Аймақтар • 09 Қараша, 2018

Көкшетауда «Ел бірлігі» атты жас ақындар айтысы өтті

1028 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көкшетауда «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аймақтық жас ақындар айтысы болып өтті. Жыр сайысында Көкшетаудағы Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебі мен  Қызылжардағы Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығының шәкірттері өзара бақ сынасты. Шара мүшәйра және айтыс аталымдарынан тұрды.

Көкшетауда «Ел бірлігі» атты жас ақындар айтысы өтті

Айтыс өнерінің ақтаңгері Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің атынан жыр додасына Сая Тұрсынбекқызы, Думан Самат, Ерден Нұрахмет, Абзал Жұмабек қатысса, Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығынан Диас Аяған, Дәулет Құрмаш, Сара Құлахмет және Ақан сері атындағы мәдениет колледжінен Бағзор Ерболқызы өз өнерлерін ортаға салды. Төрт жұп болып айтысқан өрімдей жастардың өнерге деген құлшынысы жеңіске деген ұмытылысымен ұштасып, тыңдарманды қуантты.

Сахнада өз өнерін ортаға салған жастар да сүйегіне сөз сіңген, талабынан үміт күттіретін деңгейде екен. Аламан болған соң алуан-алуан жүйріктің әліне қарай шабатыны да рас. Бұл жолы да бір қайнауы ішінде, шикіліктер де көзге көрініп тұрды. Бәлкім дайындықтың аздығы ма, жоқ әлде, тәжірибенің жұтаңдығынан ба әйтеуір жеке басқа тиісу, сынап-мінеу, тіпті шамданып, ашу шақырып, айтар сөзін ұмытып жатқандар да кездесіп жатты. Мұны албырт жастықтың қызуы деп түйсіндік. Ал,  айтыскерлердің сахнада өзін-өзі ұстауы, ұлттық киімдері, мақамы келісті болды. Әсіресе, қызылжарлық Дәулет Құрмаштың тапқырлығы мен орынды әзілі, ұтымды ұйқастары жырсүйер қауымды тәнті етті. Алқалы топтың алдында өнер көрсету оңай емес. Жүздеген көрерменге не айтамын, қандай мәселе қозғаймын деген көкейдегі келісті оймен шықпасаң, сөзден тосылып, табан астында сөз тауып айта алмауың әбден мүмкін. Айтыста қыз бен жігіт айтысының үлгісін көрсеткендердің қатарында Дәулет Құрмаш пен Бағзор Ерболқызы бар. Бағзордың: «Алдарыңа ақын қызың келіп қалды, Сара мен Қыз Жібектің жалғасындай» деген сөзіне, Дәулеттің: «Жібектің жалғасымын деп отыр ғой, Төлегендей бриллианттың бүтінімін» деген жауабы үйлесе кетті.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мүшәйра және айтыс аталымдарына бөлінген сөз додасы бойынша сайысқа жас ақындар кезектесіп шығып отырды. Олардың арасында мектеп оқушылары да бар. Ермек Жүмин жүрекжарды жырын оқыса, Жансая Жұмабекова кербез Көкшетауды өлеңіне арқау еткен.  Бала ақынның «Сарыарқа – жүзіктей, Көкшетау – гауһары» деген өлең жолдары әдемі өрілген.  Өзінің жыр шумақтарын оқыған Көкен ата мектебінің оқушылары Қарашаш Ұғылан, Дамир Бақытжан және Ерік ақын орталығының шәкірттері Жарқанат Қинаухан, Абылайхан Әшімханұлының да өлеңдері де көптің көңілінен шықты.

Қазылар алқасы айтыскер ақындардың ішінен ақтық мәреге Абзал Жұмабек пен  Дәулет Құрмашты лайық деп таныды. Қос ақынның да жастық албырттықпен жүлдеге таласуы қызықты шыққанымен, бойын ашуға алдырған көкшетаулық Абзалдың ұйқасын келтіре алмай, тұтығуы, сахна мәдениетін сақтамауы көптің көңіліне қаяу түсірді.  

Мүшәйрада жүлделі үшінші орынды Ермек Жұмкей, 2-ші орынды Жарқанат Қинаухан иеленді. Жансая Жұмабекова жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал, айтыс аталымы бойынша 3-ші орынға Думан Самат, 2-ші орынға Абзал Жұмабек лайық деп танылды. Ал, сөз саптауы мен суырып салмалық қабілетімен көп ішінен дараланған жас дарын қызылжарлық Дәулет Құрмаш бас жүлдені иеленді. Айтыс пен мүшәйрада бағын сынаған барлық жас ақындарға Алғыс хаттар мен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі атынан ұлттық нақыштағы сыйлықтар тарту етілді.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы