Аймақтар • 04 Қараша, 2018

Солтүстік Қазақстанда сирек қару-жарақ көрмесі өтуде

1386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Абылай хан» резиденциясы» мұражай-кешенінде орналасқан «Дамаск құрышынан соғылған суық қару-жарақ» көрмесі Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық шекаралық  ынтымақтастықтың ХV форумына арналды.

Солтүстік Қазақстанда  сирек қару-жарақ көрмесі өтуде

«Лига»  серіктестігінің өнімдері жұртшылыққа жақсы танымал. Оның директоры Виктор Жаворонков  суық және кәдесыйлық қару-жарақ түрлерін жасаумен ширек ғасырға жуық айналысып келеді. Осы уақыт аралығында қару-жарақтың алпыстан астам түрін ұсыныпты. Олардың арасында қазақ хандары мен батырларының қайқы қылыш, айбалта, қолшоқпар секілді қарулары үлкен сұранысқа ие. Коллекцияда сондай-ақ Әзірет Әлінің  зұлпықары, сақ семсері-акинак,  Англия патшасы Артурдың эскалибуры, мәмлүктердің,  Орталық және  Шығыс Азия елдерінің, жапондардың, үнділіктердің, түріктердің, орыстардың, казактардың қарулары да бар.

«Кәсіпорында онбес адам еңбек етеді. Әрқайсысы өз ісінің майталман шеберлері  саналады. Бір туындыны жасауға  үш айға дейін уақыт кетеді. Соған орай бағасы да әрқилы. Жарты миллон теңгеге дейін бағаланатын дүниеліктер жоқ емес. Әдемілігімен қоса жасалу техникасына да баса назар аударамыз. Әр қарудың өз тарихы бар. Арнайы тапсырыстар көптеп түсіп жатады, дейді Виктор Павлович.

Мұсылмандардың аты аңызға айналған батыры, ислам дініндегі  өте әділ халифалардың бірі  Әзірет Әліге Мұхаммед/ғ.с.ғ./пайғамбарымыздан мұраға қалған ұшы айыр қылыш-зұлпықарды тамашалаушылар қатары қалың. Екі жүзді, ұшы өткір, қысқа сапты қарулар құрыштан соғылғандықтан мықты. Қашқар, Баласағұн, Шаш, Отырар қалаларынан қалған жұрнақты, ескі жәдігерді көзге елестетеді. Қайқы қылыштар, ұзынды-қысқалы пышақтар, әскери асатаяқ, қолшоқпар жасалу шеберлігімен ерекше сүйсіндіреді.

Дамаск болатынан құйылған авторлық суық және экспонат қару-жарақтар көрмесін алматылықтар мен астаналықтар, мәскеуліктер де қызыға тамашалапты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы