Таным • 07 Қараша, 2018

Төрт теңізді туысқандар елінде

915 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биылғы еңбек демалысын туристік агенттіктерге жүгінбей өз қолымызға алғанбыз. Түркияның Бурса қаласындағы термалды қайнарлардың денсаулыққа пайдасы зор деген соң сонда бет алдық. Жалпы, Бурса Османдардың алғашқы астанасы болған жер, мұнда да Улыдааг-Ұлытау бар екен. Түркілердің ханы қоныс тепкен орнын аса биік болмаса да Ұлытау деп атайтын болған-ау сірә деп ойлап қойдық. Тау соншалықты биік емес, біздің Көкшетау биіктері тәрізді.

Төрт теңізді туысқандар елінде

Түстен кейін Бурсадағы са­лын­ғанына 600 жылдан асқан Ұлы Джами мешітіне барғанбыз. Бұл сол заманда Баязид сұлтан бұйрығымен əлемдегі ең жылдам, бас-аяғы 4 жылдың ішінде салынған сəулет ескерткіші. Біз­дегі мешіттердегідей аяқкиім қоятын ұяшықтар, əйелдерге арналған ұзын жамылғылар, жасөспірім қыз балаларға деген өздері етек дейтін юбкалар, орамалдары бар. Мешіттің дəл ортасында дəрет алуға арналған су бұрқағы мешітке өзгеше бір əсемдік, əрі бір жайлылық береді. Сондай-ақ бір байқағаным, мешіт ішінде аласа ғана, биіктігі 20 см шамасында ағашпен бөлінген бөліктер бар да, намаз оқитындар солардың ішіне орналасып алып ғибадат, құлшылығын жасаса, былайғы жұртшылық мешіт ішін аралай береді.

Мешітте елдің бəрінің назарын аударатын бір дүние бар екен. Ол Сұлтан Селимнің мешітке жасаған сыйы. Мысырда арнайы сұлтанға арналып теріні алтын жіптермен оюлап, керемет етіп безендірілген бұл асыл жапқыштың тұрғанына да 600 жыл болыпты. Жалпы, мешіт ішіне кіргенде бір жеңілдікті сезінесің, неше жылдық ескі тарих сенің еңсеңді көтеріп, Аллаға сан ғасыр үзілмей жасалып келген құлшылық рухына сүңгіп, берекет пен тыныштық рухына малынып қайтасың. 

Ұлытауға бардың ба?..

Бір күнді түріктер Улыдааг дейтін Ұлытауға арнадық. Түр­кияда бұдан да биік таулар бол­ғанымен ең биігі 2,5 мың метрге таяу осы тауды ғана Ұлы деп атапты. Осман империясын тербеген алғашқы бесік осы тау­дан бастау алғандығынан сірə ұлы атанған шығар. Ұлытау ор­манды көрінді. Аспанмен та­ласқан қарағайлардың бұтағы да, жапырақтары да қалың екен. Міне, сол қалың қарағайды қақ­ жарған серпантинді тау жолы ирелеңдеп биіктерге бас­тай береді. Бұрылыстардың шалт­т­ы­­ғы сондай қанша сілтеуіш бағ­­дар тұрса да дəл тұсына жет­­кенше байқамайсың. Екі көлік қана сиятын тау жолында жыл­дамдықты үдетпестен 200 лираға апарып келемін деген таксидің ішінде жан-жағымызға көз салумен діттеген жерге де жеттік. Кемердегі Тахталы та­уын­дағы­дай мұнда да аспалы жол жасап қойыпты. Бірақ ондағыдай бір­ден 80 адам сиятын фуникулер емес, біздің Шымбұлақ басына шығатындай екі кісілік отырғыштарға жайғасып тау биігіне шықтық. Мұнда суретке түсіріп, ас-су беріп қызмет көр­сету жолға қойылған. Айна­лаң толы əсемдік, қаладағы ыс­тықтай емес салқын саф ауа, мін­сіз қыз­мет бəрі қолайлы.

Таксист келе жатып: – Мына жерде, тым таяуда Османлы заманынан бері 700 жылға таяу өсіп тұрған алып шынар ағашы бар, чок гюзаль деген соң, жарайды дедік. Шынында да шынар нағыз алыптың өзі екен. Иір-иір бұтақтарының жуандығының өзі 100 жылдық ағаштардай, далиып, кең көсіліп жатқан ағаштың саясы толған адам. Көлеңкесіне жағалай дəм ішетін кафелер орын тепкен. Сөйтіп бір емес, екі жерге апарған таксиге 230 лираны төлеп, көрген-білгенімізге тойып қалаға қайттық.

Айтпақшы таксистің есімі Орал екен. Бағзыда біздің бабаларымыз Оралдан келіпті, соның құрметіне есімімді таудың атымен атаған. Біз акраба (туыспыз) менің ең үлкен арманым барлық түркінің бірігуі, сонда чок буйік, чок гюзаль боламыз, дейді қа­ра­пайым көлік жүргізушісі. Қо­лынан мемлекеттерді туыс­тыратындай мүмкіндігі жоқ кіш­­кентай адамдағы үлкен ар­манның, мақсаттың биігі қандай десеңізші?! 

Сәулет ескерткіштері сөйлейді

Əмір Темір көрегеннің қы­-н­улы əскерінің тегеурініне шыдамай жеңілгеннің бірі Осман падишахы Баязид I болатын. Ос­­манның қайқы қылышынан там­ған қанға талай қала, мемлекет боялып, дəуірлеп тұрған шағында бір түркінің жүріп тұрған дəуренін екінші бір түркі тоқтатқан. Ал Ақсақ Темірдің Осман империясының батысқа жүргізер билігін 100 жылға кейін шегергені анық. XV ғасырдың басында Баязид Анкара соғысында Əмір Темірден жеңіліп қана қоймай, ұлдарымен тұтқынға түседі. Ал Дəулет хатуннан туған ұлы Мехмедті бір жанашыр паша жасырып қалады да кейін Баязид ұлдарының империяны бөліп алып билеу ниетін тоқтатып, Османлы билігін бекіте түскен өзі білімді, жұмсақ мінезді, алайда алға қойған мақсат жолында тегеурінділік пен ақылын қоса жұмсайтын осы Мехмед I падишах, челеби болып шықты. Ол ол ма, тарихта Фатих атанған осы сұлтан Византия империясының басына қонған бағын ұшырып, Осман империясының тəжіне қондырды. Константинопольде азан айтылып, Ислам дінінің жаңа қорғаушылары болып, тарих жүзіне түркілер шықты. Міне, дəл осы Фатих, осы Мех­мед сұлтан Бурсада өзі сал­дыр­ған Жасыл ме­­шіттің жанында салынған əсем күмбез астында ұл-қыздарымен бірге жатыр. 

Алдымен марқұмдар жатқан кесенеге кірдік. Соншалықты бір үй­лесім, керамикаға салынған бояу­лары əрін бермеген жасыл,­ көк бояулары басымдыққа ие, өз­геше бір гармониямен қиюлас­қан кесенеге тізе бүгіп, құран бағыштадық. Ал түріктер түрегеп тұрып оқып, бет сипайды екен.

Одан соң Жасыл мешітке ендік. Кіргеннен көз тартар мəр­­мəр хауыз алдыңыздан шыға­ды. Ал қақ маңдай қағбаға бағыт­­­­­талып, ондағы құснихатпен жа­зыл­­ған сүрелер, жауһардай сұлу­лық өзіне баурайды. 

Өмірімде талай мешітті көр­дім, бірақ дəл осы мешіттегідей тазалық деймін бе, аурасының жеңілдігі ме əйтеуір бір тылсым, тұнықтықты сезініп мешітті қия алмай, шығып кеткен соң ішіне екі кішкентайды алып қайта кіргенмін. Егер Бурсаға жолыңыз түссе Константинопольді Ыстан­бұл еткен падишах салдырған Жасыл мешітке соқпай кетпеңіз.

Хасеки Хюррем

Таңертеңнен аяңдай басып,­ жан-жағымызға барлай­ көз тас­тап, Ыстанбұлдың терең тарихи тастарына өрілген көшелерінің ауасын жұта беттегеніміз Су­леймание мешіті болды. Отель­­­ден қашық болмаған соң 15-20 минуттың ішінде мешітке де келіп жеттік. «Сулейман кануни мешіті» деп тасқа жазылған жазуды оқып ішіне енгендегі сұлулыққа көзің қарығандай. Сəу­летші Синанның өлмес туын­дысының көркін көзбен көрмесе, сөзбен айтып жеткізу қиын. Ме­­шіт іші самаладай. Алайда оны жарық етіп тұрған көкте жанған жұлд­ыздай төбеңізді көм­кере, шең­бер-шеңбер болған шамдалылар ғана емес, бірнеше толық жəне жар­­ты күм­бездерге жағалай қонды­рылған терезелерден түс­кен сəуле. Ал ол терезелерді əдет­те­­ мешіттерде кездесе бер­­­мей­тін­ əсем өрнектелген са­мал­дық-балкондар тізбегі əдіп­тепті. Жал­пы, Сулеймание ме­шіті сим­­воликаға толы. Алыс­тан мен­­мұндалаған 4 мұнара Су­лейман падишахтың Ыстан­бұлды астанасы еткен төртінші билеуші екенін, ал əр күмбездегі 10 балкон Сулейманның динас­тия­дағы оныншы падишах екенін біл­діреді. 

Бурсадағы Мехмед Челеби –Фа­тих падишах мешітіндегідей емес, мұндағы сезім мен түйсіну мүлде бөлек. Мұндағы сұлулық та, сыр да өзгеше. Жан-жағыңа көз тіккенде асқақтықтың, кербез керім сұлулықтың, өнер туын­дысының ғажайыбынан жанарың жарқ ете түседі. Бек­заттық, салтанат, жарыққа құ­былған сан түсті бояулар, темірге салынған өрнектердегі үзіліп түсердей үйлесім мен нəзіктікті тұрғызуға қатысқан барлық Ал­ланың құлдарына кеудеңді алғыс кернейді. 

Мешіттен шығып Сулейман пади­шахтың мəңгілік мекені – тюрбесіне беттедік. Мəрмəр та­­­­балдырықты аттап ауласы­на өткенде алдымыздан құлпы­тас­­тардың көп қарасы қарсы алды. Бəрін тізу мүмкін емес, əйтеуір бас уəзір Ибрагим паша, падишахтың Хюрремнен туған қызы Михримахтың күйеуі Рүс­тем паша жəне көптеген Осман тарихында есімдері белгілі жандар жерленіпті. Ал Канунидің өзі жəне балалары, одан кейін ел билеген екі бірдей Сулейман падишах жатқан орын өте еңселі екен. Марқұмдарға құран бағыштап, одан гөрі кішіректеу Хасеки Хюррем жатқан тюрбеге кірдік. Падишахтың жүрегін жаулап, империяның кейінгі тарихының өзгеруіне ықпал еткен Хюррем сұлтан жанында немересі шахзаде Мехмед пен Сулейманның қарындасы Хатидже сұлтанның қызы Ханым сұлтан жатыр екен.

Барлық тюрбелерді ара­ла­ғандағы заңдылық егер жер­лен­ген сұлтан нəсілді еркеккіндікті болса бас киімі тұрады екен, ал əйелдерге ондай еш белгі қо­йылмайды екен.

Қала ішіндегі қала

Топқапыны қала ішіндегі қа­ла деуге əбден сыятындай. Ая Со­фиядан онша қашықта да емес өзі, жаяуласаң 10 минуттың шамасында Топқапының сыртқы қақпасына жетесің. 700 мың шар­шы метр жерді алып, 5 шақырымға созылып, 4 сарайдан тұратын, бірнеше мешіті, хамамы, кітапханасы, гаремі, янычарлар тұратын жəне басқа да қосымшалары бар, о баста Константинопольді тізерлеткен Фатих падишах салдырған Топ­қапы тарих куəсі. 1856 жылы жаңа сарай Долмахбахчеге көш­кенге дейін ІV ғасыр 25 падишах əмір жүргізген Топқапыға кіру билет алуға деген кезектен бас­талады. Бір адамға 40 лира, гаремге – 25, құлаққабы бар ­аудио гидіңіз – 30 лира тұрады. Əр адамға 95 лирадан жұмсап ішке кірген соң да залдарға өтуге де кезек бар. Күн болса ыстық, ал шөлдесеңіз оның қамын ертерек ойлау керек екен. Əншейінде бір лирадан 0,5 л су ішесің, ал мұнда ол 20 лирадан. 4 бөтелке су алдық есептей беріңіз. 

 Топқапы – нағыз шығыстық билеуші сарайы. «Сүлейман сұлтан», «Көсем сұлтан» кинохи­каяттарында көріп, көңілге жат­талған сарай көріністері, сол бояу, сол салтанат. Ал экспонаттары қандай? Пайғамбарымыз Мұ­хаммед с.ғ.с. мөрі, сахабалар сақал-шашын басқанда шашауын шығармай жинап отырған сақалы, асыл тастармен безендірілген қылыш, қару, көздің жауын алар фарфор сервиздер, жарқыраған жұлдыздай зүбәржат дейсіз бе, бірі мəнімен, бірі сəнімен құнды сансыз жəдігерлер. Падишах ке­ңес өткізетін жер, шетелдік елшілер қабылдайтын бөлме, тағы тұрған салтанатты орын не керек бірінен-бірі өткен сайын көне сыр сыйдырған сарай қызығы өзіне тарта береді, тарта береді.

Мына бір бөлікте сарай ем­ші­лері тұрып, падишах пен оның отбасы мүшелерін емдеп, түр­лі шөптерден дəрілер мен дəрумендер даярлапты. Жалпы, Топқапыда 300-дей бөлме болып, заманында 5000 адам тіршілік етіп, алғашқы екі орамда əскер мен түрлі қызмет көрсетушілер, ал соңғы екі белдеуіне ең жақын­дары ғана кіре алыпты. 

Гарем. Бұл нағыз лабиринт.­ Ұзын дəліздерден жан-жақ­қа бұрылыс-қиылысы бар мұн­дағы бөлмелер сансыз көрінді. Гарем Хюррем сұлтанға жасал­ған қастандықтан бір рет өрте­ніп, Сұлтан Сулейманның бұй­рығымен қазіргі қалпында қайта салыныпты. Жалпы, гаремнің тір­шілігінде Хасеки Хюррем алар орын ерекше болыпты. Гаремде 100-ден астам бөлмелер бар көрінеді, бірақ олардың дені жа­бық тұр. 

Түрлері өзге болса да...

Өң-түстеріне үңілсең түрлі, о баста грек, армян, серб, еврей, грузин сияқты сан ұлттың қаны бардай, бірақ қазір қарасаң бəрі түрік. Бір тілде сөйлейтін, түрік десе көздері жанып, қаласының əр жерінде туын желбіреткен кеуделерін ешкімге бастырмайтын арда жұрт өздерінің түрік болып туғанына мақтанады. Біздің елде де өмір өз легімен жүріп жатыр. Бізде де құранды қанша жұрт бар. Олар өздерін қазақпыз дей ме? Бір мемлекеттің балалары екі әліпбимен оқыса қырық құрақтың көкесін сонда көрерміз-ау. Қашан Қазақ еліндегі барша жұрт қазақпыз деп, қазақ болып туғанына мақтанар екен?

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»