Қазақстан • 14 Қараша, 2018

Асқар Мамин өңіраралық семинар-кеңеске қатысты

319 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «Компаниялардың әлеуметтік-еңбек саясаты: тәжірибе және даму перспективалары» тақырыбындағы өңіраралық семинар-кеңеске қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Асқар Мамин өңіраралық семинар-кеңеске қатысты

Кеңеске облыс әкімі Е. Қошанов, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова қатысып, сөз сөйледі. Сонымен қатар 100-ден аса отандық кәсіпорындардың, кәсіподақтар федерациясының, «Атамекен» ҰКП басшылары, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Астана қаласы бойынша әлеуметтік әріптестікке жетекшілік ететін облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Кеңесте өнеркәсіптік кешендегі қазақстандық компаниялардың әлеуметтік-еңбек саясатына жаңа тәсілдерді әзірлеудің өзектілігі атап өтілді.

«Өнеркәсіп секторында еңбек өнімділігінің өсуі жұмыс күшінің әл-ауқаты мен біліктілігін айқындайтын факторларға байланысты», — деген А. Мамин «бұл ең алдымен, жұмыскерлердің әлеуметтік сезімдері, адам капиталының жинақталуы — биыл Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткен негізгі элементтер», деп нақтылады.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының аясында 2019 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы көлемі 1,5 есеге көтеріледі. ERG, «Қазмырыш» ЖШС, Қазминералз, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ тәрізді және басқа да компаниялар өз жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге ниетті.  

ҚР Бірінші Вице-Премьері атап өткендей, Үкімет еңбек дауларының алдын алу сапасын көтеру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Жұмыскер, жұмыс беруші мен мемлекет арасындағы диалог сапасын және қолжетімділігін арттыру бойынша іс-шаралар қабылдануда.

«Жұмыскерлердің еңбек ақысын уақытында алу құқығын қорғау күшйетілетін болады. Жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігін арттыру бойынша шаралдар қабылданды», — деді А. Мамин.

Кеңесте сөз сөйлеген ірі ТКМ компанияларының басшылары «әлеуметтік жауапкершілікті бизнесте табысқа қол жеткізудің басты тәсілі, барлық басымдықтардың негізі деп санайтындарын» атап өтті.

«Біздің кәсіпорындарымыздың әлеуметтік бағыттылығы сан қырлы, ол адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған», — деді «Қазмырыш» ЖШС тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.

Өңірлерде қала түзуші кәсіпорындар спорт нысандарын, балабақшалар салу, медициналық мекемелерге күрделі жөндеу жүргізу, оларды заманауи дәлдігі жоғары жабдықтармен жарақтау тәрізді әлеуметтік жобаларды іске асырып жатыр. Балалар үйлеріне, көпбалалы отбасыларға, қарт кісілерге және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсетіледі. Ал жаңа технологиялардың қарыштап дамуы және өмірдің барлық салаларын цифрландыру еңбек нарығы және жұмыспен қамту құрылымына тікелей ықпалын тигізеді. Осыған байланысты еңбек ресурстарын жаңа экономика қажеттіліктеріне бейімдеу тетіктері енгізілетін болады. Еңбек ресурстарының ағымын басқару бойынша шаралар әзірленіп жатыр.

А. Мамин атап өткендей, бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін «Үкімет Республикалық кәсіподақтар бірлестігімен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп 2018–2020 жж. арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі Бас келісімді әзірледі».

Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар кәсіпорындармен компаниялар жұмыскерлерінің ағымын басқару бойынша 700-ге жуық Жол картасын жасады. Қысқартылатын жұмыскерлерді қайта даярлау және олардың одан әрі жұмысқа орналасуына қолдау көрсету үшін бірлесіп инвестициялар салу қарастырылуда.  

Кеңес барысында оған қатысушылар еңбек қатынастарын реттеу шараларына, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамыту мәселелеріне, кәсіподақтардың жұмыс берушілермен ұжымдық-келісімшарт қатынастарына қатысуына баса көңіл аударды. Сонымен қатар тау-кен металлургиясы саласындағы салалық комиссияның жұмысы, ERG, «Қазақмыс» ЖШС, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қазмырыш» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік тәжірибесі, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.