Ауыл • 06 Қараша, 2018

Мемлекет пен жекеменшік арасындағы нәтижелі байланыс

358 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет пен жекеменшік сектор арасындағы әріптестік байланыс нығайған сайын нәтижелі жұмыстар саны да артып келеді. Әсіресе аймақтардағы екі жақты қарым-қатынастың жемісін ел көріп отыр.  

Мемлекет пен жекеменшік арасындағы нәтижелі байланыс

Мысалға, Алматы облысында 2016-2019 жылдар аралығында жалпы сомасы 220,5 млрд теңге болатын 41 жобаны іске асыру жоспарланған болса, бүгінде 8,7 млрд теңгені құрайтын 12 жоба сәтті жүзеге асырылған. Яғни, бұл жобалардың барлығы өңір тұрғындарының игілігіне қызмет етуді бастады деген сөз. Зерделеп қарасақ, облыстағы мемлекет пен жеке сектор арасында жүзеге аса бастаған жоба­лардың басым бөлігін ауыл шаруа­шылығы мен білім беру саласына байланысты қол қойылған келісімшарттар құрайды екен. Бұл – қос тараптың қол жеткізген уағдаластығының нәтижесінде жаңадан салынатын құрылыс нысандары мен бағдарламалық бастамалардың нағыз сұранысқа ие әрі демеуді қажет ететін салаларға бағытталғанын білдіреді.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында еліміз­дің кәсіпкерлерін өңірді дамытуға атса­лысуға шақырды. Бұл – отаншыл азамат­тардың парызы. Ал мемлекет пен бизнес арасындағы байланыс үлкен жобалар­ды бірігіп жүзеге асыруға кең жол ашып отыр. Қазір қаржысы бар кәсіп­кер екіжақты әріптестік аясында аймақтан кәсіпорын, мектеп, балабақша, басқа да әлеуметтік нысандарды салу­ға, құрылысын қаржыландыруға қатысу­ға ынталы. Бұл жерде еліміздің «Мем­лекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңына енгізілген өзгертулер мен толық­тырулардың нәтижесін атап айтуымыз керек. Заңда жобаларды жоспарлаудың бірқатар үрдістері оңтайланған. Мысалы, бұрын жоспарлау үрдісі 5 кезеңнен тұрса, қазір ол жеңілдетіліп, 3 кезеңге дейін қысқарды. Оның ішінде инвестициялық ұсынысқа сараптама жүргізу, конкурс­ты өткізу мен келісімшартты әзірлеу кезеңдері жеделдетіліп, бюрократия жойылды. Нәтижесінде мемлекет пен жеке кәсіпкер арасындағы байланысты заңдастыруға кететін жарты жыл мерзімі 3 айға дейін қысқарды. Осы жеңілдіктер жеке кәсіпкердің өңірге инвестиция салуға деген ынтасы мен сенімін арттырды, дейді «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Дана Жамболатова.

Өткен жылы осы кәсіпкерлер палата­сы­ның тікелей араласуымен құны 6,6 млрд теңге болатын 4 жоба іске асы­рыл­ған екен. Әріптестік аясында Қарасай ауданында біреше нысан ашыл­ды. Оның алғашқысы 150 орынға лайық­талған  балалар бақшасы болса, екін­шісі көпсалалы «Олимп» зертхана­сы. Бұл кешенде медициналық ақпа­рат­­тық жүйе құрастырылып, медицина мамандары мен жедел жәрдем жүргізушілерінің кәсіби біліктілігін арттыру және жұмыс процестерін автоматтандыру бір орталықтан басқарылады. Нәтижесінде аудан тұрғындарының ден­саулығын сақтауға қатысты жұмыста іл­ге­рі­леушілік болды. Ал мектепке де­йін­­гі тәрбиемен қамту ісі барлық өңір үшін өзекті болғандықтан, жекеменшік балабақшалардың ашылуы ешқашан көптік етпейді. 

Жалпы Алматы облысындағы мем­ле­кет пен жекеменшік арасындағы әріптестікті дамытудың нәтижесінде жекеменшік балабақшалар үлесі 70 пайызға жеткен екен. Ал өткен бір жыл ішінде жеке инвесторлардың мектепке дейінгі білім беру бағытына салған қаржысы 1,7 млрд теңгені құрап отыр. Осылайша Жетісуда мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестікті жүзеге асыру белсенді  жалғасуда. Бұл мақ­сатқа 2018-2019 жыл ішінде ғана 50,5 млрд теңге бөлу жоспарланып, ол қар­жыға 31 жоба жүзеге асуы тиіс. 

Екіжақты келісімнің негізінде ашылып жатқан нысандардың бір қатарын бұқаралық спортты дамытуға арналған дене шынықтыру-сауықтыру  орындары құрайды. Мәселен, қазір өңірде 3 мыңнан астам спортпен шұғылданушыға арналған зал және балалар мен жасөспірімдердің 37 спорт мектебі қызмет көрсетуде. Бұлардың дені жекеменшік сектордың қатысуымен жүзеге асқан жобалар. Ел игілігін көріп отыр­ған спорт инфрақұрылымының қатары әлі де толығуда. Бұған дейін Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Кербұлақ және Алакөл аудандарында жалпы саны 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құры­лысы толықтай аяқталса, Қарасай ауд­а­нындағы Қаскелең қаласы мен Шамал­ған ауылында, Талғар қаласында, Кеген ауданының Кеген ауылында, Ақсу ауданының Жансүгіров кентінде спорт­тық кешендер құрылысы жүріп жатыр. 

Сондай-ақ жоспар бойынша 2019-2021 жыл аралығында Алакөл ауданы Достық ауылында, Ескелді ауданының Қара­бұлақ кентінде, Райымбек ауданы­ның Нарынқол ауылында, Балқаш ауданының Бақанас ауылында, Іле ауданының Байсерке ауылында, Көксу ауданының Балпық би кентінде де дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынатын болады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы