Қазақстан • 09 Қараша, 2018

Іс нәтижесімен құнды

243 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында қауіпсіздік тұрмыс сапасының айрықша бөлігі екенін атап көрсеткені белгілі. Бұл бағытта Ақтөбе аймағында арнайы жобаның қолға алынғаны құптауға да, қолдауға да әбден лайықты іс. 

Іс нәтижесімен құнды

Осы арада тағы да Жолдау жолдарына көз салсақ, халықпен жұмыс істеудің жаңа да заманауи форматтарын енгізу мәселесі қазіргі күні Ақтөбе облысында тәжірибеге ене бастады. Осынау сан алуан халықтық іс-шаралар Елбасы Жол­дауында қойылған талаптармен үндес әрі өзектес. Өйткені қоғам мен халық қауіпсіздігі қай кезде де ең маңызды, ең елеулі істердің бірі болып қала бермек. 

Биылғы қазан айының аяғында Ақтөбеде қайтадан қолға алынған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жөніндегі жоба алты бағыттан, ел-жұртқа ең қажетті мәселелерді өзек еткен алты арнадан тұрады. Оның әрқайсысының атқаратын әлеуметтік жауапкершілігі мен жүгі бар. Қазіргі күні өңірлер арасындағы ешқандай баламасы жоқ жоба жанашырлары ел ішінде, халықтың қалың ортасында жүр. 

Айталық, Мемлекет басшысы­ның Жолдауы осының алдында айтыл­ған ойды тереңдете түсуге жетелейді.  Еліміздің әр қиырын мекендейтін тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелер ұзақ уақытқа дейін шеші­мін таппаса, жергілікті орындарда олар­дың тиісті талап-тілектері мен мұң-мұқтаждарына тиісті көңіл бөлінбесе, түрлі түсінбестіктер туындауы мүмкін. Мұндай көріністер мен әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар халықпен тығыз қарым-қатынас орныға қоймаған, бүгінгі тілмен айтқанда, қолжетімді орта қалыптаспаған елді мекендерде кездесуі кәдік.  Мұндай кезде оның шешімін сол жергілікті тұрғындармен өзара келісіп іздестірудің берер пайдасы мол болмақ. 

Сондай-ақ бүгінгі күні елімізде қабылданған көптеген мемлекеттік және салалық бағдарламалар әркімнің өзінің кәсібін ашып, содан тиісті несібесін айыруына көмектесе алады. Алайда оның тигізетін пайдасы мен тиімді тұстары ел-жұртқа жан-жақты түсіндірілмесе, халық оның тигізетін шапағаты мен игілігін көре алмай қалуы ғажап емес. Оның соңы бірқатар әлеуметтік түйткілдер мен проблемалардың қолдан жасалуына әкеліп соқтырмасына кім кепіл?

Оның алдын қалай алуға болады? Ақтөбе облысында соңғы жылдары жүйелі түрде қолға алына бастаған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобасы» осындай басы ашық сауалға жауап беруді мақсат тұтады. Әрі елді алаңдатып жүрген әлеуметтік-тұрмыс­тық мәселелердің түйінін тарқатып, кілтін қолдарына ұстату мақсатын көздейді. Сонымен бірге аймақта шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ жеке кәсіпкерліктің өрістеуіне оң ықпал жасай алатын тетіктерді тауып, оны тұрғындардың назарына беруді мақсат етеді. 

Қазіргі күнде өңірде жасақталған арнайы сарапшы-мамандар тобы облыс аудандарында жүр. Олардың ақпараттық түсіндіру жұмыстарының аумағы мейлінше кең әрі сан алуан. Атап айтқанда, теріс діни ағымға арбалып жүргендер мен діни қауымдастық өкілдері, мүмкіндігі шектеулі жандар және түрмеден босатылғандар жұмыс топтарының жетекшілері белгілеген іс-шаралардан тыс қалған жоқ.

Мұның сыртында жергілікті халық­пен әрі Темір, Байғанин аудан­дары аумағындағы ірі компанияларда вах­талық тәсілмен істейтін жұмыс­шы­лар­мен кездесулер өткізілді. Еңбек ұжым­дарымен кездесулер барысында діни экстремизм мен терроризмді болдырмауға бағытталған іс-шара­лар кешені жүзеге асырылып жат­қаны атап көрсетіледі. Өмір болған соң кез келген аймақта шұғыл түрде тиісті шешімін табуды қажет ететін жедел жағдайлар болмай тұрмайды. Егер оны реттеу жөніндегі шешімдер кешеуілдесе, кейбір түсінбестіктер туындауы мүмкін. Сондықтан облыста осы мәселелердің алдын алуға қатыс­ты мақсатты шаралар өткізіліп келе­ді. Бұған қоса тұрғындарға әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге қатысты әр­түрлі көмектер көрсетілуде.  

Әлбетте басты гәп санда емес, сапада. Жүректен шығарып, жүректер­ге жеткізе айтудың қажеттілігі де осында. Әйтпесе тыңдамаса сөз жетім дегендей, ақпараттық сипатта айтылған түсіндіру мен талдау жұмыстары ешкімнің жүрегін селт еткізбесе, жылуы жоқ жүздеген шарадан не үміт, не қайыр? Біз бұлай дегенде халық қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығының сақталуына жанашыр болып жүрген ақпараттық топ мүшелерінің  қызметіне сын айтып, кінә тағу ниетінен аулақпыз. Мұн­дағы басты ойымыз жобаның халық­қа барынша пайда мен тиімділік әкелуге тиістілігінен әрі оның оң әсері мен нә­тижесін өңірдің әрбір тұрғыны сезі­нуі қажет­тігінен туындағанын жеткізу еді. 

Үлкенді-кішілі аудитория алдында сөз сөйлеген шешеннің тайыз­дығы мен ой-өрісінің төмендігі сезіліп қалса, немесе нақты қойылған сұрақ­тарға тұжырымды жауап қайтара алмаса, абыройдың сол мезетте айран­дай төгілмесіне кім кепіл? «Зерделі­лік пен тереңдік, дүниетаным кеңдігі әсіресе діни тақырыптарға бай­ла­нысты әртүрлі пікірталастар кезінде көбірек қажет болатындығын түйсіндім», деген болатын есімі Ақтөбе аймағына кеңінен танымал азамат, Ақтөбе қалалық әкім­дігіне қарасты Жаңақоныс ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағы­най қажы Құсайынов.  

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасына қатысты тұжырымын бізге қысқа да нұсқа түрде былайша жеткізген еді.

– Өңірде соңғы жылдары өткізіл­ген әрі өткен қазан айының 22-сі күні қай­тадан қолға алынған «Халық қауіп­­сі­здігін қамтамасыз ету» жоба­сы­ның басты мақсаты тұрғындар мен жер­гі­лікті атқарушы органдар, сонымен бірге тұтастай мемлекеттік билік ара­сын­дағы өзара іс-қимылдар мен қарым-қатын­ас­тарды тереңдете түсу болып отыр. Менің ойымша, бұл жалаң мақсат болмауға тиіс. Ең бастысы, атқарылған істер мен қолға алынған шаралардың нәтижесі болуына баса назар аударылғаны жөн. Мысалы, кейбір деректерге назар аударсаңыз ауқымды жұмыстар қолға алынғаны байқалады. Жөн-ақ. Сонымен бірге оның нәтижесі қандай екендігіне көңіл бөлінсе, жоба толыққанды бола түсері анық. Әсіресе теріс ағымда жүрген азаматтарды оң жолға бұру, оларды жұмысқа орналастыру, кәсіп ашқысы келетіндерге қолдау көрсету мәселелері жүйелі түрде жүзеге асырылуға тиіс. 

Әрине, мұның өте орынды да қо­ным­ды ой-пікір екені анық. Өңір бас­шысының осы ойлы ұсыныстарынан ке­йін жүргізілген  «Халық қауіпсіздігін қам­­тамасыз ету» жобасының кейбір нә­тижелеріне көз жүгіртсек алдыңғы  жыл­дардың  қорытындылары бойын ша облыста қылмыс деңгейі біршама төмендеген. Соның ішінде осы ара­лық­та облыста дәстүрлі емес дінді ұстанушы­лар­дың да саны әжептәуір кеміген. Салыс­тыр­малы түрде алғанда бұл – тәуір нәтиже.

Өңірде бүгінгі күндері «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы одан әрі жалғасып келеді. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ