Аймақтар • 08 Қараша, 2018

Еліне қорған болған ер Қарасай

611 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығы, Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктері және «Ақ Орда» республикалық қозғалысы мен «Бәйдібек баба» қоры біріге отырып, «Қазақ тарихындағы батырлардың рөлі» атты Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Еліне қорған болған ер Қарасай

Пленарлық және секция мәжілісінен тұратын, ауқымды екі тармаққа бөлінген конференция жұмысы есімі ұранға айналып, ерлігі ел аузында қалған Қарасайдың қаһармандық тұлғасын ғылыми тұрғыдан талдап, азаттық соғыстарында қол бастаған батырдың күреске толы тағдырының маңызын ашып көрсетуге арналды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың, Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдігінің, «Ақ Орда» республикалық қоз­ғалысы  қоғамдық бірлес­ті­гі­нің төрағасы генерал Қайрат Сатыбалдының құт­тық­тау сө­зімен ашылған ғылыми кон­­ференция тарих ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Та­лас Омарбековтің «Қазақтың Қарасай батыры» баяндамасымен жалғасын тапты. Ата­дан балаға жеткен ауыз­ша тарих – шежірелік аңыз, әң­гімелердің көпшілігі өзгеріске ұшырайды, қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екендігін екшеп алу тарихтың үлесінде болса да, батырдың заманына қатысты деректерге сүйене отырып тың тұжырымдар жасау – ғылымға аманат, ғалымдарға – парыз. Т.Омарбеков Алатау бөктерінде туып-өскен батырдың Есім хан заманында соғысқа кіріп, 17 жасынан басталған баһадүрлік тағдырынан сыр шертетін бір­талай тарихи дерекпен таныс­тырды. Тарихшы ғалым жас­тайынан байрақ көтеріп, суырылып көзге түскен Қарасайдың даңқын асырған негізгі үш соғыс туралы баяндады, олар – терістіктегі Тобыл, Хазар (Кас­пий) теңізі бойындағы қал­маққа қарсы 83 күндік соғыс және әйгілі Орбұлақ шайқасы. Қарасаймен бірге қалмаққа қарсы шапқыншылықтың бәрінде бір-біріне қалқан-демеу болып, ел-жер үшін шарпысқан шешуші сәттерде әрқайсысы жүз жауынгерге татыған Ағынтай, Жиембет, Сарбұқа, Көксерек, Табай батырлардың да ерлік істері аталып өтті. «Халық Қарасайды есінде сақтап қалды. Оны топонимикалық атаулар дәлелдейді. Кезінде Қарасайдың қалмаққа қарсы ерлік күресінің куәсі болған жер-су атаулары да халыққа кеңінен әйгілі болды. Жетісуда Қарасай атымен аталатын жеті сай, үш қыстақ, бір тау, бір шоқы бар. Тағы бір ескеретін мәселе, Қарасай батыр қалмақтарды жеңген жер атаулары батырдың өзінің атымен емес, соғыс нәтижелерімен аталып кеткен», дейді профессор Т.Омарбеков. 

Конференцияда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай тарихшының сөзін тереңдете келіп, «Батырлары бар ел мақ­­танар» атты тақырыппен жа­саған баяндамасында Петропавл қаласының төрінде тұрған Қа­расай батырға арналған спорт кешенінің, ескерткіштің Ағынтай батырмен достығын дәлелдейтінін, олар, батырлар, тек ерлік іс­терімен ғана емес, елінің мұң-мұқтажын ой­­­лаған жана­шырлығымен дау-шардың ортасынан табы­лып, әділ төрелігін айтқан па­­расатты ісімен де ел тари­хын­да есімдері жазылып қал­ға­нын айтты. «Бәйдібек баба» республикалық қоры­ның пре­зиденті, жазушы Наға­шы­бек Қапалбекұлы «Қара­сай батыр туралы аңыз бен ақиқатты» саралап, осыдан төрт ғасыр бұ­рын дүниеге келіп, бүкіл өмірін ел қорғау ісіне арнаған Қарасай батыр туралы қазақ жеріне тараған шежіре-шын­дық әңгімелердің бір парасын тарқата айтып, ауыз әде­биетінің мәліметтерін жазба дерекке негізделген тарихи оқиғалармен  салыстырды. 

Конференцияда академик Хангелді Әбжанов, тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор Бақыт Еженханұлы, та­рихшы-профессор Берекет Кәрібаевтар да мінбеге шығып, Қарасай батырға қатысты тарихи деректермен бөлісті. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, 

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ