Тарих • 20 Қараша, 2018

Әмина Өмірзақованың ғасыр тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланады

722 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Келер жыл мәдениет пен өнердің айтулы оқиғаларына то­лы жыл болады­ деп күтілуде. 2019 жыл­дың осын­­дай атаулы оқиғаларының бірі – Қазақстанның халық әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр өнерінің саңлағы – Әмина Өмірзақованың ғасыр тойы.

Әмина Өмірзақованың ғасыр тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланады

2019 жылдың 8 наурызында туғанына 100 жыл толатын әйгілі актрисаның мерейтойын тойлау мен ғибратқа толы ғұмырын еске алу шараларын ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы шешім қабылданды. Осыған орай жаңа жылдың басынан-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ел тарихында тұңғыш рет театр және кино саласы әртісін еске алуға бағытталған мәдени іс-шаралардың ЮНЕСКО көлемінде ұйымдастырылуы жоспарлануда. 

Өз дәуірінде сахнаның саңлағы, экранның еркесі атанған Әмина Ерқожақызы өнер жолын  Шымкент театры сахнасынан бастап, 1949 жылдан өмірінің соңына дейінгі жарты ғасырдан астам ғұмырын Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының өркендеуіне арнады. Көптеген кинофильмдер мен театр қойылымдарындағы талғампаз бейнелері арқылы халық жүрегінен өшпес орын алды.

Қалың көрермен есінде сахна мен экранда кескіндеген қайталанбас аналар образы галереясын жасаған жарқын бейнесі арқылы сақталған өнер иесінің шығармашылығы шынайылығымен құнды.  70 жылға жуық сахналық ғұмырында бір-біріне ұқсамайтын ойлы да мазмұнды 150-ден аса рөлдің авторы атанып, бейнелілік биігінен көрінген актрисаның өнер әлемінде өрнектеген өнегелі жолы қай кезде де көрушісін бей-жай қалдырып көрген емес. Аңыз актрисаның ғасыр тойының ЮНЕСКО көлемінде тойлануы жөніндегі игі бастама – ұлттық өнеріміздің жарық жұлдызы құрметіне жасалған мәңгілік ескерткіш деп білеміз. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»