Кино • 29 Қазан, 2018

«Әміре» фильмі Голливуд кинофестивалінің бас жүлдесіне ие болды

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазан айының 23-і мен 28-і аралығында Лос-Анджелес қаласында өткен Hollywood Film Festival кинофестивалінің халықаралық байқауының ақтық сайысында «Әміре» фильмі Best Global Hollywood Film жүлдесін жеңіп алды.

«Әміре» фильмі Голливуд кинофестивалінің бас жүлдесіне ие болды

Қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың ғұмырын баяндайтын фильмді Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ  «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген.

Айта кетсек, фестивальдің алғашқы кезеңінде Silver Screen Award жүлдесі үшін әр елдің бірнеше фильмі үміткер болып, байқауда бақ сынады.  Бұл кезеңде Қазақстан атынан алты бірдей кинотуынды – үш толықметражды және үш қысқаметражды фильмдер ұсынылған болатын.  «Әміре» картинасымен қатар Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған үш фильм бақ сынады, олар: толықметражды фильмдер байқауында Төлеген Байтөкеновтың «Саташ» фильмі және Елжас Рақымбековтың «Эль Фриман» картинасы болса, қысқаметражды фильмдер бөліміне Берік Жахановтың «Асан» фильмі қатысты. Фестивальде «Әміре» фильмін режиссер Джефф Веспа таныстырды.

– Фестивальдің қатысушылары өз фильмдерімен мақтана алады, өйткені  2018 жылдың фильмдері жоғары дәрежеде түсірілген, – деді  Hollywood Film Festival президенті Брэд Паркс.

«Биылғы жылдың конкурсында сапалы әрі сауатты түсірілген туындылардың көп болғанын ерекше атап өткім келеді. Фестивальдің бас жүлдесіне қол жеткізіп, қазылар алқасының құрметіне ие болу – үлкен жетістік», – деді фестивальдің бағдарламалар директоры Хольгер Карлссон.

Айгүл АХАНБАЙҚЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ