Аймақтар • 14 Қараша, 2018

Бақытжан Сағынтаев Таразда Халықты жұмыспен қамту орталығына барды

708 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Тараз қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, облыста өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарды еңбекпен қамту және шағын несие беру саласында сапалы қызмет көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Бақытжан Сағынтаев Таразда Халықты жұмыспен қамту орталығына барды

Операциялық залды аралау кезінде Бақытжан Сағынтаевқа жұмыспен қамту орталығының жаңартылған офисі өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілгені мәлімделді. Ғимарат қажетті техникалық құралдармен жабдықталған, электронды кезек жүйесі енгізіліп, электрондық еңбек биржасының жұмысымен біріктірілген. Е-биржа порталында бүгінгі таңда жұмыс берушілер саны 73%-ға ұлғайтылған, қызметтерді алу уақыты 20%-ға қысқартылған, азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша Орталықтың қызметкерлері мүмкіндіктерін 31%-ға кеңейткен, портал арқылы жұмыс іздеушілер тарапынан бос жұмыс орындарына сұраныс 15%-ға артты. Жалпы республика бойынша 2018 жылдың ІІІ тоқсанында еңбектің электронды биржасында 255 843 бос жұмыс орындары мен 121 557 түйіндеме орналастырылған.

Жұмыспен қамту орталығының негізгі міндеті — қызмет алушылардың уақытылы әрі сапалы әлеуметтік қызметтер алуына қажетті жағдайларды жасау. Жұмыспен қамту орталығының директоры Е. Кеңесбеков биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 8125 жүгінушіге қажетті қызметтер ұсынылғанын айтты. Олардың ішінде: жұмыс іздеушілерді тіркеу; жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына бағыт беру; жаңа форматтағы «атаулы әлеуметтік көмекті» тағайындау үшін кеңес беру және құжаттарды қабылдау; Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес беру.  

Өңірде 11 жұмыспен қамту орталығы жұмыс істейді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбековтың айтуынша, соңғы он айда 20 978 адам жұмысқа орналасқан, 4964 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, 4 169 адам білімі мен біліктілігін арттырған. 6586 жаңа жұмыс орны құрылған, оның ішінде 4898 — тұрақты, 1688 — уақытша жұмыс орны бар. Кәсіби оқытушылардың жалпы саны 2999 адам қысқа мерзімді кәсіби оқытудан өтіп, оның 1361-і жұмысқа орналасты.