Қазақстан • 19 Қараша, 2018

Ауғанстанның арланы Рохулла Никпай

579 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауғанстан елдегі саяси және экономикалық жағдайдың аса күрделілігіне қарамастан, ара-тұра өз спортшыларын халықаралық жарыстарға жіберіп тұрады.

Ауғанстанның арланы Рохулла Никпай

Мәселен, бұл мемлекеттің өкілдері жазғы Олимпия ойындарында 13 мәрте бой көрсетіп, 100-ге жуық өрен бақ сынаған екен. Байрақты бәсекеде қол жеткізген бар табысы – қос қола медаль. Сол жүлденің екеуі де таэквондо шебері Рохулла Никпайға тиесілі. Ал сол саңлақ жайында біз не білеміз? 

Спорттық додаларда ауған хал­қының абыройын асқақтатып жүрген Рохулла Никпай хазар ұлтынан. Ол 1987 жылы Вар­дак өңірінде дүниеге келіп, кейін­нен ата-анасымен бірге Кабул­ға көшеді. Сол жерде жүріп, таэквондоның қыр-сырына қаныға бастайды. Талибтер билікке келген тұста Никпайлар отбасы Кабулдан кетіп, ирандықтар құрған босқындар лагерінен пана табады. Арада біраз жыл өтіп, Ауғанстандағы шиеленіс біраз оңалғаннан кейін олар астанаға оралады. Өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік алған Рохулла спорт залын жағалап, жаттығуын қайта бастайды. 

Шыны керек, «Байтал түгел бас қайғы» болған заманда спортты дәріптеп, бұл өнермен бар ынта-ниетін салып, күш-қуатын сарп етіп шұғылданатын адам табыла қоймайтыны анық. Жан-жағыңда қынадай қырылып, қан жылаған халық, атыс пен шабыс, зорлық пен зомбылық, жетімдер мен жесірлер, ашқұрсақ адамдар... 

2004 жылы Афина Олим­пиа­дасында сәтсіздікке ұшырған Рохулла Никпай 2008 жылы Бей­жіңде алауы тұтанған додаға кере­мет даярлықпен келді. 58 кило салмақ дәрежесінде өнер көр­сеткен ол қола медальды кеудесінде жарқыратты. Осылайша, бұл жігіттің есімі Олимпия ойындарында жүлде алған Ауғанстанның тұңғыш спортшысы ретінде тарихта қалды. 

Кабул әуежайынан күтіп алған саң мың халық қаһарман ұлға ерекше қошемет көрсетті. Ауғанстанның сол кездегі пре­зи­денті Хамид Карзай хан сарайындай үй сыйлап, темір тұлпардың кілтін табыс етті. Жамағаттың алдында сөз алған Рохулла: «Отыз жыл бойы қандыбалақ соғыстан көз ашпай, қан жылап, қара жамылып отырған халқына қуаныш сыйлап, игілікті бір іс тындыру – Ауғанстанның әрбір саналы азаматтың ас­қақ арманы. Менің де мақсатым сол еді», – деп көз жасын бір іркіп алды.

2012 жылы Лондонда алауы тұ­танған Олимпия ойындырында жанкешті жігіт дәл сол нәтижені қайталады. Сөйтіп Никпай Олимпия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Со­нымен қатар Рохулла 2012 жылы Кенжуде өткен әлем чемпио­натында қола медальді иеленсе, Азия біріншілігінде үш рет жүл­дегерлер қатарынан көрінді. Таэквондошылары былай тұрсын, Ауғанстандағы басқа да спорт түрі өкілдерінің ешбірі дәл осын­дай орасан зор табысымен мақта­на алмайды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»