Қазақстан • 25 Қазан, 2018

Елорданың жаңа даму стратегиясы

490 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәуелсіз еліміздің айбарлы тұғырына айналған ару Астананың төрткүл дүние түгел таныған заманауи мегаполиске айналғаны айдай ақиқат. 

Елорданың жаңа даму стратегиясы

Жас елордамыздың даму жетістіктері әлемдік қауымдастықтың да назарынан тыс қалмады. ХХІ ғасырдың озық мегаполисі ретінде қаламыздың қол жеткізген жетістіктері әлемдік сарапшылардың лайықты бағасын алуда. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығын жеңіп алса, 2011 жылы ол «ТМД мен ЕурАзЭҚ-тың ең үздік қаласы» құрметті атағына ие болды. Жиырма жылдық қарқынды қалыптасу тарихында бас қаламыздың талай-талай халықаралық ірі байқауларда үнемі бағы үстем болып келеді. Астана әкімдігінің алдында тұрған бүгінгі басты міндет – қаланы осынау даму үрдісінен жаңылдырмай, ілгері бастырып, әлемнің үздік шаһарларының қатарына қосу.

Осы ретте бас қаламыздың алдағы бесжылдық ауқымындағы даму стратегиясы қандай болмақ? Оны түсіну үшін Астананың 2019 – 2023 жылдарға арналған кешенді даму жоспарын жан-жақты зерделеп, қарастыру керек. Алдағы бесжылдықта қала халқының өсімі барынша жоғары болады деп күтілуде. Осыған байланысты қалалық әкімдік тұрғын үй құрылысын дамытуға ерекше басымдық беруді көздеп отыр. Атап айтқанда, 2023 жылға дейін қаламызда 10 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Елорданың жоғары табиғи өсімі әрине, әлеуметтік салаға деген сұранысты арттырады. Бірінші кезекте бұл жаңа мектеп, балабақша және денсаулық сақтау мекемелерінің заманауи ғимараттары деген сөз. Елорданың стратегиялық кешенді даму жоспарына сәйкес алдағы бесжылдықта 37 жаңа мектеп ғимараты, қолданыстағы 10 мектеп жанынан қосалқы құрылыс нысандары салынуға тиіс. Бұл өз кезегінде қаламызды қосымша жаңа 63 мың оқушы орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге қалада 6 жаңа балабақша ғимараты бой көтереді. Астана әкімшілігі мемлекет-жекеменшік серіктестігі шеңберінде осы жылдар ішінде жалпы құны 44 миллиард теңгені құрайтын 13 денсаулық сақтау саласы нысандарын салуды жоспарлап отыр. Мемлекет тарапынан 500 төсекке арналған Орталық жол ауруханасын және 250 төсекке арналған перзентхана құрылысын салуға 30 миллиард теңге қаржы қарастырылған.

«Астанагенплан» ҒЗЖИ» ЖШС-нің бас сәулетшісі Арсений Пирожковтың айтуынша, қала әкімшілігінің алдын ала белгілеген жобасы бойынша негізі­нен алдағы уақытта Астананың құры­лыс саласы басымдық берілген төрт аймақ­та дами­тын болады. Бірінші аймақ – Мың­жыл­дық аллеясы, құрылысты жүргізу аума­ғы Бейбітшілік және келісім сарайы маңы­нан басталып, «Нұрлы жол» темір жол вок­залына дейін созылады. «Бұл аймақ «Нұржол» бульвары ретінде бой түзеп, көптеген сәулетті нысандар салынады. Алдағы бес жыл ішінде бұл аймақ адам таны­мас­тай өзгеретін болады», дейді А.Пирожков.

Екінші аймақ Тұран даңғылының бойымен өріліп, «Хан Шатыр» сауда орталығы маңайын қамтып, «Жағалау» шағын ауданына дейін созылады. 

Үшінші аймақ Мәңгілік Ел даңғылы­ның бойымен өріліп, «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығы аумағымен жалғасады. Бұл жерде бас қаланың ар­хи­­тек­­туралық сәулетіне сән қосатын екі ірі нысан – үлкен мешіт пен демалыс пар­кі салынбақ. Бұл жаңа парк көлемі жа­ғы­­нан Ботаникалық бақтан да үлкен бола­­ды. Ал 15 мың адамға арнал­ған жаңа ме­­шіт қаладағы ірі мешіттердің бірі бол­мақ. 

Төртінші аймақ, Тельман кенті аума­ғын қамтиды. Бұл аймақта жасыл желекпен көмкерілген заманауи шағын аудан бой көтереді.

Ажары күннен-күнге айшықтанып келе жатқан Астанадай ірі мегаполистің әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің іркі­ліссіз жұмыс істеуі үшін озық тех­но­логияға сай жетілген жол-көлік инфра­құрылымының болуы ауадай қажет. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қаланың база­лық инфрақұрылымын, оның ішінде қала жолдары мен жол айрықтарын ба­рын­­ша кеңейтуге үнемі басымдық бе­ріп келе жатқандығы да сондықтан. Міне, осы өміршең үрдіс алдағы бес жыл мер­­зімінде де өзінің лайықты жалға­сын таба­тын болады. 2019 және 2023 жыл­дар ара­лығында бас қаламызда 121 ша­қы­­рым жаңа жол құрылысы, екі жолай­рық үш көпір және тоннель салынады. Ай­налма жол құрылысы толық аяқталады.

Қаламыздың кешенді даму жоспарында тұрғындарға сапалы коммуналдық қызмет көрсету шараларына айрықша назар аударылған. Бұл елорданың ком­му­налдық инфрақұрылымын жан-жақ­ты дамыту жоспарымен айшық­тал­ған. Алдағы бес жыл ішінде қала­да жаңадан 150 шақырым сумен қамта­ма­сыз ету желісі және 81 шақырым су тарату желісі салынатын болады. Ор­та­лық­тандырылған жылу жүйесін пай­да­лану­шыларды тағы да 2,5 миллион бірлікке арттыру мақсатында №2 жылу-электр орталығына (ЖЭО) қайта құру жұмыстары жүргізіліп, №3 ЖЭО-ның бірінші кезегін пайдалануға беру көзделіп отыр. Бас қаланы сапалы және ешбір іркіліссіз тұрақты электр энергия­сымен қамтамасыз етіп тұру үшін тағы да жаңа үш қосалқы станса құрылысын салып, электр тарату желілерін түбегейлі жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. 

Қатты жаңбыр жауса, елорданың кейбір көшелерін су басып кететіні соң­ғы кезде үлкен проблемаға айнал­ды. Қала көшелеріндегі суағарлар мен нөсер кәрізі желісі дұрыс жұмыс істе­мей­­тіндігі аз айтылып жүрген жоқ. Жа­қын­­да Мемлекет басшысы да бұл про­б­­ле­­­маны сынға алып, әкімшіліктің ал­­ды­­на өткір мәселе қойғанын білеміз. Астана әкімдігі алдағы жылдары бұл мә­се­­­лені түбегейлі шешу жұмысын қол­ға ал­ғалы отыр. 2019 жылы бас қала­ның 17,3 гектар аумағындағы суағар­лар мен нөсер кәрізі қалпына келтіріл­мек. Жас­тар, Ақбұлақ шағын аудандарында, Өн­діріс тұрғын алабында, Шәкәрім Құдай­бер­ді­­ұлы көшесінде, Мы­ң­жыл­дық аллея­сының бойында, жаңа темір жол вок­залының маңында, «Әскери қала­шық­та» суағарлар қайта жаң­ғыр­тылып, жаңадан нөсер кәріздері желі­сі са­лы­натын болады. Жалпы, қала аума­ғын­­дағы су жинағыш алаңдар аумағы 13 мың гек­тар­дан 23 мың гектарға де­йін ке­ңей­т­іледі. Бо­ла­шақта нөсер жаң­быр­лар кезін­де қала көшелеріндегі суағарлар жаң­быр суын толассыз ағызып әкетіп отырады.

Алдағы уақытта Астананы жасыл қалаға айналдыру мақсатындағы кешен­ді жұмыстар одан әрі қарқынды жал­ғасын табады. Соңғы жылдары қала­дағы бірқатар апатты көпқабатты үйлер­дің бұзылғандығы белгілі. Міне, осы көп­қабатты үйлерден босаған орын­дарға саябақтар мен демалыс сквер­лерін салу тәжірибесі кең өріс ал­ды. Соның нәтижесінде соңғы уақытта қала көше­лерінде көптеген шағын бақтар мен скверлер пайда болды. Бұл игілікті бас­тама алдағы жылдары да лайықты жалғасын табады. Астананы гүлмен көмкеру жұмы­сы да кеңінен өрістейді. Сөйтіп жасыл желек жамылып, гүл көмкерген елордамыз сәнімен де, салтанатымен де көз сүйсіндіре бермек. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»