Экономика • 16 Қараша, 2018

Диқандар неге басқа дақылды таңдауда?

1117 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде бидайдан кейінгі стратегиялық маңызы бар экспорттық ауылшаруашылық өнімі мақтаға деген көзқарас кейiнгi жылдары едәуiр төмендеді. Бұл мақта өсірумен айналысатын диқандардың бір бөлігінің пікірі. Әйтпесе егемендiктiң алғашқы жылдарындағы қиыншылық болмаса, мақта саласы ғасыр басынан берi қарай Елбасының қолдауын сезiнiп келедi. Мақта-тоқыма кластерiнің дүниеге келуі, «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағы құрылып, көлiк-логистика орталығының ашылуы, фабрика, цехтар салынып, ғылыми-зерттеу институтының жұмыс істеуі осы мемлекеттік қолдаулардың тікелей көрінісі. «Мақта саласын дамыту туралы» заң да қабылданды. Яғни диқандардың алаңдауына негіз жоқ сияқты.

Диқандар неге басқа дақылды таңдауда?

Көлемін емес, өнімділігін арттыру маңызды 

Шаруалардың «ақ алтынға» деген көзқарасын білмек мақсатта мақтаны мол жинайтын аудандарды аралап қайтқан едік. Мақта алқаптарының көлемі соңғы жылдары қысқара түскені рас. Есесіне аз жерден көп өнім алуға басымдық берілуде. Яғни жыл сайын жиналатын мақта көлемі азайған жоқ. Түркістан облысы бойынша өткен жылы 134,5 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, 330,5 мың тонна шитті мақта жиналған болатын. Ал биыл 132,7 мың гектарға егіліп, 332 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланған.

Облыс бойынша жиналған шитті мақтаны алғашқы өңдеуден өткізетін 23 лицензияланған мақта өңдеу кәсіпорындарының 304 мақта қабылдау бекеттері бар. Негізінен өңделген мақта талшығының 85-90 пайызы Ресей, Белоруссия, Латвия, Литва мен Қытай елдеріне экспортталады. Мақталы аудандар биыл мол өнім алды. Мысалы, Жетісай ауданында 120 мың тонна мақта жиналған. Өнімділік орта есеппен гектарынан 25 центнерден түскен. Ауданда мақта теру науқаны әлі де жалғасып жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіштердің көбею жағына өзгеретіні анық. Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 48226 гектарға мақта дәні себілген.

Түсімділігі жағынан Ж.Ералиев ауыл округінде шар­уалар мақтаның әр гектарынан орташа есеппен 29 центнерден өнім алып озық шығып отыр. Ал аудан бойынша Қарақай ауыл округінің мақташылары ең көп өнім алған. Мұндағы шаруалар 14 198 тонна, Жылысу ауылдық округі 13 783 тонна, Атамекен ауылдық округі 13 502 тонна «ақ алтын» жинап үлгерген. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың ай­туынша, биыл мақтадан соңғы 10 жылда алынбаған өнім жиналыпты. Иә, мақта алқабының көлемі азаюда. Оның негізгі себебі бір гектарға кететін шығынға байланысты. Мысалы, көкөністің 

1 гектарынан 1 млн теңгеге дейін пайда табуға болады. Ал мақтада бұл 300-350 мың теңгеден аспай тұр. Мақтаға кететін шығын көбейіп, берілетін субсидия көлемі азаюда. Яғни диқандар пай­даны көбірек әкелетін дақыл­дарға ауысуда. «Биыл мақта күтімі бойынша әр айда семи­нар өткізіліп, шаруаларға ғылы­ми-зерттеу институты жаса­ған ақпараттық кітапшалар тараттық. Зиянкестермен кү­рес­те негізінен биологиялық тә­сіл қолданылды. Судан да тап­шы­лық болған жоқ. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өнім мол алынды. Мақтаның көлемі азайғанымен өнімділігін арттырып, бүгінгі деңгейде ұстап отырамыз. Өнімділікті арттыру шаруаларға пайда әкеледі.

Біртіндеп басқа дақылдарға көшу де көзделуде. Биыл ша­руалар арасында қауын-қарбыздан гектарына 2-3 млн теңге пайда тапқандар бар. Сонымен қатар бір жерден екі өнім алатындар, яғни ақпан-сәуір айларында орам­жапырақ егіп, жинаған соң орнына мақта егетіндер аз емес», дейді аудан әкімі.

Мелиоративтік жұмыстардың нәтижесінде ауданда жылдан-жылға жер өнімділігі артып келеді. Жердің құнарлылығын арттыру мақсатындағы ПУИД жобалары сәтті жүзеге асырылуда. Сондай-ақ аудан аумағында 210 дренаж қалпына келтірілуде. Жер өнімділігін арттыратын дренаж 3-4 жылдан кейін нәтижесін бере бастайды екен. Мысалы, Жылысу ауылында бұрын мақта гектарынан 15-20 центнерден аспаған, бұл көрсеткіш қазір 35-40 центнерге дейін жетіпті. Аудан әкімінің айтуынша, өндірілген өнімді терең өңдеу мақсатында тиісті жұмыс атқарылуда. Де­ген­мен теміржол, әуежайдың жоқтығы, облыс орталығының алыстығы себебінен де ауданға инвесторлардың келуі қиын. Сондай-ақ қажетті электр қуа­ты­ның жарты бөлігін Өзбекстаннан алатын ауданда жарық та, газ да қымбат. 

Аудан орталығы қайтадан Мыр­закент болып, бұрынғы тарихи қалпына келтірілген Мақ­таарал ауданы алғашқы қиын­дықтарды бастан өткеруде. Мы­салы, Мақтааралдың аты қал­ғанымен заты жоқ. Тура мағы­на­сында айтқанда затының барлығы Жетісайда қалған. Бүгінгі таңда жергілікті әкімдік бұрынғы аудандық партия коми­тетінің тозған ғимаратын жөндеуден өткізуде. Аудан әкімі Бақыт Асановтың айтуын­ша, жаңа әкімшілік орта­лық Мырзакент кентінде және барлық елді мекенде абат­тандыру жұмыстары жүргізіл­мек. Кәріз жүйесін ен­гізіп, көп­қабатты үйлер салу да уақыт еншісіндегі шаруа. Аудан орталығы Мырзакентте 14,5 мың, Атакентте 20 мың адам тұ­рады. Осы ірі екі елді ме­кенде 250 орындық емхана са­лынуда. Жалпы, жер көлемі 80 970 гектарды құрайтын жаңа ау­данда 131 мың 781 халық тұ­рады.

Бүгінде жаңадан құрылған Мақтаарал ауданының даму концепциясы әзірлену үстінде. «Мақта қалдықсыз өнім. Барлық уақытта оған сұраныс болады. Сондықтан «ақ алтынның» өнімділігін гектарына 35-40 цент­нерге арттыру қажет. Сон­да мақташаруашылықтары ұтыл­майды. Шаруашылықтарды мақ­та зауыттарының төңірегіне топтастыру керек. Мақтаны өңдеп, талшық ретінде дайын­даған тиімді. Оған мақта зауыт­тарының мүмкіндігі жетеді. Бүгінде сырттан келген компаниялар мақтаны шикізат күйінде зауытпен келісіп, сатып алып жатыр. Облыс бойынша мақта шикізатының 70 па­йыздан астамы Мақтаарал және Жетісай аудандарына тиесілі болғанымен, өңірде шикізатты әрі қарай дайын өнімге айналдыратын кәсіпорындар жоқтың қасы. Мақтааралда шығатын мақтаның басым бөлігі шикізат күйінде экспортталады.

Ал сол мақтадан 800 түрлі дайын өнім жасауға болады екен. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыты ретінде дайын өнім жасауды және оны экспортқа шығаруды дамытамыз. Осы мақсатта «Айбек» шаруа қо­жа­лығы медициналық мақта өнім­дерінің өндірісі жобасын қолға алды. Сондай-ақ ұсақ шаруа­шы­л­ықтардың бірігіп, іріленуі де маңызды. Аудан көлемінде 7 мыңнан астам ұсақ шаруа­шылық бар. Олардың іріленіп, кооперацияға айналуына қаржы қажет», дейді аудан әкімі.

Ауданда 9 айда 4 мектеп ел игілігіне берілген. Рес­пуб­ли­ка­лық бюджет есебінен Дихан елді мекеніндегі Қажымұқан атын­дағы 600 оқушыға ар­налған мектеп жыл соңына дейін тап­сырылмақ. Түркістан облы­сын­ың ең қиыр оңтүстік нүктесіндегі Мақтаарал ауданы 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр.

Еткен еңбек пен төккен тер ақтала ма?

Жетісай және Мақтаарал аудандарымен салыстырғанда көршілес дерлік Шардара мен Келес аудандарында мақта алқабы көп қысқарған. Бұл аудандарда негізінен басқа дақылдарға басымдық берілуде. Мақталы аудандардағы диқандардың егіншілікті нәсіп көріп отырған өңір тағы бірер жылда мақта егуден бас тартуы мүмкін деген мағынадағы пікірінің негізі де осындай жәйттерден туындаса керек. Иә, «ақ алтын» төңірегінде түйіні тарқамаған түйткіл де, көп тер төгуді қажет ететін қиындығы да жоқ емес. Жаз мезгілінің алғашқы айы басталысымен шаруалар қолдарына кетпен алып, жаппай мақта алқабын зиянкес шөптерден тазалауға кіріседі. Бір маусымда 3 қайтара шабық шабылуы мүмкін. Түрлі зиянкес жәндіктен қорғану, уақытында суару да шар­уалар үшін оңайға соқпайтын іс.

Көптеген диқандар мемлекеттік субсидияны азсынады. Мақта жинайтын арнайы комбайндар тапшы. Жинаған өнімдерінің 20-25 пайызын мақта қабылдау пункттері шығын ретінде қыс­қартып тастайтынын айтушылар да бар. Ал қол күші тіптен тапшы. Осындай деректерді алға тартқан диқандар мақта еткен еңбек пен төккен тер­ді ақтамайтынын айтады. Мақ­та 200-500 гектар жері бар ша­руа­шылықтар үшін табыс әкелер, ал 5-6 сотық жері бар шаруа үшін едәуір салмақ. Сол себепті шаруа иелігіндегі жерді басқа мақсатқа жұмсайды немесе жалға береді. Жуып-тазалаумен ғана айналысатын мақта зауыттары терең өңдеуге қауқарсыз.

Жалпы екі ау­данда 14 мақта зауыты бар бол­са, оның 13-і жекеменшік иелі­гінде. Зауыттардың 5-еуі Мақ­та­арал, 7-еуі Жетісай ауданын­да орналасқан. Айтпақшы, қуат­ты­лығы 60 мың тонна мақта шикі­затын таза­лайтын зауытты Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі аукцион арқы­лы сатқан. Алайда сатып ал­ған кәсіпкерлер жұмысын дұрыс жүргізе алмай, банкротқа ұшы­рат­қандықтан тоқтап тұр.

Мамандардың мәлімдеуінше, елімізде өндірілетін мақта тал­шығын экспортқа шығарып, сату­дан қыруар қаржы түседі. Өн­дірілген мақта талшығы терең өң­деліп, дайын бұйым ретінде са­тылса, бұл қаржы мақтаны ши­кізат күйінде сатқаннан 7 есе ұл­ғаяды. Ал өндірілген мақта тал­шығын тереңдетіп өңдеу бары­сында 1 мың тонна талшық 100-110 қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді екен. Қазақ мақташаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институтының ға­лымдары бүгінде жоғары өнім беретін шетелдік жаңа мақта сұ­рыптарын шығару үшін ізденіс үс­тінде. Ғалымдар, сондай-ақ ал­дағы уақытта облыс бойынша мақ­та өнімділігін гектарына 30 цент­­нерге дейін жеткізуге күш са­лып, өңір брендіне айналған «ақ ал­тын­ның» берекесін арт­ты­руға жұ­мыла кірісу қажет деп есептейді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы