Аймақтар • 29 Қазан, 2018

Теміртаудың тұрмысы түзеледі

303 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Теміртау – Тұңғыш Президентіміздің шарболаттай шыңдалып шығуына сүбелі үлес қосқан шаһар, Елбасының еңбек Отаны деуге тұрарлық құтты мекен. Сол себептен болар, металлургтер қаласының жай-күйі, ондағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі Мемлекет басшысының ұдайы назарында жүреді. Қарағанды облысына келген әрбір сапарында Нұрсұлтан Назарбаев Теміртауға міндетті түрде соғады. Бұл – өзін еңбекпен есейткен, саяси өмірдің сахнасына жолдама берген қалаға деген ерен құрметтің белгісі болса керек.

Теміртаудың тұрмысы түзеледі

Еңбек Отаны – Елбасы назарында 

Мемлекет басшысы биыл да осы әдетінен жаңылған жоқ. Қыркүйек айында облыс­қа жұмыс сапарымен келгенін­де Теміртауға арнайы барып, он­дағы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен жете танысып, қала әкімдігіне, жүйе құрушы алпауыт кәсіпорын – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тың басшыларына бірқатар маңызды тапсырмалар берген болатын. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін еске салып, қала тұрғындары өмірінің сапасын жақсарту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасау керектігін шегелеп айтқан еді. Президент қаладағы медициналық, білім беру және спорттық нысандар санын арттыру қажеттігін тапсырған.

Ал сол сапардан бір күн бұ­­рын Қарағандыда облыс активімен өткен кездесу бары­сында «Арсе­лорМиттал Темір­тау» АҚ-тың бас директоры Па­рам­жит Калонды орнынан тұр­ғы­зып, Теміртаудағы жылу электр ор­талығын жаңғыртуды қа­таң түрде талап еткен болатын.

– Бұл стансаны 1960 жылы мен салған болатынмын. Ол қала мен комбинатты жылумен қамтамасыз етіп отыр. Миттал мыр­заға жеткізіңіздер, оған Үкі­­меттен телефон соғады, ол менің сұрақтарыма жауап бер­сін. Бүкіл қала комбинатқа қарап тұр, ол бү­кіл қаланы жы­лумен, сумен қам­тамасыз етіп отыр. Оны міндетті түрде жаң­ғырту керек, – деген еді сонда Мем­лекет басшысы.

Қазіргі таңда Елбасының тап­сырмасына сай, алпауыт кәсіпорын екі ЖЭО-ны жаң­ғыр­ту бойынша 2023 жылға де­йін есептелген жоспар жасап, қажетті қағаздарды, атап айт­­қанда, жобалық-сметалық құ­жат­тамаларды әзірлеп жатыр. Жос­пар бойынша, үш қазандыққа тапсырыс беріліп, олар 2019 жылдың наурыз айында жеткізілетін бо­лып­ты. Бұл туралы компания бас­­­­­шылығы ресми түрде мәлім етті.

Еңбекақы 10 пайызға өседі

Таяуда «АрселорМиттал Те­міртау» АҚ-ның бас директоры Парамжит Калон компанияның алғашқылардың бірі болып Мем­­лекет басшысының жала­қы­­ны көтеру туралы бастамасын қолдайтыны туралы мә­лім­деме жасады. Яғни, 2019 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап ком­пания қызметкерлерінің тариф­тері мен жалақылары 8-10%-ға көтерілетін болады. Со­нымен қатар ұжымдық ке­лісімге сәйкес, компания қызмет­керлерінің жа­лақысы 2018 жыл­дың құн­сыздану деңге­йіне сай 50% шамасында индек­сацияланбақ.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің алғашқы еңбек жолын металлург ретінде біздің комби­наттан бастағандығын мақтан тұтамыз, – деді Парамжит Калон. – Біз Мемлекет басшысының ең төменгі жалақыны көтеру жөніндегі бастамасын алғаш­қы­лардың бірі болып қолдадық. Бұл шешім ұжымдық негізде қабылданды.

Қызметкерлердің жалақы­сын көтеру «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бар­лық құрылымдық бөлімшелері мен еншілес компанияларын қамтитын болады. Бұдан өзге 2019 жылдың 1 тоқсанында ком­пания өзінің өндірістік нәти­желеріне қарай 13-айлық жалақы төлейтін болады.

Сонымен қатар компания ­басшысы 2019 жылдың 1 қаң­тары­нан бастап «АрселорМит­тал Теміртау» АҚ-та зиянды жұ­­мыс жағдайында жұмыс іс­тейтін қызметкерлер үшін жаңа ең ­тө­менгі жалақы көлемі са­ла­­лық коэф­фициентті есептеген­де ­77 мың­нан астам теңгені құ­райтын болады деп атап өтті.

Теміртау қаласының жағ­да­йын жақсарту мақсатындағы жұмыстардың тамырына қан жүгіре бастағаны қуантады. Бұдан бұрын хабарлағанымыз­­­дай, «АрселорМиттал Теміртау» сынды қуатты инвестордың қа­ра­жатына металлургтер қа­ласында 20 мың адамға арналған емхана, 320 орындық балабақша, 320 адам сыятын спорттық нысан бой көтермек. Айта кету керек, аталған нысандардың барлығы да жаңа заман талаптарына сай үлгіде салынып, жабдықталатын болады. 

Облыс әкімі Ерлан Қоша­нов­тың сөзімен айтқанда, жақын арада теміртаулықтар металлург­тер қаласы мен оның тұрғындары­на деген Мемлекет басшысының қамқорлығын толыққанды сезінетін болады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы, 

Теміртау қаласы