Қазақстан • 02 Қараша, 2018

Кірістілік пен тәуекел арасында. Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Жанат Құрмановпен сұхбат

441 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұлттық қордың және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаражатын инвестициялау қағидаттары мен стратегиялары туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Жанат ҚҰРМАНОВ «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында егжей-тегжейлі айтып берді.

Кірістілік пен тәуекел арасында. Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Жанат Құрмановпен сұхбат

– Жанат Бостанұлы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры (ҚРҰҚ) еліміздің қаржылық орнық­тылығын қамтамасыз ету жүйесінде негізгі элементтердің бірі екені белгілі. Ұлттық Банктің бас­қаруындағы қордың қаражаты салынған инвестициялық порт­фель­дің құрылымы туралы айтып берсеңіз.

– ҚРҰҚ құрылымы тұрақтандыру және жинақ портфельдерінен тұрады. Тұрақтандыру портфелі ҚРҰҚ өтімділігінің жеткілікті дең­гейін ұстап тұру үшін қажет. АҚШ-тың 6 айлық қазынашылық облига­ция­ларының индексі тұрақтандыру портфелі үшін эталон портфелі болып саналады. Өз кезегінде, жинақ портфелінің негізгі мақсаттары қара­жатты жинақтау мен сақ­тау, сондай-ақ тәуекелдің тиісті деңгейі болған кезде ұзақ мерзімді болашақта кірістілікті қамтамасыз ету болмақ.

2016 жылдың соңында Ұлттық қордың қаражатын қалыптас­тыру мен пайдаланудың жаңа тұжы­рым­дамасы бекітілді, онда жинақ порт­фелінің активтерін консервативті бөлуден 3-5 жыл ішінде активтерді барынша теңгерімді стратегиялық бөлуге өту көзделеді.

ҚРҰҚ активтерін жаңа бөлу шеңберінде жинақ портфелінің құрамындағы акциялар үлесін 20%-дан 35%-ға дейін, балама құралдар портфелін 5%-ға дейінгі үлестік салмақпен құру, сондай-ақ облигациялар үлесін 80%-дан 60%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Дамыған мемлекеттердің тәуел­сіз облигацияларының порт­фелі үшін эталондық композиттік индекс­ке мынадай үлестік салмақтары бар индекстер кіреді: АҚШ – 55%, Еуро аймақ – 15%, Ұлыбритания – 10%, Жапония – 5%, Аустралия – 5%, Канада – 5%, Оңтүстік Корея – 5%. 2018 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша акциялар портфеліне 37 елдің эмитенттерінің акциялары кіреді. Негізгі инвестициялау валюталары мыналар: АҚШ доллары – акциялар портфелінен 60,10%, еуро – 13,18%, фунт стерлингі – 8,64%, Жапон иенасы – 8,36%, Канада доллары – 2,87%, Швейцария франкы – 2,43%, Аустралия доллары – 1,55%, қалған валюталар – 2,87%.

– Қазіргі уақытта ҚРҰҚ порт­феліндегі қандай құралдар барынша көп табыс әкеледі?

– Тарихи тұрғыдан акцияларға инвестициялар барынша жоғары кірістілікті көрсетіп отыр. ҚРҰҚ жинақ портфелінің құрамындағы акция­ларға инвестициялау актив­терді әртараптандыру саясатын жал­ғастыруға және ұзақ мерзімді кү­тілетін кірістілікті арттыруға бағыт­талған. Акциялар бойынша кіріс­ті­ліктің жоғары көрсеткіші барын­ша жоғары нарықтық құбылма­лы­лықпен сипатталады. Мысалы, 2017 жылдың қорытындылары бойын­ша акциялар портфелінің кірісті­лігі 22,81%, ал 2018 жылғы бірінші жар­ты­жылдықта (-)0,48% болды. Сондықтан ұзақ мерзімді болашақта кірістілікті қамтамасыз ету бойынша алға қойылған мақсаттарды ескере отырып кірістілік көрсеткіштерін бағалаған дұрыс.

– Ұлттық Банк Оңтүстік Азия­ның тез дамып келе жатқан нарық­тарын инвестициялау үшін тар­тымды аймақ ретінде қарастыра ма?

– Осыған дейін атап өткен ҚРҰҚ активтерін жаңа бөлу облигациялар портфелінің ішінде дамыған мемлекеттердің тәуелсіз облигацияларына (35%), корпоративтік облигацияларға (10%) және дамушы мемлекеттердің тәуелсіз облигацияларына (15%) бөлуді де болжайды. Дамушы мемлекеттердің АҚШ долларымен деноминирленген тәуелсіз облигацияларының портфелі үшін эталондық индекске кредиттік рей­тингі ВВ (S&P)-дан төмен емес елдер кіреді. Бұл өлшемшартқа Ин­доне­зия және Филиппин сияқты елдер сәйкес келеді, осылайша, даму­­шы нарықтарға инвестициялау Оң­түстік-Шығыс Азия өңірін ішінара қамтиды.

– Ұлттық қордың инвестиция­лық портфеліндегі долларлық қағаз­дардың үлесі қандай? Бұл үлес өткен бірнеше жылда қалай өзгерді?

– АҚШ долларымен деноминирленген бағалы қағаздардың үлесі әлемдегі басқа тәуелсіз қорлар­дағы сияқты ҚРҰҚ активтерінде де дәстүрлі түрде ауқымды саналады. ҚРҰҚ тұрақтандыру портфелінің активтері 99,99%-ға АҚШ долларымен деноминирленген.

2017 жылғы маусымда ҚРҰҚ жинақ портфелінің құрамында валю­та­лық құбылмалылықты төмендету, сондай-ақ кірістілік мөлшерлемесі тартымсыз елдерге салу үлесін азайту мақсатында тіркелген кірістілігі бар бағалы қағаздар үшін АҚШ долларымен активтердің үлесі 45%-дан 10 пайыздық тармаққа ұлғайтылды. Осылайша ағымдағы сәтте жинақ портфелінің құрамында дамыған мемлекеттердің тәуелсіз облигациялар портфелі үшін эталондық композиттік индекстегі АҚШ долларымен активтердің үлес салмағы 55%-ды құрайды.

MSCI World индексі акцияларға инвестициялар үшін эталондық портфель болады. Бұл индекске кіре­тін бағалы қағаздардың 55%-дан астамы АҚШ долларымен де­но­минирленген. 2018 жылғы қыр­күйек­тегі жағдай бойынша акция­лар портфелінің құрамындағы дол­лардың үлесі 60,10% болды.

– Ұлттық Банк портфельде Қытай эмитенттері құралдары­ның үлесін өсіруді жоспарлап отыр ма? Бұл қағаздар доллар­мен дено­минирленген бе әлде Ұлттық Банк юаньға тән тәуекелдерді өзіне қабылдай ма?

– Қазіргі кезде ҚРҰҚ мен БЖЗҚ ак­тивтерінде юаньмен деноми­нирленген қаржы құралдары жоқ. Сонымен бірге Қытайдың нарығын ырықтандыру жағдайында юаньмен деноминирленген қаржы актив­тері капиталдың әлемдік нарығы­ның ажырамас бөлігі болады. Қытай қағаздарын MSCI және Bloomberg индекстеріне қосу оларға институционалдық инвесторлар тарапынан сұраныстың ұлғаюына апаруы мүмкін. Осыған орай Ұлт­тық Банк юань және Қытайдың баға­лы қағаздары айналасындағы ағым­дағы жағдайды, сондай-ақ АҚШ пен Қытай арасындағы сауда жанжалының дамуын тұрақты негізде қадағалайды.

– Портфельде Ресей эмитент­терінің қағаздары бар ма? РФ-ға қатысты санкцияларға қа­тысты ахуал Ұлттық Банктің инвес­тициялық саясатына әсер ете ме?

– Қазіргі кезде ҚРҰҚ порт­фелін­­де Ресейлік эмитенттердің бағалы қағаздары жоқ. Осылайша Ресей Федерациясына қатысты санк­циялар Ұлттық қордың ағым­дағы инвестицияларына тікелей әсер етпейді.

– Ұлттық қордың ағымдағы жылдың басынан бергі инвести­циялық кірістілігі қандай? Бұл көрсеткішке валюта бағамының құбылмалылығы қалай әсер етті?

– ҚРҰҚ-ның активтерін Ұлт­тық Банк шетелдік қаржы нарық­тарындағы айналыстағы қаржы құралдарына инвестициялайды. Қор активтерінің кірістілігін есептеу негізгі валюта – АҚШ долларымен жүргізіледі. Осылайша АҚШ долларының ұлттық валютаға қатысты айырбастау бағамы ҚРҰҚ кірістілігінің көрсеткіштеріне әсер етпейді, себебі ол АҚШ долларымен көрсетіледі.

Активтерді валюталармен әрта­рап­т­андыруды сақтау қажетті­лігіне байланысты АҚШ долларымен көрсетілген кірістілікке АҚШ долларының басқа әлемдік валю­таларға қатысты бағамының өзгеруі әсер етеді. 2018 жылдың басынан бері АҚШ долларының нығаюы ағым­дағы теріс кірістілікке әкеп соқ­ты, ол бірінші жартыжылдықтың қоры­тындысы бойынша (-)0,73%-ды құрады. Сонымен бірге қордың құрылғаннан бері 2018 жылғы 30 маусымға дейінгі уақыттағы кіріс­тілігі 79,51% болды, бұл жыл­дық көр­­сеткіш бойынша 3,54%-ды құ­рай­­ды. ҚРҰҚ-ның соңғы 5 жыл­да­ғы жиынтық кірістілігі 8,12%, ал соң­­ғы 3 жылдағы кірістілігі 5,87% бол­ды. 2017 жылдың қорытындысы бо­­йын­­ша ҚРҰҚ кірістілігі 7,61%-ды құра­ды.

– Ұлттық Банктің тағы бір ма­ңызды қызметі – БЖЗҚ актив­терін басқару. Ұлттық Банктің активтердің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру сатысын­да екен­дігі белгілі. БЖЗҚ актив­терінің қандай үлесін қазір Ұлт­тық Банк дербес басқарып отыр, қандай бөлігі тысқары басқару­шылардың басқаруына берілді?

– 2018 жылғы 1 қазандағы жағ­дай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің көлемі 8,9 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте сыртқы басқаруда 79,4 млрд теңге немесе зейнетақы активтерінің 0,9%-ы бар.

Қазіргі уақытта Ұлттық Банк «Жаһандық актив акциялар» және «Жаһандық пассив акциялар» мандаттары шеңберінде шетел­дік басқарушы компанияларды таңдау және тарту бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, портфельдердің өлшемдері, инвестициялық стра­те­гия және сенімгерлік бас­қару­дың басқа да талаптары талқы­лану­да, сондай-ақ акциялар нары­ғына инвестициялаудың неғұр­лым қолайлы сәтін айқындау жұ­мысы жүргізілуде. Акциялар нары­ғына кірудің қолайлы сәтінің маңыз­дылығын ескере отырып, БЖЗҚ-ның активтерін көрсетілген мандаттар бойынша сыртқы сенімгерлік басқаруға тарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. 

Ұлттық Банк «АҚШ долларымен номинирленген, капиталдандырылуы жоғары инвестициялық деңгейдегі жаһандық корпоративтік облигациялар» мандаты бойынша шетелдік басқарушы компанияларды тарту жөніндегі жұмысты да жүргізуде. 

Ұлттық Банк БЖЗҚ-ның зейнет­ақы активтерін бермейтінін, Ұлттық Банктің шартты кез келген сәтте бұзу құқығымен инвестициялық шектеулер шеңберінде БЖЗҚ активтері­нің бір бөлігін басқару жөніндегі өкілеттіктерді шетелдік басқарушы компанияларға беретінін атап өткен жөн. Осылайша БЖЗҚ-ның сыртқы сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері кез келген жағдайда Ұлт­тық Банктің кастодиан-банктегі шоттарында қалады. 

– БЖЗҚ-ның Ұлттық Банктің басқаруындағы портфелінің құрылымы қандай?

– 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша валюталық актив­тердің үлесіне жалпы портфельдің 30,9%-ы тиесілі, оның 30,5%-ын АҚШ доллары, 0,3%-ын Ресей рублі және 0,1%-ын басқа да валюталар құрайды. 

Қарастырылып отырған күнгі жағдай бойынша инвестициялардың негізгі үлесі Қазақстан Республи­касы эмитенттерінің қаржы құрал­дарына тиесілі. Олардың порт­фель­дегі үлесі – 77,4%. АҚШ эми­тент­терінің үлесі – 7,2%, Ресей Федера­циясының үлесі – 3,4%. 12,0% мөлшеріндегі қалған бөлігі халық­аралық қаржы ұйымдарының және Франция, Нидерланд, Синга­пур, Индонезия, Мексика, Перу және басқа да шет мемлекеттер эми­тент­терінің қаржы құралдарына тиесілі. 

Қаржы құралдарының түрлері бойынша БЖЗҚ зейнетақы актив­терінің инвестициялық портфелі 86,7%-ға облигациялардан, 9,1%-ға депозиттерден, 2,0%-ға акциялардан, 1,3%-ға ақшадан және РЕПО-дан, сондай-ақ 0,9%-ға сыртқы басқарудағы активтерден тұрады. 

– Доллардың әлемнің басқа елдерінің, бірінші кезекте, дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығайғанын ескерсек, БЖЗҚ портфеліндегі доллармен салынған құралдардың үлесі ұлғайып жатыр ма?

– 2016 жылдан бері Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыру, оның ішінде БЖЗҚ зейнетақы актив­терінің валюталық үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту және оны 30% деңгейінде ұстап тұру есебінен белсенді жұмыс жүргізуде. 2016 жылғы 1 қаңтар – 2018 жылғы 30 қыркүйек аралығындағы кезеңде зейнетақы активтерінің валюталық үлесі портфельдің 17%-дан 31%-на дейін ұлғайтылды. Валюта­лық позицияның болуы елдер бо­йынша инвестициялар географиясын және сатып алынатын қаржы құралдарының аясын кеңейтуге, инвестициялық портфельдің сапасы мен өтімділігін арттыруға, сондай-ақ ұлттық валюта әлсіреген кезең­дерде салымшылардың зейнет­ақы активтерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валю­талық бөлігінің қолдау көр­сетілетін үлесі бүгінде оңтайлы және ішкі экономиканы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген сенімді құралдар тізбесіне инвестициялау арқылы қорландыруға мүмкіндік береді.

– БЖЗҚ активтерінің жылдың басынан бергі инвестициялық кіріс­тілігі қандай? Валюта баға­мы­ның құбылмалылығы бұл көр­сеткішке қалай әсер етті?

– 2018 жылғы 9 айда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің БЖЗҚ салым­шыларының шоттарына бө­лінген кірістілігі инфляция деңгейі 3,3% мөлшерінде қалыптасқан кезде 7,75%-ды құрады. Осылайша 2018 жылдың басынан бері БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша 4,45% мөлшерінде нақты кірістілік қамтамасыз етілді. 

Бағамдық асыра бағалаудан түсетін кірістердің 2018 жылғы 9 айдағы жалпы инвестициялық кірістегі үлесі шамамен 37% болды. Бағалы қағаздар, депозиттер және басқа да қаржы құралдары бойынша сыйақы түріндегі кірістер үлесі шамамен 63%-ды құрайды.

– БЖЗҚ портфеліндегі дефолт­тық құралдардың үлесі қандай?

– Бүгінде БЖЗҚ зейнетақы ак­тив­­терінің портфеліндегі дефолт­тық қаржы құралдары құнсыздан­ған және салымшылардың зей­нет­ақы жинақтарының көлеміне әсер етпейді. Мұндай эмитенттер мін­дет­темелерінің номиналдық құны бо­йынша көлемі зейнетақы активтері­нің 1%-на жетпейді. БЖЗҚ-ның барлық борышкерлеріне қатысты салынған қаражатты қайтаруға бағытталған шағым-талап ету және басқа да жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»