Қазақстан • 16 Қараша, 2018

Жастар жылынан не күтесіз?

987 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ілгері буынның толысқан тәжірибесін кейінгі толқынның жалын-жігерімен жымдастыра білген қоғамның қашанда түтіні түзу, мерейі үстем болмақ.  Әсіресе қазіргідей әлем ғылыми-техникалық жетістіктердің екпінімен жедел өзгеріп жатқан, бәсекелестіктің бәсі жүріп тұрған уақытта бізге жас буынның белсенділігі өте қажет. Ол үшін әрине ең алдымен жастар қауымына қамқорлықты күшейту керек.

Жастар жылынан не күтесіз?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында осы мәселеге айрықша назар аударып, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басымдығына айналдыруды тапсырды. 

Күні кеше, 13 қарашада Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Қазақстан Президенті Үкіметке атаулы жылды өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдау жөнінде пәрмен бере отырып, Жарлықтың орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктеді. 

Ендігі жерде Үкімет деңгейінде атаулы жыл аясында жас буынның қандай мәселелері қолға алынуы керектігінің кешенді жоспар-жобалары қабылданатыны белгілі. Қазіргі таңда бас­таманы жүзеге асыру бойынша Жол картасы түзілгенінен де хабардармыз. Жалпы, бұған дейін де биік мінберлерден һәм қоғам өкілдері тарапынан Жастар жылында қандай мәселелер алға шығуы керек екеніне қатысты көптеген ой-пікір айтылды. Осы орайда «Egemen Qazaqstan» газеті жас толқынның өзіне сөз бергенді жөн көрді. Бұл – күні ертең қабылдануға тиіс жос­пар-жобаларда жастар қауымының ұсыныс-тілегі барынша ескерілсін деген ниет. «Кеңесіп пішкен тонның қашанда келте болмайтыны» белгілі. Сауалдамада еліміздің барлық өңіріндегі түрлі салада жүрген жас азаматтардың пікірі қамтылып отыр.

Сонымен, Жастар жылынан не күтесіз?

Жас отбасыларды нығайтуға назар аударған жөн

«Жастар жылы» аясында жас отба­сылардың жағдайына ерекше көңіл бөл­ген жөн деп санаймын. Мәселе оларға деген әлеуметтік қолдаудан бұрын, жалпы құрыл­ған жас отауларды сақтап қалуда.

Бала күнімізден сан естіген «Отан отбасынан басталады» деген сөз әрбір отбасы мемлекет іргетасы екенін санамызға қондырды. Олай болса, отбасының әлеу­мет­тік институт ретіндегі мәртебесін арттыру, оның мызғымас құн­дылықтарын дә­ріптеу, соның арқасында бұзылған неке­лердің санын қысқарту – мемлекеттік маңызы бар іс.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары Қазақстан айырылы­су көрсеткіші бойынша көш бастаған елдер қатарынан табылауда. Әсіресе, бұл керітартпа тенденция жастардың арасында кеңінен таралып отыр. Бұған не себеп? 

Көп жағдайда себепті тұр­мыстық қиын­дықтардан іздейміз. Иә, үй-жай, тұрақты жұмыс және сапалы өмірге қажет өзге де алғышарттардың отбасы тұрақ­тылығын нығайтуға маңызы зор. Бірақ, шынымен де сан мың ошақты ой­ран­даған, баланы ата-ана тәрбиесінен айыр­ған себеп осы ғана ма? Олай болса, эко­но­микасының бәсекеге қабілеттілігі бойынша тоғызын­шы орындағы Швеция айырылысу көрсеткіші бойынша да неге дәл сол деңгейде? 

Демек, әл-ауқатты арттырумен қатар, әлеуметті оңалту қажет. Сол себепті, жас­тарға арналған 365 күннің бірінде, өңір­лерде жас отбасылардың басын қосып, түр­лі сипаттағы ортақ мәселелерінің шешімін табу мақсатымен сұхбат алаң­дарын ұйым­дастыруды қажет деп санаймын. 

Біржан ӘЛІМЖАНОВ,

Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ

департамент директоры

Ауылдық жерлерге спорт үйірмелері керек

Өзім спортшы болғандық­тан, еліміздің спорт саласын­дағы әрбір жетістігіне қуана­мын. Экономикамен бір­ге спорт та дамып келеді. Хал­қы­мыздың бәсін биіктеткен талай спортшы бар. Спортты қолдау да мемлекет тарапынан тиісті жолға қойылған. Әсіресе Елбасының «Туған жер» бағдарламасы бойынша бүгінде кәсіпкерлер демеушілігімен ауылдық жерлерде спорт кешендері салынуда. Бәріміз де ауылдан шықтық. Алайда әлі күнге дейін көптеген ауылдарда спорт, оның ішінде бокс үйірмелері жоқ. Жамбыл өңірі негізінен боксшылардың отаны саналады. Егер «Жастар жылында» осы мәселе оң шешімін тапса, туған топырақтан талай жойқын жұдырықты спортшы шығатынына сенімім мол. Одан кейін жаттықтырушы мәселесі тағы бар. Көптеген жоғары санатты жат­тық­тырушылар ауылға жұмысқа бара бермейді. Биылғы Жолдауында Елбасы жалақы мәселесін жақсы айтты ғой. Міне, осы мәселе жаттықтырушыларда да жақсы шешімін тапса деген ой бар. Ендігі жерде барлық ауылдық жерде спорт үйірмелері ашылса деп ойлаймын. Мәселен мен өзім спортпен алғаш айналысып жүрген кезімде Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылына барып жаттығып жүрдім. Себебі, біздің Байзақ ауылында бокс үйірмесі болған жоқ. Әлі де сол қалпы. Осы сияқты мәселе әрбір ауылда бар. Сондықтан да келесі жылы спортшы жастарымыз үшін осындай мәселелердің шешімі табылса екен деймін. 

Асланбек ШЫМБЕРГЕНОВ, 

бокстан Азия ойындарының күміс жүлдегері

Жамбыл облысы