Медицина • 22 Қазан, 2018

Өнер жұлдыздары «Денсаулық елшісі» атанды

574 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Өнер жұлдыздарымен кездесуді аталы сөзбен бастаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов салауатты өмір салтын сақтауды дәріптеуде елге етене жақын өнерпаздардың рөлі ерекше екеніне тоқтала келіп, бірқатар белгілі актер, әншілерге және спортшыларға «Денсаулық елшісі» белгісін табыстады.

Өнер жұлдыздары «Денсаулық елшісі» атанды

Қазанның 25-26 күндері елордада өтетін Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған жаһандық конференция қарсаңында өнер жұлдыздарына берілген бұл атақтың мәні зор. Өйткені жұрт танымал тұлғаларға қарап бой түзейді, жастар оларға еліктейді. Осы тұрғыда халық назарындағы әншілер мен актерлердің күнделікті дұрыс тамақтанып, спортпен айналысуы адамдарды салауатты өмір сүруге тез жетелейтіні анық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру бойынша Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар бергені белгілі. Ал бұл салада істелетін жұмыстарға бүгінгі «Денсаулық елшілерінің» қосар үлесі де аз болмақ емес.

«Елбасы өз Жолдауында қазіргі күні денсаулық сақтау саласы мен медициналық қызметтің сапасы халықты мазалап отырған ең басты мәселе екендігін атап өткен болатын. Әрине, біздің медицина саламызда мәселе көп. Бірақ, әр адам денсаулығының 50 пайызы оның салауатты өмір сүруіне тікелей байланысты екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қазақта «Ауырып ем іздегенше,  ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Сондықтан біздің министрліктің стратегиясында аурулардың алдын алу маңызды бағыт. Соңғы жылдары дене шынықтырумен айналысатын адамдардың саны артып келеді. Дұрыс тамақтану мәселесі де жиі көтеріледі. Біз осы жұмысқа халық сыйлайтын сіздер сияқты танымал  азаматтарды қосуды жөн көрдік», деген министр Е.Біртанов «Денсаулық елшісі» төсбелгісін әнші, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдинаға, актер Нұрлан Әлімжановқа, әнші Қайрат Нұртасқа, әнші, кәсіпқой боксшы Ибрагим Ескендірге, грек-рим күресі бойынша олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкоға және «Спарта-Астана» КТК тобының капитаны Данияр Жұмаділовке тақты.

«Денсаулық елшілері» Денсаулық сақтау министріне алғыстарын айтып, жаңа бастамаға қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. «Салауатты өмір салтын насихаттау – әрбір азаматтың парызы. Бұл атақ бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Министрліктің аманатын халыққа жеткізуде белсенді жұмыс атқарамыз. «Елші» деген атымызға лайық екі араға алтын көпір болуға күш салып, спортпен айналысатын боламыз», деп уәде берді әнші Қ.Әбілдина.

Ал актер Нұрлан Әлімжанов салауатты өмір салтын сақтау тән саулығымен қоса рухани жаңғыруға да оң әсер ететінін айтты. «Кезінде Батырхан Шүкенов БҰҰ аясына керемет бастамаларды жүзеге асырып, қаншама халықты соңынан ерткені белгілі. Осындай үлкен жауапкершілікті бізге жүктеп жатқаныңыз бәріміз үшін мәртебе. Өнер адамдары мен ақ халатты абзал жандардың жұртшылықты жақсылыққа шақырған игілікті ісі жаңғыра берсін. Бұл да бір рухани жаңғыру деп білеміз. Өйткені адамның рухы сау болған кезде ой-санасы да, дені де сау болады», деді ол.

Медицина саласының тағы бір өзекті мәселесі ана мен бала денсаулығы екеніне тоқталған министр Қарақат Әбілдинаны халық әнші ретінде ғана емес, аяулы ана деп те құрметтейтіндігін, «Ана мен бала» бағдарламасындағы істеп жатқан жұмыстарын жоғары бағалайтынын атап өтті. «Әрбір пенде дені сау ұрпақты тілейді. Өкінішке қарай, елімізде айықпас дертке шалдыққан балалар көп. «Ана мен бала» бағдарламасын жүргізу барысында соған көзім жетті. Бұл көбінесе жүктілік кезіндегі кеткен қателіктерден туындап отыр. Яғни, болашақ ана өзінің денсаулығына селқос қарайды. Бұл қазіргі таңда дабыл қағатын мәселе. Сондықтан кез келген бала сүйгісі келетін әйел денсаулығын күтіп, баланы жоспарлы түрде дүниеге әкелуге дайындалса екен», деді бес баланың анасы Қ.Әбілдина. 

Кездесу соңында Денсаулық министрі «елшілерді» 24 қазанда Астанадағы Ботаникалық бақта өтетін «Сөзден іске/Walkthe Talk/От слов к делу» акциясына қатысуға шақырды.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»