Жолдау Ел­басымыздың халықтың тұр­мыс деңгейін көтеруді өз саяса­тының ең басты бағыты етіп алғанын көрсетеді. 

Жолдаудың екінші бөлімі өмір сүру сапасын жоғарылату деп аталып, онда халықтың әл-ауқатын арттырудың екінші бағыты білім, денсаулық, тұрғын үй және жайлы да қауіпсіз жағдайда өмір сүру сапасының жақсаруы деп айтылды. Алдағы бес жылда білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің 10 пайызын құрайды деп белгіленген. Бұл жай ғана көрсеткіш емес, осы талап жүзеге асқан жағдайда Қазақстан бұл салаға көңіл бөлу және қаржыландыру тұр­ғысынан әлемдік жетекші ел­дер­дің тобына жетіп қалады. Ел­басының Жолдауда берген тапсырмалары мектепке дейінгі, орта мектеп және жо­ғары мектеп мәселелерін толық қамтиды. Әсіресе ұстаз­дар қа­уымының көңілінен шы­ғып отырған мәселе «Педагог мәр­тебесі туралы» заңды дайын­дап, қабылдау керек деген тап­сырмасы болды. Бұл бар­лық деңгейдегі ұстаздар қа­уы­мы­ның көптен күткен мәселесі еді. 

Жолдауда көп назар ауда­рылған жайт жоғары оқу орын­дарының мамандар дайындау мәселесінде сапаға баса кө­ңіл бөлуі керектігі туралы болып отыр. Тәуелсіздік жыл­дарында білім саласында жүргізілген реформаларға байланысты ЖОО саны кө­бей­гені белгілі. Ендігі жерде мәселені олардың санын көбейту емес, сапасын арттыру арқылы шешу керектігіне назар аударылды. Заман талабына сай емес жоғары оқу орындары қысқартылып, білім нарығында жоғары сапаны қамтамасыз ете алатын жоғары оқу орындары ғана қалу керек.

Елбасы Жолдауының соңғы бөлігінде әрбір қазақстандық елімізде жүріп жатқан өзге­рістерге түбегейлі түрде қаты­сып, бәрімізге ортақ идея­лар­дың төңірегінде бірігіп, «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығару» қажет екендігін баса ескертті. Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ха­лық тарапынан кең қолдау тауып, қоғамымыздың жаңғыру үдерісіне күшті серпін беріп отырғандығын айта келе, оны заман талабына сай жаңа маз­мұнмен байытудың қажет екендігін ескертті. Бұл мәселе алдымен жастарды қамтитынын, отбасы институты мемлекеттік саясаттың басты басымдығының бірі еке­нін көлденең тартып, алдағы жылды «Жастар жылы» болсын деді. Осы орайда ауылдық аймақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырта отырып, «Ауыл – ел бесігі» деген жаңа жобаны іске қосуымыз керек екенін атап көрсетті. 

Бүгінгі таңда «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да жоғарыда аталған міндеттерге сай жұмыстарды бастап кеттік және ұдайы жүргізіп жатырмыз деп айта аламыз.

Университеттің Қоғамдық сананы жаң­ғырту кеңсесінің ұжымы университет педагогтарымен бірге Елбасының Қа­зақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған Жол­дауын көтеріңкі көңіл күймен қабылдап, оны жүзеге асыруға белсенді үлес қосуға дайын.

Жобалық кеңсе құрылған қысқа мерзімде мәселелер көп­­теген бағдарламаға қатыс­ты жоспарланып жүйелі түрде іске асырыла бастады. Нә­­ти­жесінде аймақтық жоғары оқу орындары арасында жақсы көрсеткіштер­ге қол жеткізіліп отыр. Кеңсе жоспарына сай жүзеге асыр­ған жұмыстарымыз Прези­дент Әкімшілігінің Ішкі сая­сат бөлімі тарапынан жақсы баға алып, «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша еліміздегі ал­дыңғы қатарлы оқу орын­дарының қатарында тұрмыз. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қы­рық­тан аса кіші жоба жасалып, ұсынылды. Жұмыспен университеттің барлық жоғары мектептері мен факультеттері, кафедра­ла­ры толық қамты­лып, бұл іске профессор­лық-оқытушылар құрамы да бел­сенді үлес қосып отыр. 

Гүлнар ЖАНЫСБЕКОВА, 

М.Әуезов атындағы ОҚМУ Қоғамдық сананы жаңғырту жобалық кеңсесінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Жалпы тарих және мұражай ісі» кафедрасының доценті

Әлеуметтік сала қашанда назардан тыс қалмайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бұған дейінгі Жолдауларда айтылған Президент идеяларының векторларын нақтылайды. 

Ғылым саласын өркендету, ел экономикасын технологияландыру, шағын бизнесті ынталандыру, адами капиталды дамыту, құқық қорғау жүйесін реформалау, мемлекеттік басқаруды жетілдіру қажеттілігі туралы мәселелер өте өзекті болып отыр. Дегенмен де биылғы Жолдау алдыңғы Жолдаулардан әлеуметтік салаға айқын басымдық беруімен ерекшеленеді. 

Президент атап өткендей, бар­лық мемлекеттік органдар қыз­метінің негізгі мақсаты қазақ­стан­дықтардың өмір сүру сапасын арттыру болуы тиіс. Елбасы ұсынған бұл стратегиялық құжаттың негізгі идеясы осы тұжырымдаманың айналасында  өрбіді. 

Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі страте­гия­лық мақсатқа қол жеткізу шеңбе­рінде Президент адами капиталды дамытуға көңіл бөлуді ұсынады. 

Мектепке дейінгі білім беру жү­йесінен бастап білім беру сала­сын толықтай қайта жаңғырту мін­деті қойылды. Қазіргі таңда адамның өз әлеуетін толық жүзеге асы­руы үшін тек қана кәсіби ше­берліктің жеткіліксіз болатынын бүкіл әлем мойындап отыр. За­манауи маманның бойында 4 түрлі қабілет болуы тиіс: сыни ойлау, креативтілік, коммуникация және кооперация дағдылары. Бұл қабілеттерді жастайынан бойға сіңіру маңызды. 

Мектептегі білім беру әдістемесі төңірегіндегі мәселе түпкілікті шешімін табады деп ойлаймыз. Назарбаев зияткерлік мектептері орта білім беру жүйесінің алдыңғы шебінде келеді десек болады. Осы мектептерде жаңа әдістемелерді сынақтан өткізіп, оң нәтижелер алынғаннан кейін, бұл тәжірибе Қазақстанның барлық мектебіне таратылатын болады. 

Президент әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелерді жиі қозғап келеді. Олардың арасында, мысалы, азық-түлік пен меди­ци­налық препараттардың сапасын бақылау, коммуналдық қызмет­тердің қымбат болуы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымның дамымауы, мем­лекеттік қызмет­ші­лерге ар­нал­­ған тұрғын үй серти­фикаттары жүйесі секілді мәсе­ле­лер бар. Менің ойымша, бұл – Пре­зидент бар­лық жағдайды қа­да­ғалап отырғанды­ғын білдіреді.

Өңірлік басшылар алдында да үлкен міндеттер тұр. Президенттің тапсырмасы шеңберінде барлық типтегі елді мекендер үшін өңір­лік стандарттар әзірленеді. Стан­дарт­тар әлеуметтік игіліктер мен мем­ле­кеттік қызметтерге қолжетім­ді­лік­тің, көліктік, мәдени-спорттық, іскерлік, өндірістік, цифрлы ин­фра­­құрылыммен қамтамасыз ету­дің нақты көрсеткіштерін қамтитын болады. 

Аумақтық дамудың осындай тактикасы Сингапурда белсенді қолданылып келеді. Айта кетер­лігі, Сингапур таланттарды елге тарту рейтингі бойынша 2-орынды, ал өмір сүру жайлылығы бойынша 25-орынды иеленеді.  

Инфрақұрылымды дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік құралдары да пайдаланылатын болады. Бұл өз кезегінде өңірлердегі инвестициялық іскерліктің дамуына және өмір сүру деңгейі бойынша өңірлік теңсіздіктің төмендеуіне түрткі болады. 

Жалпы, Елбасының Жолдауы бір жағынан, қазақстандықтардың негізгі сұрау­ла­рына жауап береді, екінші жағы­нан, Қазақстанның әлемнің ең да­мыған 30 елінің қатарына кіру бағы­тында сенімді қозғалуына ықпал етеді.

Ержан САЛТЫБАЕВ,

Әлемдік экономика және саясат институтының директоры