Қазақстан • 09 Қараша, 2018

Тамаша табыстың сыры

323 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында «Ақылды технологияларды» қолдану қажет деген тапсырмасы жергілікті жерде осы іспен айналысатындарды қанаттандыра түсуде. Шынында да, көне соқпақтың көсегені көгертпейтіндігі белгілі. Бұл ара­да­ғы шешуші тетіктердің бірі – агроөнеркәсіп саласын цифр­ландыру.   

Тамаша табыстың сыры

Цифрландырудың арқа­сында «Атамекен-Агро» акцио­нерлік қоғамының ауқымды ісі табысты арнада тоғысып жат­қандығын бүгінде көз көріп отыр. Ауыл­шаруашылығы өнімдерін молынан өндіру мен өңдеу бірнеше есеге көбейген. Астықты Ақмола облысында цифрландыруды өз істеріне негізгі серпін ретінде алып, түбегейлі қолданысқа енгізіп отырған, сөйтіп ауыл­шаруа­шылығы өнімдерін молынан өндіруге бағыт алып отырған ұжымның бірі – «Ата­мекен-Агро» акционерлік қоға­мы. Табыс сыры − ең алдымен цифр­­ландыру, негізінен ілкі­дегі тә­жірибе мен жаңа заман­ғы жа­ңа­лықтарды ұштас­тыра бі­луінде. Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев еңбек өнімді­лігін ұл­ғайтып, ауылшаруа­шы­лы­ғының өңделген өнімін бес жыл ішінде  2,5 есе ұлғайту туралы міндет жүктегені белгілі. Бүгінгі таңда облыс қана емес, еліміз бойынша ауылшаруашылығы саласында цифрландыру бо­йынша көш бас­тап келе жатқан кәсіпорынның Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындауға толық мүмкіндігі бар. 

Ағымдағы жылы «Атаме­кен-Агро» компаниясы елі­міз бойынша өткізілген агроөнер­кә­сіп кешенін цифрландыру бай­қауында жеңімпаз ретінде таныл­ды. Қазіргі таңда астық егі­летін алқаптарға ғарыш­тан мо­ниторинг жүргізу мүм­кін­дігіне ие. Осылайша барлық агро­тех­никалық шараларға тиіс­ті сараптама жасай алады. Оның үстіне алқаптар кес­те­­сін белгілеу, қай танапқа қан­­дай тұқым сіңірілгендігін, оның өнімділігін, топырақтың құ­нарын електен өткізіп, ең соңын­да өндірілген өнімді сақ­тау мен өңдеу үрдістерін де осы цифр­ландырудың арқа­сын­­да бақылай алады. Бүгінгі таңда ілкім­ді жаңалықтың арқа­сында еңбек өнімділігі екі есе көбейген. 

Компанияның жер көлемі көп. Нақтырақ айтсақ, 260 мың гектар жерді құрайды. Осын­шама алқапқа егілетін да­қыл түрі де аз емес. Мәселен, кей­бір шаруашылықтар тек бидай, арпа егуге маманданса, бұл кәсіп­орын жиырмадан ас­там дақыл түрін өсіруде. Ком­па­ния мамандарының айтуына қара­ғанда, жыл сайын ал­қап­­тардың құнарын, егілген тұ­қым­ның қаншалықты тиімді екен­дігін ақыл таразысына салып екшеп отыру керек. Бұл ұлан-ға­йыр жұмысты цифрландырусыз атқару мүмкін емес. Оның үстіне қолда бар техникаларды ұтымды пайдаланған жөн.     

Жерді игеру, агротехникалық шараларды уақтылы атқару ең ал­дымен материалдық-тех­ни­ка­лық мүмкіндікке байланысты екендігі әлмисақтан белгілі. Сондықтан мұнда машина-трактор паркін жаңалауға жете мән беріліп отыр. Соңғы жылдары компания 270 ауылшаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде қуаты жо­ғары астық комбайндары, егіс кешендері, топырақ өңдей­тін агрегаттар мен еңбек өнім­ділігі жоғары тракторлар бар. 

Өнім молайған соң оны сақ­тау мәселесіне де жеткілікті назар аударылған. Соңғы жыл­дары астық сақтайтын қамба­лар­дың да мүмкіндігі молайып келеді. Бүгінде 500 мың тонна дақыл сақтауға қауметтері толық жетеді. Есепті кезең ішінде 7 миллиард теңгеден ас­там инвестиция құйылды. Осы ин­вес­тицияның арқасында да­қыл өндіру мәдениеті көп-көрім жақсарып қалды. Өнім көлемі де өсе түсті. Мәселен, өткен жыл­дардағы қол жеткізген та­быс деңгейінен 25 пайыз ар­тық өнім жинау мүмкіндігі туып  отыр. 2017 жылы тауар­лы өнім көлемі одан арғы жылмен салыстырғанда 136,5 мың тон­наға немесе 41 пайызға көбейді. Сөйтіп ұзын-ырғасы 463 мың тоннаны құрады. 

Табыстың тайқазанын та­сыт­қан компанияның жұмыс ырғағында көп құпия да жоқ. Бары заман талабына сай цифр­ландыру үрдісін қуаттауы. Ендігі арада бір кезде ілкімді са­нал­ғанымен, көнерген әдіс­терді қоя тұрып, тиімділігі көз­ге ұрып тұрған жаңаның жалы­на жармасқан ләзім. Бұл ауыл­шаруашылығын  түбе­гей­лі тиімді арнаға бұратын цифрландыру технологиясы.      

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы