Әдебиет • 22 Қазан, 2018

Оралда жазушы Хамза Есенжановқа ескерткіш орнатылды

1307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында көрнекті жазушы Хамза Есенжановтың 110 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар өтіп жатыр.

Оралда жазушы Хамза Есенжановқа ескерткіш орнатылды

«Ақ Жайық» трилогиясының авторы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Хамза Ықсанұлы Есенжановтың 110 жылдық мерейлі толуына орай Орал қаласындағы «Жеңіс» саябағында жазушыға бюст орнатылып, мерекелік іс-шаралар басталды.

Ескерткіш белгінің ашылуына Алматы қаласынан академик, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, Хамза Есенжановтың немере інісі Айтқожа Биғалиев, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филолгия ғылымдарының кандидаты, жазушының келіні Дина Есенжан, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, әдебиетші-зерттеуші Сайлау Сүлейменов, тарихшылар, өлкетанушылар, кітапханашылар, ұстаздар, студенттер және мектеп оқушылары қатысты.

Бұдан кейін Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Хамза Есенжанов – адамзаттың асылы» атты ауқымды мәдени жиын болып, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Тұғыры биік талант» атты естелік кітаптың тұсауы кесілді.

Мәдени жиын аясында театр фойесінде «Қайсар талант арқалаған нар сенім, ұмытпайтын ұрпақтарың бар сенің» деген тақырыппен көлемді кітап көрмесі, фото-экспозиция және мұрағаттық жәдігерлер көрермен назарына ұсынылған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Фотосуреттерді түсірген Рафхат Халелов