Кино • 25 Қазан, 2018

«Шәкен жұлдыздары» Халықаралық кинофестивалінің атауы өзгерді

1099 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Шәкен жұлдыздары» Халықаралық кинофестивалінің атауы өзгерді

17-21 қараша  аралығында Алматы қаласында ХІY - Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі өтетіні мәлім болды. Өзіндік тарихы бар бұл шараның бүгінде елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналып үлгергені белгілі. Дүниежүзінің түпкір-түпкірінен келетін меймандар жылдағы дәстүрге сай Алматыда бас қосады. Әлемдік кинематографияның таңдаулы туындылары көрсетілетін фестиваль бағдарламаларға бай әрі кино өндірісіне қатысты барлық бағыт пен сала толықтай қамтылған. Ең бастысы, бұл жолы түркітілдес мемлекеттердің киноларына басымдық беріліп, киносүйер қауым бауырлас елдердің бәйгеге қосылған ең үздік туындыларымен жақынырақ таныса алады.

Шәкен Айманов Халықаралық кинофестивалі – бұл «Шәкен жұлдыздары» атты фестивальдің заңды жалғасы. Көпшіліктің есінде ол жас дебютанттардың туындыларын дәріптейтін фестиваль ретінде  орныққан. Әйтсе де жас таланттарға бағыт-бағдар беріп, оларды қолдап, жаңа есімдердің танылуына көп  үлес қосқан бұрынғы кинофестивальдің ауқымы шектеулі еді. Ұйымдастырушылар фестиваль аясының ұлғайып, құлашын кеңге жаюды мақсат етуін уақыт талабымен түсіндіреді. Биыл бұл фестиваль мүлде жаңа форматта көрініс тауып отыр. Қалыбы мен қағидаттары жаңарған кинофестивальдің басты мұраты Орталық Азияның  жүрегі – Қазақстанда түркі әлемі кинематографистерінің басын біріктіруге бағытталған. Тарихқа көз жүгіртсек, түбі бір түркітілдес халықтар арасында мәдени байланыстың тамыры ықылым замандардан жалғасып келеді. Сондықтан бұл жалғастықты жаңа деңгейге көтере отырып, қайта жандандыру – уақыт талабы.

Сонымен қатар, Шәкен Айманов Халықаралық кинофестивалі киноөндіріс саласында халықаралық байланыстарды дамытып, ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін жолға қоюды көздейді. Ауқымды мәдени шара аясында шығармашылық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, шеберлік дәрістері ұйымдыстырылып, оған әлемдік киноматография саласында өз орны бар талант иелері қатысады.

Халықаралық кинофестивальдің конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Ол бөлімдер Шәкен Айманов картиналарының атымен аталады. Мысалы, «Тоғысу» бөлімінде көрермен дүниежүзіне танымал толықметражды картиналарды көріп, тамашалай алады. «Атамекен» – бұл түркі халықтары фильмдерінің байқауы, ал «Біз осында тұрамыз» бөліміне қазақстандық киноленталар топтастырылып, үздік туындыларға Қазақстан Кинематографистер одағының «Құлагер» ұлттық сыйлығы беріледі.

Көрермендерге арналған конкурстан тыс бағдарламаның да ауқымы кең. Онда  дүниежүзіне танымал классикалық кинотуындылардан бастап, ірі халықаралық кинофестивальдерден жүлде алған фильмдерге дейін ұсынылады. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік киномайталмандардың  қатысуымен олардың ретроспективасы көрсетілмек. 

Фестивальдің президенті КСРО Халық әртісі, отандық және кеңестік кинематографияның аты аңызға айналған тұлғасы  Асанәлі Әшімов болса, кинофестивальдің бас директоры қазақстандық танымал кинорежиссер, Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов.

 – Мұндай кинофестивальдар  халыққа өте керек. Өйткені кино өнері – ең алдымен, халықтың еншісіндегі дүние. Кинофестивальді жоғары деңгейде абыроймен ұйымдастыратынымызға сенімім мол. Бұл қазақ киносының тарихын, оның мәртебесін көтеріп, бізге өз ұстанымы бар басыбайлы ел болудың жолын нұсқайды, – дейді Әшімов.  

Ал фестивальдің жоғары деңгейде өтуі үшін жан-жақты мүмкіндіктерді қарастырып, ұйымдастыру шаруаларымен айналысып жатқан Ермек Тұрсынов халықаралық шара маңызының не себепті түбегейлі өзгергенін былайша түсіндірді.

– Біздің мақсатымыз – саналы көрерменді қайтару, биік талғамды қайта қалыптастыру. Біз көрерменге қолындағы попкорнын ұмытып кететіндей кино көрсетуіміз керек. Көрерменнің талғамына аяқасты қарамай, онымен сапалы кинотілде сөйлескеніміз абзал. Мен шынайы өнер деп айтуға тұрарлық нағыз киноны меңзеп тұрмын, –дейді Одақ басшысы.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

АЛМАТЫ