Қазақстан • 19 Қазан, 2018

Қазақ­стан 140 елдің ішінде 59-орынға табан тіреген

366 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет үйінің баспасөз орталығын­да өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылғы Дүниежүзілік эко­номикалық форумның жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік индек­сінің қорытындысын баяндады. Сондай-ақ министр Президент Жолдауын іске асыру барысы туралы айтты.

Қазақ­стан 140 елдің ішінде 59-орынға табан тіреген

Таяуда Дүниежүзілік экономикалық форум 2018-2019 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индек­сінің жыл сайынғы рейтингін ресми түрде жариялаған болатын. Онда Қазақ­стан 140 елдің ішінде 59-орынға табан тірегені көрсетілген. Бұл көрсеткіш былтырғы деңгеймен сәйкес. 

Айта кетерлігі, бәсекеге қабілеттілік факторының аясында Қазақстандағы «Тауарлар нарығы», «Инфрақұрылым», «Еңбек нарығы», «Қаржылық жүйе» сынды бағыттар оң бағаланды. Сонымен қатар еліміз 2017 жылмен салыстырғанда 0,7 балға жоғарылап, жалпы көрсеткіш 61,8 бал құрады. Бұл нәтиже арқылы Қазақстан тізімдегі Колумбия, Түркия, Перу сынды елдерден оқ бойы озық тұр. 

Дүниежүзілік экономикалық форум Қазақстанды «Еңбек нарығы» бойынша 30-орынға, «Бизнестің қар­қындылығы» бойынша 37-орынға, «На­рық көлемі» бойынша 45-орынға, «Білім және дағдылар» бойынша 57-орынға, «Тауарлар нарығы» бойынша 57-орынға, «Институттар» бойынша 61-орынға, «Макроэкономикалық тұрақ­тылық» бойынша 62-орынға, «Инфра­құрылым» бойынша 69-орынға лайықты деп тапты. 

Жиында Т.Сүлейменов бәсекеге қабілеттіліктің жекелеген бағыттары бойынша одан әрі өсу үшін Үкімет бірқатар пәрменді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»