Қаржы • 20 Қараша, 2018

Энергетика саласына цифрлы технологияларды енгізу маңызды

636 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2009-2015 жылдары энергетика саласындағы монополист ком­панияларға коммуналды қызметтердің құнын көтеруге рұқ­сат берілді. Оның себебі, сала­дағы ескірген нысандарды жөн­деуге қосымша қаражат тарту еді. Алайда, монополистер бұл ақшаға жөндеу жұмыстарын жаса­мағаны белгілі болды. Осы­лайша қазіргі таңда энергия­мен қамту саласында күн тәрті­бінде екі мәселе пайда болды. Бірі – тариф­тің қымбаттығы, екіншісі – элек­тр өндіретін нысандардағы құрыл­ғылардың тозуы.

Энергетика саласына цифрлы технологияларды енгізу маңызды

Алғашқысын шешу үшін күні кеше Мемлекет басшысы тарифтерді жаппай арзандатуды тапсырса, екінші мәселеге оңайлықпен шешім табылмайын деп тұр. «Тарифті қымбаттату арқылы жөн­деу жұ­мыстарын жасаймыз» деген сылтау ен­ді өтпейді.  

Электр тарату нарығында бәсекелестік жоқ

Қазіргі таңда электр энергиясындағы тариф саясаты нарықтық заңдылықтарға қайшы, шағын және орта бизнестің өркендеуіне тосқауыл болып тұр. «Астана-Энергия» АҚ менеджері Күнзада Саттықованың айтуынша, бүгінде өзгертіліп жатқан тарифтер қағаздағы цифрларды манипуляциялаумен ғана шектеледі. Тарифті бекіту кезінде табиғи монополия субъектілерінің техникалық сараптамасы, шаруашылық қызметтердің талдауы жоқ. Нәтижесінде қолданыстағы тарифтер өзін-өзі ақтайтын болса да, бәрібір тариф кезекті рет көтеріледі. 

Сонымен қатар мемлекет тарапынан табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік деңгейіне бақылау да жоқ. Соның нәтижесінде кей моно­полистердің асыра пайда табуы қазір қалыпты нәрсеге айналған. 

Тариф қымбаттығының тағы бір себебі, энергия таратушы компа­ниялар арасында бәсекелестіктің жоқтығы. «Ақырғы тұты­нушы­ны энергия­мен қамтамасыз ететін таратушы ком­па­ниялардың негізгі қожайындары табиғи монополиялар нысандарының басшы­лығы және таратушы компанияларды мемлекет бекітеді. Осыдан кейін бұл са­лада қайдан бәсекелестік болсын», дейді К.Саттықова. 

Энергиямен қамтамасыз етуші ұйымдар стансамен тікелей келі­сімге отырып, халыққа өздер­інің бағасын айтады. Бұл тұтыну­шы­ларға жалғыз ғана таңдау қалды­рады. Мұның үлкен мысалы – «Астана­энергосату» ЖШС. Бұл компа­ния Астана қаласында электр тарата­тын жалғыз компания деуге болады. Бұл өз кезегінде Үкіметтің 2009 жыл­дың 3 сәуіріндегі №465 «Электр энергиясындағы нарықтық қатынас­тарды ары қарай жетілдіру тұжы­рымдамасы» Қаулысының негізгі мақсатына қайшы келеді. Бұл қаулының негізгі мақсаты электр энергиясы нарығындағы кө­тер­ме және бөлшек саудадағы бәсе­келестік баға бекітудің ашықтығын қамтамасыз ету болатын. 

Құнды қағаздар шығару арқылы дамытуға болады

Жалпы, энергия өндірудегі профициттің басты себебі өндірістегі құрылғылардың ескілігі екені жасырын емес. Мамандардың пікірінше, ескі құрылғыларды жаңартып, өндіріс қуаттылығын арттыру үшін құрылғыларды жөндеуге инвестиция тартуды инвесторларға тартымды ету керек. 

Осы орайда, «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс және активтерді бас­қарушы директоры Серік Түтебаев елдегі энергиямен қамту саласын тиімді жүйеге келтіру үшін электр энергиясына биржалық сауданы енгізу қажеттілігін атады. Яғни электр стансалары бәсекелестік ортаға шығарылып, энергия таратушы компаниялар энергияны сатып алу мен халыққа таратуда нарықтық жолмен жұмыс істеуі керек. 

«Қазақстанның электр энергиясы қауымдастығы» басшысы Шаймерден Оразалинов та бұл тұрғыда энергетика нары­ғын­дағы компаниялардың құнды қағаздар шығарып, салаға мем­лекеттің араласуын азайтып, электр энергиясының саудасында таза нарықтық жолды ұсынады. «Ұлттық экономика министр­лігінің хабарлауынша Қазақстан экономикасының нақты өсімі алда­ғы уақытта жылына 6-7 пайыз­ды құрайтын болады. Демек, 2030 жылы Қазақстандағы электр энер­гиясына сұраныс 144,7 млрд КВт-ты құрайды. Бұл дегеніңіз қазір­гіден 58 пайыз артық. Олай болса, салаға үлкен реформа керек», дейді қауымдастық басшысы. 

Атап айтар болсақ, 2030 жылға дейін арнайы салалық бағдарлама қабылдап, онда электр өндіруші нысандардағы құрылғылардың тозу мәселесін шешудің баламалы жолын ұсынады. «Тозған құрылғыларды та­риф­ті көтеру арқылы жөндеу мүм­кін емес. Жаңа қаржыландыру көз­дерін іздеу керек. Мысалы, бағалы қағаздарды шығарып инвестиция тартуға болады», дейді маман. 

Жаңа технология мен 

оны білетін маман керек

1991-2016 жылдар аралығында Қазақстанның электр энергетикасын реформалау барысында ғылы­ми-техникалық мамандықтардың маңыз­дылығы ұмыт қалды. Жыл сайынғы реформа мен басшы­лықтағы адамдарды ауыстыру кезін­де электр энергиясы сала­сын­дағы компаниялардың бас­шылы­ғына ин­женерлер емес, саладан мүлде хабары жоқ топ-менеджерлер келді. Бүгінде сала­дағы кейбір келеңсіздіктердің бір себе­бі де осы «ма­ман­дардың» білік­тіліктерінің төмендігінен көрінеді. 

Жалпы, бұл саладағы мамандарды дайындауда құрылғы жасау, электр қуатын өндіру мен таратуда жоғары технологиялық машықтар керектігі жасырын емес. Ал соңғы кездегі автоматтандыру мен цифрлы өндіріске көшу кезінде жаңа технологияны білетін сала мамандарына сұраныс тіпті артатыны анық. 

Сала мамандарының айтуынша, қазірден бастап энергетика саласына цифрлы технологияны енгізуге қажеттілік жоғары. Цифрлы қосалқы станса дегеніміз − электр энергиясын есептеу, тарату мен қорғауда бірыңғай ақпараттық желімен қамтамасыз етілген қосал­қы стансалар. Мұндай жаңа техно­логия энергияны тиімді тарату мен есептеуге және қауіпсіздікке кепілдік береді. Цифрлы қосалқы стан­салар сонымен қатар монтаж бен реттеу жұмыстарын 50 пайызға, күтіп-ұстау шығындарын 15 пайызға азайтып, қашықтықтан 100 пайыз жедел қосылуға мүмкіндік бере­тін ақпаратты технологиямен қам­тамасыз етілген. Ең бастысы, цифр­лы технологияны енгізгенде қосалқы стан­салар максималды жұмыс істей­ді екен. 

Бауыржан МҰҚАН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар