Қазақстан • 14 Қараша, 2018

«Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында сауда-саттықты іске қосу салтанатты рәсімі өтіп жатыр

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында сауда-саттықты іске қосу салтанатты рәсімі өтуде.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында сауда-саттықты іске қосу салтанатты рәсімі өтіп жатыр

АХҚО Биржасы биыл «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылған болатын. 

Биржаның негізгі акционерлері – АХҚО, GoldmanSachs, Жібек Жолы қоры, Шанхай қор биржасы және NASDAQ америкалық биржасы. Соңғы аталған екі биржа әлемдегі ең ауқымды 5 биржаның қатарына кіреді.

Жалпы, АХҚО Биржасының алдындағы негізгі міндет ел экономикасының игілігі жолында ұлттық нарыққа кызмет ету болмақ. Оның ішінде әлемнің үздік тәжірибелеріне сәйкес келетін биржа ұлттық компанияларды жекешелендіруге арналған алаңға айналуы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың облигацияларын шығару, жеке компаниялардың құнды қағаздарын орналастыру міндеті де осы Биржаға жүктелген.

 «Астана» халықаралық қаржы орталығының құқықтық мәртебесі Мемлекет басшысы 2015 жылы қол қойған конституциялық заңмен бекітілген, ал жұмыс тілі – ағылшын тілі. Бұл қаржы орталығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ, олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режімдері көзделген. Бұл – қызметі ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. Бұл орталық Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубай қалаларындағы қаржы орталықтарының үздік моделі негізінде жұмыс жүргізеді.

Бүгіннің өзінде АХҚО-ында Қытайдық Даму банкі сияқты ондаған халықаралық ірі компаниялар тіркелген. Сонымен қатар Сингапур, Гонконг және Баыс Еуропаның халықаралық брокерлік үйлерінің қызығушылығын тудыруда. Дәлірек айтқанда, қазірдің өзінде Гонконгтағы екі ірі брокер – China International Capital Corporation және Shenwan Hongyuan Securities Астана халықаралық қаржы орталығының мүшесі мәртебесін иеленген. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар.

Қазіргі уақытта бұл қаржы құрылымының тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті барлық құқықтық және ұйымдастырушылық база жасақталған.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»