Театр • 13 Қараша, 2018

Ар ілімін ардақтаған қойылым

1096 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда Семей қаласындағы облыстық «Дариға-ай» жастар театры көрермен көңілінің кілтін тапқан, сазымен сөзі, сөзімен сазы жымдасқан ойлы да оқшау қойылым «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклін сахналады. 

Ар ілімін ардақтаған қойылым

Кез келген театрландырылған қойылымның, шығармашылық жұмыстың жарқырап шығуы, еткен еңбегіңе, жаныңның ауырғанына байланысты. Аталған спектакльді бастан аяқ тамашалау арқылы режисер Жұлдызбек Жұманбайдың, қойылымның театрландырылған нұсқасын әзірлеген Амангелді Бахтиновтың еңбегі толық ақтал­ды деп сенеміз. Негізгі және қо­сал­қы рөлдердегі актерлердің із­денісі және Шәкәрім тақырыбын жүрегімен сезінгені жұртшылықты баурап, талантына тәнті еткені айқын аңғарылды. Шәкәрімнің образы (Еркебұлан Нұғыманов) соншалық жатық, соншалық жа­қын, кәрі Шыңғысты мәңгілік биі­гінде қалдыру үшін актердің (Естай Шәріпұлы) ерекше із­денгені, Шәкәрімнің өмірлік жолдасы, сенімді серігі Әупіштің (Ғалымбет Тасболатов) сахнадағы жүрісі-тұрысы нанымды көрінді.

Қойылым кіріспесі ойшыл ақын­ның шыр етіп өмірге келген мезеті, ақын ағасы хакім Абай айт­­пақшы, көрсем-білсем деген ниетпен көп нәрсені көңілге түйіп үйренгені, болыс болып қо­ғамдық істерге араласуы, қо­жа-­молдалармен тартысуы, елден шалғайға кетіп ар іліміне, шығармашылыққа тереңдеуі, бәрі-бәрі тұтастай алғанда, сегіз тас­палы қамшыдай ғажап өріліп шық­­қан. Әр детальға, айшықты штрихтарға аса зор мән берген автордың алғыр­лығы, режисердің таудай талабы танылды.

Қосалқы рөлдердегі қараша ха­лық­тың сыпсыңы, ақын жанын жаралайтын суық сөздері, надан тобырдың қарасұр киімде көрінуі, Шәкәрім болыс болып шыға кел­гендегі жағымпаз жұршылықтың жағыну мағынасындағы әртүрлі қимыл-қозғалыспен билеп шы­ғуы, шапан жауып жалпақтауы жаңашылдықтың дәмін татырды. Болыс сайлауындағы тастарды тықылдатып санау арқылы жеткізілген ой, дінді алға тартып өтірік жөткірініп, маңғаз көрін­ген шала молдалар мен қатал қа­ри­лердің бейнелері шынайы сом­далған.

Спектакльдің шарықтау шегін­дегі дала данышпаны Абайдың қазасы залда отырған көрерменнің, барша қазақтың Абайдай алып тұлғасын жоғалтқандағы үлкен өкі­нішін, Шәкәрімнің өмір бойғы жолдасы болған Әупішпен жолы екіге бөлінгендегі кемеңгердің ауыр қайғысы, Абай ағасының қам­қорында болып білім-ғылымға қол созған талапшыл жастың күйініші көрермен көңілінің кілтін тап­қан секілді. НКВД түрмесінде қы­зыл­дардың қыспағынан өз-өзіне қол салған баласы Ғафурдың сахнаға бассыз шығуы, немересі Баязиттің мойнындағы қыл арқан барлығы да Шәкәрім ұрпақтарының Кеңес өкіметі тарапынан аяусыз қуда­лауға түскенінен хабар беріп, тарихи оқиғалармен тамырласып шы­ға келді.

Спектакль бойында кәрі Шың­ғыс болып Шәкәріммен сырласқан кейіпкер тағы бір қырынан қара­ғанда кемеңгер ақынның алғыр ойы, ар-ожданы ма деген де ой келді. Санасын сайтан билеген пенде өзінің арының алдында бар күнәсін өтейтіні анық. «Менің осы ісім не?» деп бейнебір екінші адаммен сырласқандай күй кешетініміз бар. 

Спектакль мәресінде тау арасында атылған мылтықтың кімдікі екені белгісіз. Үлкен жұмбақтың шешімін көрерменнің өзі іздеп табары сөзсіз. Анығы Шәкәрімді ажал оғына байлаған қандықол қарақшылар, НКВД жендеттері. Абайды сабаған, Абайға қол көтер­ген ноқай тобыр. Ал Шәкәрімді өлтірген озбырлықтан оқталған мешеуліктің мылтығы - надандық еді. Осы ойды қойылым авторлары ашық айтып, дәл танып, анық жеткізіп отыр. Сахна безен­дірудегі декорация үлгісі лайықты таңдалған. Актерлердің киім үлгісі мен жүріс-тұрысына зор маңыз берілген. Қойылым бойы тау, ақын­ның соңғы күндері өткен тарихи мекен Керегетас, тобыр болып Шәкәрімді келеке қылып тон пішкен алып мүсіннің қас-қағым сәтте Құрқұдыққа айналып шыға келуі көрермен күтпеген шымыр шешім. Шәкәрім мүрдесінің құр­құдыққа тасталған заматта көрермен жүрегін селт еткізіп, жү­рек шымырлатып әсерге бөлеге­нін байқадық. Режиссердің шын шеберлігіне өн-бойымыз шымыр­лап тұрып қол соғуға мәжбүр бол­дық.

Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы қарсаңында ойшыл ақынның «Мұтылғанның өмірі» поэмасының желісі бойынша әзірленген спектакльдің режиссері және сценографиялық нұсқасының идея авторы Ж.Жұманбайдың, қо­­йы­­лымның биін дайындаған К.Джиренбаеваның, музыкасын­ жазған Ғ.Секеевтың, костюм су­ретшісі Н.Ерчихинаның, «Шәкә­рім. Жолсыз жаза» спектаклінің сахналық нұсқасын жасаған әрі театр директоры А.Бахтиновтың, одан бөлек білуге құштар, әр пьеса сайын жаңа қырынан танылып келе жатқан актерлер тобының ерен еңбегін атап айту парыз. 

Қуат ҚИЫҚБАЙ

СЕМЕЙ