Ауыл • 24 Қазан, 2018

Жұмыр жердегі жақұт мекен

1255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тылсым табиғаттың адамды өзіне баурап алатын ерекше қасиеті бар. Көркіне көзің тоймайтын мөлдір бұлағы, самсаған бұйра қою қарағайы, қолмен қойып қойғандай тарғыл тау-тасы, жібектей есіп жаныңды жадыратар самал желі, аспанмен таласқан асқар тауы, тау жотасында күнмен шағылысып жатқан аппақ қары адамның жанын жадыратып, бойына күш- қуат беретін жер жәннаты – Кенді Алтайдың солтүстік-батыс бөлігіндегі Риддер қаласының төңірегіндегі «Батыс Алтай» мемлекеттік табиғи қорығы. 

Жұмыр жердегі жақұт мекен

Таяуда «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары тәжірибе алмасу үшін Риддердегі та­биғи қорыққа сапар шектік. Қорық сол елді мекен табиғатының зертханасына айналғанына көз жеткізіп, көңіліміз тоғайды. 

Өткен ғасырдың 80-жылдарында қазіргі қорық орнында шаруашылық нысандары болған екен. Қазақтың бетке ұстар қоғам қайраткерлері Алтай өңіріндегі әлі бүліне қоймаған тұмса табиғатты, оның өсімдіктер дүниесін, жан-жануарларын сақтап қалу үшін қорық ұйымдастыру туралы бастама көтеріп, Үкіметке ұсыныс жасаған. Қорық үшін бұдан артық қолайлы жер табылмайтынын олар жақсы білген екен. Осылайша 1992 жылғы 3 шілдеде Үкімет қаулысымен 56 078 гектар аумаққа созылып жатқан «Батыс Ал­тай» мемлекеттік табиғи қорығы құ­рылған. 2007 жылы аумағы тағы 30 мың гектарға кеңейтіліпті. 

Бүгінде Алтай сілемдерінің бар сұлулығын қамтыған өңірде өсімдік пен жан-жануарлардың сан алуан түрі кездеседі. Қорықтың өсiмдiк жа­мыл­ғысының өзі жапырақты орман, таулы-тайгалы орман, субальпiлiк және альпiлiк шалғындар, тундра бел­деулері болып төрт түрлі белдеуге бө­лінеді. Жан-жануарлардың 230 түрі, сүтқоректілердің 57 түрі, балықтардың 5 түрі, құстардың 162 түрі (оның ішін­де 6 түрі қызыл кітапқа енгізілген), өсім­діктің 883 түрі кездесетін мұндай мекен әлемде сирек шығар, сірә. Сібір самырсыны, сібір қарағайы қалың өскен реликті (көне) қарағайлы ормандар қорықтың негізгі байлығы саналады.

Іс-тәжірибе алмасу барысында бұл жерде атқарылып жатқан жұмыстарға тәнті болдық. Қорық аумағындағы музейде аң-құстардың қатырма мүсіндері көп екен. Пейзажды маршруттардың қолмен салынған суреттері, түрлі-түсті тау қазбаларынан алынған минералды тастар, құстардың ұялары да келген адам­ды еріксіз еліктіреді. 

Қорғалатын аймақтың ерекше құн­ды экологиялық жүйелері мен ны­сан­да­рын айналып өтетін учаскелер­ арқылы экскурсиялық соқпақтар құ­рыл­ған. «Батыс Алтай эталоны», «Алешкины стежки», «Заповедные дали», «Каменная сказка» сынды маршруттармен жүріп өтуге құштар туристер көп. Маршруттық сапарларға авто­көлікпен де, жаяу да шығуға болады. 1-2 күн ішінде жұмыр жердегі жа­құт мекеннің ең әдемі жерлерін көріп үлгереріңіз хақ! Әр маршруттың алдын ала жоспарланған аялдамалары бар. Аяқ суыту үшін аялдаған саяхатшылар «Батыс Алтайға» қатысты көрнекіліктермен танысып, аумақтың табиғи ерекшеліктері жайлы ақпаратқа қанығады. Әсем табиғат аясында фото және бейне түсірілімдер жасайды.

Жергілікті экскурсия жетекшілерінің айтуынша, әр маршруттың өз ерекшелігі бар. Топтағы адам саны да сапардың қы­зық­ты болуына әсер етеді екен. Мә­­се­­лен, адам көбейген сайын шу да кө­бе­йіп, жануарларды жолықтыру мүм­кіндігі азая береді.

Риддердегі қорық Тарбағатайға бар болғаны 470 шақырым жерде орна­ласқан. Көркіне көз тоймайтын сұлу табиғаттың аясы саяхатшылар үшін таптырмайтын жер екені анық. 

Қорықтың іргетасы қаланғаннан бер­гі аралықта ұзақ жылдар бойы ең­­­бек етіп келе жатқан, ыстығына кү­­йіп, суығына тоңған мекеме­ қыз­мет­керлері: Л.Винокурова, Г.Наго­ви­цын, Н.Премина сынды өз ісіне бе­рілген мамандардың, мекеме басшысы Әлібек Тоқымтаевтың, жас маман А.Мақатаевтың қажырлы еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Олар бұл аймақтың саф таза қалпын сақтап қалуға, туристер көптеп келуі үшін қызықты шаралар өткізуге мұрындық болып отыр. «Жақсымен сөйлессең – көңілің ашылады, биік төбеге шықсаң – көзің ашылады», – дейді бабаларымыз. «Батыс Алтайдағы» қорықта көргеніміз, көңілге түйгеніміз көп болды. 

Жаңылқан ӘЛЕМСЕЙІТОВА,

«Тарбағатай» табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері