Белгілі экономикалық сарапшылардың айтуынша қазіргі таңда еліміздегі кәсіпкерлікке ең қолайлы қоныс, орта және шағын бизнестің дамуына серпін беріп отырған ірі орталық – Астана қаласы. Бұл тұжырымды халықаралық беделді сарапшылық орталықтар да қуаттайды. Мәселен, 2017 жылы Бүкіләлемдік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингі бойынша Астана қаласы еліміздің өңірлері ішінде ұлттық рейтингтің көшбасшысы атанып, Мемлекет басшысының арнайы сыйлығына ие болды.
Соңғы сегіз жыл ішінде елордадағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бес есе артқан. Бас қаламыздың ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі 54,4 пайыздан асып жығылды. Сонымен бірге бүгінде ШОБ субъектілері елордадағы негізгі жұмыс берушіге және қаламыздың бас инвесторына айналып отыр. Елордада сауда және қызмет көрсету салаларында шағын кәсіпкерлік ашу барынша жеңілдетілген. Арнайы ашылған Қалалық қызмет көрсету орталығының да бизнес жүргізуді барынша жеңілдетуге қосып отырған игі ықпалы өлшеусіз. Осы орталықта кәсіпкерлер мен инвесторларға кез келген уақытта «бір терезе» қағидаты бойынша коммуналдық қызметтен бастап, архитектура және жер қатынастары мәселелеріне байланысты барлық қызмет түрі көрсетіледі.
Қалалық кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция жөніндегі басқарма басшысы Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, бизнес жүргізуді жеңілдетуге байланысты елордада тиімді жұмыс істеп келе жатқан республикалық және қалалық бағдарламалар шеңберінде соңғы жылдары жалпы құны 175 миллиард теңгені құрайтын 1163 жобаға қолдау көрсетіліпті.
Көзіқарақты қала тұрғындары биыл көшелерде жеміс-жидек және көкөніс сататын жоғары талғамға сай дүңгіршектердің көбейе бастағанын байқаған шығар. Бұл – Астана қаласы әкімдігінің арнайы қабылдаған «Көше саудасына – 1000 орын» атты жаңа бағдарламасының аясында жасалып жатқан игі бастаманың көрінісі. Өткен жылы осы бағдарламаны іс жүзіне асыру мақсатында «Аstana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы құрылды. Қала көшелерін абаттандыру тәртібіне өзгерістер енгізіліп, тұңғыш рет көше саудасына қатысты субъектілер арасында онлайн режімдегі аукцион өткізілді.
«Осы бағдарлама аясында қазан айына дейін көкөніс, гүл, газет және кәдесый сататын дүңгіршектер, фаст-фуд және басқа қызмет көрсету нүктелері үшін 580 жер телімі бөлінді. Біз арнайы ашылған сайтта белгілі бір орынға конкурс жариялаймыз. Екі апта уақыт ішінде кез келген кәсіпкер конкурсқа қатысу үшін өтініш беруге тиіс. Содан кейін ашық түрде онлайн режімде аукцион өткізіліп, жеңіске жеткен кәсіпкер павильон орналастыратын жер теліміне ие болады. Стандартты павильонның көлемі – 10 шаршы метрге тең. Жер телімі 10 жыл мерзімге жалға беріледі. Бүгінге дейін осы бағдарлама аясында жекеменшік субъектілерден 1,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1200 жаңа жұмыс орны ашылды», дейді «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Сонымен бірге бұл әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына кәсіпкерлер қаламыздың белгілі бір ауданында қонақүй, жанар-жағармай стансасын немесе бизнес орталықтары құрылысын салу үшін өтініш берулеріне болады. Корпорация бұл өтініштерді зерттеп, аталған нысандардың қаншалықты қажеттігін анықтайды. Қазір кәсіпкерлер тарапынан түскен осындай 17 жоба мақұлданып, қала экономикасына 34 млрд теңге инвестиция тартылды.
«Astana» ӘКК» акционерлік қоғамы коммуналдық меншікті жалға беру жөніндегі өңірлік бағдарламаларға да белсене қатысуда. Мәселен, елорда әкімдігі ӘКК-ге жалпы көлемі 45 мың шаршы метрді құрайтын коммуналдық меншікті сенімді басқаруға берді. Оның 11 мың шаршы метрді құрайтын нысандары қазірдің өзінде жалға берілді.
Шағын және орта бизнес шын мәнінде Астана қаласының экономикалық дамуына, әлеуметтік проблемаларды шешуге, жұмыссыздықты азайтуға барынша ықпал ететін қуатты қозғаушы күшке айналып келеді. Сондықтан кәсіпкерлікпен айналысуды ниет қылған қала тұрғындарына бизнес жүргізуді жеңілдетуге арналған қала әкімдігіндегі арнайы бағдарламаларға қатысып, бақ сынап көрулері үшін барлық мүмкіндік жасалған.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»