Медицина • 16 Қараша, 2018

Бауырлас қазағыма ризамын

332 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1991 жылы 29 тамызда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл Кеңес Одағы сияқты алып мемлекеттің ыдырауына небәрі 4 ай уақыт қалғанда болған оқиға еді. КСРО-ның ең ірі әскери-өндірістік кешені болып саналатын Семей ядролық сынақ полигоны өз жұмысын тоқтатты. 40 жылдан астам полигоннан зардап шеккен халықтың еңсесі көтеріліп, жер жарасы жазыла бастады. 

Бауырлас қазағыма ризамын

– Елбасымыздың сол кездегі осы тарихи шешімін көпшілік бір­ден түсіне алмады, – деген еді «Невада-Семей» халықаралық ан­ти­ядролық қозғалысының 25 жыл толуына орай Семейде өт­кен айтулы шарада сөз алған ақ­ын, қоғам қайраткері Олжас Сүлей­менов, – тек біраз уақыт өт­кенде ғана адамдар бұл аса ма­ң­ыз­­ды қадам екенін ұға бас­тады. Курчатовта Ұлттық ядро­лық орта­лық құрылып, онда ғалымдар Семей сынақ полигонын тазарту, апат­тан зардап шеккен жердің эко­логиялық жағ­дайын зерттеу, ядролық ме­ди­цинаны дамыту сияқты өзек­ті дүниелермен айна­лысуды Елбасының бастамасымен жол­ға қойды.

– «Невада-Семей» халық­ара­лық антиядролық қозғалы­сы­­­ның белсенділері Елбасының ядро­лық қарусыз әлем құру жө­­­нін­дегі бастамасы аясында бүгінге дейін күресті жал­­­ғас­тырып келеді, – дейді «Не­вада-Семей» қозғалысының вице-президенті, «Парасат», «Құр­мет» ордендерінің иегері, об­­­­лыс­­тық «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени орталығының же­тек­­шісі Сұлтан Картоев. 

Сұлтан Омарұлы Картоев Павлодар қала­сында қарапайым жұмысшы отбасында туып-өс­кен, 8 баланың тұңғышы. Бала күнінен алғырлығымен көзге түс­кен С.Картоев мектепте үздік оқып, белсенділердің қатарында бола­ды. Еңбекке ер­те араласып, оқу­дан да қол үз­бей­ді. От та жақты, аула да сыпырды, сылақшы да болған ол Пав­лодар қа­ла­сының құрылыс ұй­ым­да­рында бетоншы болып та жұ­мыс істейді. Осылайша ор­та мек­тепті бітіргенге дейін С.Кар­тоевтың кәдім­­гідей-ақ құр­­ы­­лыс сала­сында еңбек тәжіри­­­бесі де жинақталып қа­лды. 1969 жылы Павлодар индус­триалды институтының жылу электр стан­сасының ин­женер-элек­тригі мамандығы бойынша оқу­ға түсіп, оны 1974 жылы тәмам­дайды. Жоғары оқу орнын бітірген соң бұрынғы Семей об­лысына жолдамамен келіп, от­ба­с­ы­­мен тұрақтап қалады. Сөй­­тіп Қазақстан энергетикасын да­мыту саласында 25 жыл еңбек етті.
– Ата-анама өте қиын болды, – деп есіне алады Сұлтан Картоев, – сегіз баланы асырау оң­ай емес, жыл сайын біреуі мектепке барады. Мектепте белсенді бол­дым, пионер, комсомол жи­ын­­­­дарынан қалмай жүрдім. Ма­тематика, әдебиеттен озат оқушы ата­нып, республикалық, бү­кіл­одақтық олимпиадаларға қа­ты­сып, жүлделермен оралатынмын. Мектепте ғана емес, қала­да көшбасшы болдым. Қазір жастар қалт етсе телефон­да­­ры­на үңіледі. Ал біздің кезі­міз­­­де тек қана кітап бар еді. Кітап­­­ханадан шық­пайтын едім. Қазір­­­­­дің өзінде қайталап оқитын кітаптарым көп, ол – Абай­дың қара сөздері мен Олжас Сүлей­меновтің шығармалары.

Кейіпкеріміз балалық ша­ғын­да балалар әдебиетін, оның ішінде шетел әдебиетінің жау­һарларын жібер­мей оқы­ған көрі­не­ді. Жас­өспірім ке­зінде А.Че­хов, М.Лер­мон­тов, М.Әуезов, С.Сей­фуллин, Ғ.Мү­сі­репов, С.Торайғыров, О.Сү­­лей­­­­ме­н­овпен қатар бү­­кіл Еу­­­ропа клас­сиктерінің шығар­ма­ла­ры­мен сусындаған. «ЖЗЛ» сериясымен шыққан басылымдарды қалт жібермей оқыған. 

– Қарап отырсам, бала ке­зім­нен алда жүруді, тек қана жетек­­ші болуды мақсат етіппін, – дей­ді Сұлтан Картоев, – біреудің со­ңында қалу қанымда жоқ қа­сиет. Қарапайым жұмысшы отба­сын­­да тусам да, бұл қайдан кел­­ген оқы­мысты, белсенді деп жұрт таң­ғалатын. Ата-анасы бол­­­са қара­пайым жұмысшылар, ал баласы көш­бас­шылыққа ұм­ты­­ла­ды. Бұл қа­лай? Тек ұ­зақ жыл­­­дар өткен соң ғана кімге тарт­қанымды түсіндім. Қазақ­­тар жеті атасын түгендеп, ше­жіре тара­тып отыратын неткен ақыл­ды ха­лық десеңші?! Менің көш­бас­шылыққа ұмтылуым атама тартқандығым екен-ау.

– Біз Қазақстанда туып-өс­тік қой. Барлық чешен-ин­гуш от­басы сияқты біздің әу­лет те Қазақстанға жер ау­да­р­ы­л­­­ған. Атам туралы тек 2003 жылы, немерелі болып, ақ­сақал атанғанда ғана естіп таң-тамаша болдым. Маған Ин­гушетия президенті Руслан Аушев­тың «Ингуш  халқының да­ң­қты тұлға­лары» деген жар­лығын көрсетті. Әскерилер деген бөлімнен «Картоев Хазбот Цозгович» деген атам туралы бір жол жазбаны ғана оқыдым, бас­қа еш дерек жоқ. Содан 13 жыл өтті.  2016 жылы Астанаға «Ингуш республикасының ән-жырлары» атты концерттік бағдарламаға шақырды. Онда Ре­сей делегациясымен келген бір жігіт жолығып, «сіздің ағайын­дас бауырыңызбын» деп тан­ыстырды өзін. Атамның марапат қағаздарын, фотодеректерін, бейнежазбаларын және барлық төрт медалін әкеліп көрсетті. Сол кез­­де ғана атамның даңқты адам бол­ғанын түсіндім. Өз ата-тегімді тап­қаныма ерекше қуа­ныштымын. Түрім де атамнан ау­май­­ды екен. Менің көшбасшы болуым осы атама тартқан міне­зім­нен екен. Мен енді Хазбот Кар­тоев тегін мақтанышпен алып жүремін.  Атамды тауып ал­ғаным жүрегіме жылу орнатты. Қиын кезде, көңіліме кір­бің ұялағанда, атамекенім Ин­гушетияны сағынып көңілім босаған сәтте Семейдегі жұмыс кабинетімнің қабырғасында ілініп тұрған атамның портретіне қараймын. Ол маған көмек береді. Сенім мен бақыт сыйлайды. Мен өз шежіремді таптым. Бауырлас қазағыма ризамын.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

СЕМЕЙ