Қазақстан • 12 Қараша, 2018

Ыстамбұлда Д.Кәлетаев шетелдік қазақ ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

9 қарашада Ыстамбұл қаласында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев пен «Отандастар» Қоры Президенті Нұртай Әбіқаев Түркия және Еуропадағы шетелдік қазақ ұйымдарының Мансұр Тәйжі, Якуп Жан, Фазыл Топлу, Әбдуақап Қара сияқты белді әрі белсенді басшыларымен кездесу өткізді. Шара қазақстандық делегацияның Түркия Республикасына іссапары аясында орын алды.

Ыстамбұлда Д.Кәлетаев шетелдік қазақ ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді

Қазақ диаспораларының өкілдері жырақта жүрсе де тарихи отанымен ажырамас байланыста екендігін, Қазақстанда болып жатқан барлық маңызды жайттардан хабардар екендігін және өскелең ұрпақ туған тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін меңгеруде үлкен қолдауға ие екендігін жеткізді.

Нұртай Әбіқаев Түркиядағы қандастарға өзі басшылық етіп отырған Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар» Қорының мақсат-міндеттерін таныстырды. Қор басшысының айтуынша, бірлестіктің қызметі сырттағы бауырлар мен шетелден тарихи Отанына оралған қазақтарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Қордың басты міндеті – Қазақстанға келген этникалық қазақтардың бейімделуі мен кірігуіне жәрдемдесіп, оларға ақпараттық, ұйымдастырушылық, консультациялық көмек көрсету, сонымен бірге, алыс-жақын шетелдердегі қазақ дисапораларымен мәдени, іскерлік байланысты сақтау және дамыту, деді Нұртай Әбіқаев.

Қордың алғашқы ресми шарасы – 7 қарашада Астана қаласында шетелде тұратын отандастарымыздың қатысуымен өткен «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықаралық өнер фестивалі. Шараға Франция, Германия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғанстан қатарлы алыс-жақын шетелдерден 50-ден астам өнерпаз қатысты. Жақын арада Қор шетелдерде тұратын ағайындардың Қазақстанның қасиетті жерлеріне танымдық экскурсиясы мен Ресей Федерациясында Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайын өткізуді жоспарлап отыр.