Қазақстан • 09 Қараша, 2018

Теміртауда қабырғасы әйнек полиция бекеті ашылды

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теміртау қаласында елімізде тұңғыш рет шыныдан салынған учаскелік полиция бекеті пайда болды. Грузия тәжірибесі негізінде салынған ғимарат­тың қабырғалары оқ тесе алмайтын әйнектен бой көтерген.

Теміртауда қабырғасы әйнек полиция бекеті ашылды

Жаңа ғимараттың ішінде полиция қызметкерлері мен келушілерге барынша ың­ғай­лы жағдай жасалыпты. Ғимарат ішіндегі бөлмелердің барлығына бейнекамералар орнатылған. Тұрғындар үшін бұл жерде түрлі кеңестер алуға,  арыз-шағымдарын тез ара­да тапсыруға мүмкіндік туды. 

Шыны ғимараттың ішін­де не болып жатқанын сырттан бақылап көруге болады. Мұның өзі ашықтық, шынайылық принциптерін паш етеді. Бы­лайша айтқан­да, полиция жұ­мысы тұр­ғын­дардың тікелей көз алдында болады. Өз кезегінде тәртіп сақшылары да әйнек қабырғадан айналада не болып жатқанын іште отырып-ақ бақылауға мүмкіндік алды. 

– Өткен жылы біз осындай нысанды салу туралы облыс басшылығына ұсы­ныс­пен шыққан болатынбыз. Өңір басшысы оны қол­дады. Бюджеттен қаражат бөлінді – шамамен 60 млн теңге. Осы жылдың наурызында құрылыс басталды да қыркүйекте аяқ­талды, – деді облыстық ІІД бастығы Мергенбай Жаппаров. – Ең бастысы, бәрі сырт көзге көрініп тұрады және есік баршаға әрдайым ашық. 

Бұл жерде тәулік бойы жол-патрульдік полиция қыз­меткерлері кезекшілік ете­тін болады. Ал бекеттің ішін­де учаскелік полицейлер, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі және пробация қызметінің инспекторлары жұмыс істейді. 

Учаскелік полиция бөлі­мі то­лықтай компьютер­лен­ді­ріл­­­ген. Барлық құқық қорғау ор­ган­дарының мәліметтер базасына кіру мүмкіндігі бар. Ол жүйе мұн­да жеткізілген азамат­тар­ды есептеулер бойын­ша тек­­­се­­ріс­тен өткізуге – із­деу­де бол­ған-болмағаны, айып­пұл­дар бо­йынша қарыз­да­ры бар ма, жоқ па, бұрын-соң­ды сот­тал­ған ба және т.б. сауал­дар­ға жауап алуға мүм­кіндік береді.

Жаңа полиция бекетінің жұ­­мысымен облыс әкімі Ерлан Қо­шанов арнайы барып, танысып қайтты. Өңір бас­шысы об­лыс­та мұндай поли­ция бекет­те­рін салу жұмыс­тарын жал­ғас­­ты­руды тап­сырды. Қара­ған­­ды об­лыс­тық ІІД бастығы М.Жап­паров келесі жылы Қа­ра­­ғанды, Темі­ртау және Жез­­қазған қала­ларында дәл осын­д­ай 10 полиция бекетін ашу жос­­парланғанын мәлім етті.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ