Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Абдолла Ыдырысов: «Көрме екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайтуды көздеді, нәтижесі де жақсы болды. Мысалы, «Карат» ЖШС ресейлік «Мираж» компаниясымен консерві жеткізіліміне, «ДиЭл» ЖШС-мен дилерлік желі ашуға келісімшартқа отырды. «Асыл Агро» серіктестігі де бірқатар келісімдерге қол жеткізді. «Инстальком» ЖШС Астрахань облысындағы ірі құрылыс жобаларына қатысуға мүмкіндік алды. «Шеврон» құбыр зауытының өнімдерін көршілеріміз пайдаланатын болады», – дейді.
Ресейлік кәсіпкерлерді «Бум-2020» ЖШС-нің экологиялық таза қағаздан жасалған қаптамалары да қызықтырыпты. Көрмеге апарылған «Өнерпаз», «Каспий Лана» серіктестіктері шығаратын трикотаждан тігілген киімдер мен жамылғылар түгелге жуық сатылып кеткен.
Мұндай шаралар шекаралас аймақтардың өзара байланысын арттыра түсері анық. Алдағы уақытта Ресейдің Омбы, Новосібір, Челябі облыстарында да көрме ұйымдастыру көзделіп отыр.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ