Хоккей • 24 Қазан, 2018

«Барыстың» қатарынан үшінші жеңісі

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген Астананың «Ба­рысы» өз айдынында өткен ке­зекті турда Минскінің «Динамосын» қабылдап, 3:1 есебімен ұтты.  

«Барыстың» қатарынан үшінші жеңісі

Алғашқы кезеңнің аяқталар тұсында «Барыс» ойыншысы Дмитрий Гурков есепті ашқан болатын. Алайда төреші бұл шайбаны есепке алмады. Бейне қайталау барысында елорда командасының ойыншысы шай­баны аяқпен соққаны белгілі болды. Сөйтіп ойындағы есеп екінші кезеңде бір-ақ ашыл­­ды. 31-минутта Дмитрий Шевченко «Барысты» есеп­те алға шығарса, арада алты ми­нут өткенде Андре Петерссон есепті 2:0-ге жеткізді.

Үшінші кезеңді қонақ команда жылдам шабуылмен бастап, есепті қысқартуға мүмкіндік алды. Шайба авторы – Денис Осипов. Дегенмен 48-минутта Дастин Бойд ойындағы қорытынды шайбаны соғып, «Барысқа» жеңіс сыйлады. 

Осы жеңісінен кейін астананың клубы ҚХЛ-дың Шығыс конференциясындағы жарыс кестесінде 6-орынға көтерілді. «Барыс» 18 кездесуден кейін 26 ұпай иеленіп отыр.

Дайындаған Әли БИТӨРЕ, 

«Егемен Қазақстан»