Технология • 13 Қараша, 2018

Жасасын, фонограмма!

489 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жасасын, фонограмма!

Ауылдан тай-құлындай тебісіп бірге өскен Ақалақ дос осындағы құрдас Пы­қыптың алпыс жас тойына келіп­ті. Мұны күтіп алу менің меншігіме жүктелген.
Ерте келген екен, құрдасты зерікпесін деп атақты әншінің концертіне апардым.

Дән риза, келе жатып:

– Бұрынғылар бір-екі ән айтса: «Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың» деуші еді... Мынауың ғажап, үзбей-жармай екі сағаттан астам шырқаса да былқ етпеді! Неғылған күш-қайрат, неғылған ерік-жігер! – деп тамсанғанында:

– Е, ол фонограмманың арқасы! Таза дауысымен айтып көрсінші! – деп едім, Ақалақ айтқаныңды түсінбедім дегендей бажырая қарады. 
Фонограмманың дайын дүние екенін, тек соған ілесіп айтқан болсаң болды деп түсіндірген болдым. 

– Пәлекет, бәсе! – деп Ақекеңде оны іліп ала қойды. 

Пықыптың тойындағы кідіріс-мүді­рісі жоқ, кілең даналық сөздерден құралған тілектерге Ақалақ аузын ашып, көзін жұмып тамсанумен болды. 
Үйге келген соң:

– Қаладағы сендердің тілек сөздерің­нің жанында біздікі жіп есе алмады. Ойпыр-ай, бірінен-бірі асып төгілген, неғылған ғажап сөздер! – деген соң: 

– Ол да дайын пәлекет... – деп міңгірлеп едім: 

– Не, сен де фонограммамен сөйледің бе?! – деп ажырая қарады. 

– Заман солай, технологияның енбеген есігі, кірмеген тесігі қалмады, – деп төменшіктенген болдым. 

Ертесінде Пықып алыс-жақыннан келген құда-жекжаттарының басын қосып дастарқан жайған екен, үлкен асқа бата беруді менен сұраған соң, қылтемірімді байқатпай құлағыма іліп, жанқалтамдағы аппаратымның нүктесін лып еткізіп басып сөйлеп кеп бердім...

Ара-арасында Ақалаққа көз тастап едім, пәлекет ыржиып «ұйып тыңдап» қалыпты. 

Біткенімде алыстан келген құда-жекжаттар:

– Әй, бәрекелді, міне бата! – деп ризашылықтарын білдірді.

Бұл «жетістіктерге» Ақалақ достың риза болғаны соншалық, кетерінде екі-үш күн кідіріп, қоярда қоймай әлгі тост сөзінен батаның екі-үш үлгісін жаздыртып алып, түн баласы көз ілмей менің тәжірибемді үйреніп ауылына аса риза кейіппен аттанып кетті... 

...Бірде бір жаназада... жаназа оқып отырған молдекеңнің құлағынан таныс қылтемірді көзім шалып... Бейіт басында да, келген соңғы оқылуда да молдекең саспады. Мұндайда молдекеңнің аппаратының батарейкасы бітпей абыроймен алып өтсе екен деп тілейді екенсің... Біздікінде болып тұрады, ондайда қарабайыр сөзбен іліп әкетіп, тегі болмаса сөзімізді сол тұстан бітіре саламыз... Е, молдекең де сөйтер, не нәрсенің де басы мен аяғын түгендеп жүрген кім бар бұл дүниеде... Сонымен айтарым – жасасын жаңа заман, жасасын жаңа технология, жасасын фонограмма!

Данияр ЖЕҢІС

АЛМАТЫ