Бизнес • 19 Қараша, 2018

Бөдене шаруашылығының бәсі жоғары

1284 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде кәсіптің қай түріне болса да мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар.Өнімді экспортқа шығаруда да мемлекеттің тигізер пайдасы көп. Елбасы биылғы Жол­дауында экономиканы дамыту, экспортты ұлғайту арқылы табыс көзін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға болатынын айтты. Тек ерінбейтін еңбек, жалықпайтын іскер­лік болса болғаны.

Бөдене шаруашылығының бәсі жоғары

Біраз жылдан бері Жамбыл облы­сының Меркі ауданында Бахадир Әдізбаев бөдене шаруашылығымен айналысып келеді. Қазір шаруаның тірлігі тіктеліп, жұмысы нәтижелі болып отыр. Көп жағдайда кейбір шаруалар бөденені аулада асырау­мен ғана шектеледі. Алғашқыда Әдізбаевтар отбасы да бөдене жұ­мыртқаларын емдік қасиеті үшін ғана аз мөлшерде пайдаланыпты. Жалпы, бөдене жұмыртқалары балалардың денсаулығына пайдалы болғандықтан, шаруа бөдене өнімдерін күнделікті балалар тағамына қосуды әдетке айналдырады. Кейіннен 30 бөдене сатып алады. Ақыры тәуекелге бел буып, шағын  кәсіппен айналыса бастайды. Содан бері төрт жыл уақыт өтіп, Бахадир өңірдегі табысты кәсіпкердің біріне айналды.

– 2014 жылы 30 бас бөдене са­тып алдық. Уақыт өткен са­йын оның еті мен жұмыртқасына сұраныстың артқанын байқаған соң 50 бөденеге дейін жеткіздік. Бөдене жұмыртқаларында бі­регей, толыққанды ақуыз өнімі    әл­де­қайда көп. Ақуыздан басқа майлар мен көмірсулар, сондай-ақ адам ағзасы үшін ең пайдалы В1, В2, В5, В6, В12, Е, А, D дәрумендері және никотин қыш­қылы бар. Сондықтан да пайдалы жұмыспен айналысу керек деген ниетпен осы кәсіпті бастадым, – дейді шаруаның өзі. 

Мамандардың айтуынша,­ бөдене жұмыртқасының құра­мында темір, фосфор, калий бір­неше есе көп болады. Сонымен қа­тар мұнда кальций, магний, мырыш, кобальт, марганец, мыс, сондай-ақ алмастырылмайтын амин қышқылдары метионин, лизин, глицин, тирозин, триптофан сияқты пайдалы дәрумендер бар. Бұл қуықасты безінің, жү­ректің, бауырдың, бүйректің, асқазанның, ұйқы безінің және басқа да өмірлік маңызы бар аурулардың алдын алады. Қазіргі кезде көптеген дәмханалар мен мейрамханаларда да келушілерге түрлі тағамдармен бірге бөдене жұмыртқасы ұсынылады. Тіпті бұл ас түрін арнайы тапсы­рыс беріп жейтіндер де жиі кез­деседі. Ал қалалық жерлердегі үл­кен маркеттер мен шағын дүкен­дер­­ге бас сұға қалған жағдай­да да бөдене жұмыртқасы ал­ды­мыз­дан шығады. Және бө­дене жұмыртқалары балалар таға­мында да тиімді пайдаланылады.  
­Шаруашылық әуелі «Несуш­­­ка» инкубаторын сатып алып, оның көмегі арқылы инкубация­лық әдіспен жұмыртқаның шыға­рылуын 70 пайызға жеткізіпті. Бүгінгі таңда шаруашылықтың қуат­тылығы 1100 бас бөдене ұс­тауға дейін жетеді. Сонымен қа­тар, кәсіпкер өзі асырап отырған бөденелерден ай сайын 27 000 жұмыртқа және 20 килограмм ет алады. Бөдене жұмыртқалары мен етіне сұраныстың артуына бай­ланысты шаруа 10 000 бас құс сыятын ферманың құ­рылысын бастапты. Жобаның құны 20 миллион теңгені құрайды. Аталған ферманы ағымдағы жыл­дың төр­тінші тоқсанында пай­далануға беру жоспарлануда. Бұл ферма жоспар бойынша жартылай автоматтандырылып, 10 адамға дейін қосымша жұмыс орындары ашылатын болады. 

Жамбыл облысын ет, сүт, жұ­­мыртқа секілді өнімдермен қам­тамасыз етіп отырған шаруа­шылықтар баршылық. Олар өнім­дерін экспортқа шығару мә­селесінде де айтарлықтай көр­сеткішке қол жеткізіп келеді. Ба­хадир өсіретін бөдене құсы өнімінің 80 пайызын Жамбыл облысы тұтынса, қалған 20 пайы­зы шет мемлекеттерге экспортталады. Биылғы жылдан бастап бөдене өнімдеріне көрші Қырғызстаннан да сұраныс түсіпті. Енді айыр қалпақты ағайынның еліне ай сайын 5000 дана жұмыртқа экс­портқа шығарылатын болады. Мұның бәрі де отандық өнімнің жоғары сапасын көрсетіп қана қоймай, еліміздегі кәсіпкерлікке деген кең өрісті айғақтайды. 

Әр кәсіптің өзіндік қиындығы бар. Алайда нәтижеге қол жеткі­зу мақсатында кәсіпкердің еңбек­қор­лығымен қатар, табанды­лы­ғы да керек. Бахадир Әдізбаев бө­де­ненің жұмыртқасы мен етін нарық­қа шығару мақсатында 30-дан астам сауда нүктелерімен ке­лісім­шарт жасап қойыпты. «На­рыққа жаңа қадам басқан ша­руашылықтың өңірде кеңі­нен танылуына және өнімге деген сұраныстың артуына­ «Қазақ­станның үздік тауары-2018» көр­ме-байқауы ықпал еткенін ай­тар едім. Мемлекетіміздің осын­дай орасан қолдауының арқасында кәсібім дөңгеленіп келеді. Сондай-ақ, өнімнің сапасы мен бағасы және табиғи ерекшелігі де көптің көңілінен шықты деуге болады. Осы мақсатта жұмысты әрі қарай жалғастырып, тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етуді жалғастыра береміз», дейді кәсіп­кер. Сонымен қатар, келешекте құс­тарын көбейтіп, сол арқылы экспортты арттыру да жоспарда бар екен. 

Бөдене бағудың бейнеті көп болғанмен, қазір кәсіптің сұра­нысқа ие түрінің бірі осы болып тұр. Бахадир Әдізбаев тынымсыз бейнеттің зейнеті де болатынын айтады. Нәсібін кәсібінен тауып отырған шаруаның алдында әлі талай мақсат пен талай жоспар бар. Тек мақсат пен мұратқа ең­бек қана жеткізетінін түйсінген ол сапалы өнім арқылы отандық кәсіпті одан әрі дамытқысы ке­леді. Сонда ғана істің берекесі ар­тып, кәсіпкерлік кең өріс ала түспек.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы